Сарғая күткізген сары автобус
Биыл оқу жылының алғашқы айында облыс әкімдігі ғимаратының маңында қаздай тізілген сары автобустардың кілті облыстағы 15 мектепке салтанатты түрде табысталған еді. Алғашқы лекте қуанышқа кенелгендердің қатарында 7 аудан мен қаланың 8 мектебі болды. Артынша тағы да 8 автобус облыс орталығындағы мектептерге берілді. Бұрын кинофильмдерден көріп жүретін америкалық сары автобустардың баламасы бізге де келіп жеткеніне бөркімізді аспанға атып қуандық.
Жалаулатқан жарнама
Алматыда құрастырылып, халықаралық стандартқа сай делінген сыйымдылығы 36 оқушыға арналған көліктердің қыркүйек айында пайдалануға берілетіндігі тамыздағы Үкімет отырысында да айтылып еді. Автобус «ерекше» балаларға арналған көтергішпен, бейнебақылау камерасымен, «stop» батырмасымен, салқындатқыш және жылыту пешімен жабдықталған.
«Тойдың болғаны-нан боладысы қызық» демекші, жұртшылықтың жағымды жаңалыққа қуанып, игілікті істің басы-қасында жүрген ел азаматтарына алғысын жаудырғанын көз көрді. Тіпті, бірнеше мектеп ұжымы дабылдатып жеткен көлікті шашу шашып қарсы алып, оқушылар жапатармағай сары автобусты шыр айналып шат-шадыман күйге бөленген еді. Жасыратыны жоқ, әлеуметтік желілерде «жарнамасын» да асырды.
Бүгінде сол мақтаулы көліктердің көпшілігі мектеп ауласында қаңтарылып тұр екен. Кейбір мектептер ескі көліктерін лекерлеп жүріп жатыр.
Былтыр облыс оқушыларын тасымалдаған 49 автокөліктің қатарын толықтырады деп күтілген 23 автобусты сатып алу үшін облыстық бюджеттен 1,4 миллиард теңге бөлінген. Олардың 2023-2024 оқу жылында шалғай 60 елді мекенде тұратын білім беру мекемелеріндегі 4561 оқушыны тасымалдау үшін алынған еді.
Ескі көлік, мардымсыз жалақы
Естеріңізде болса, әлеуметтік желілерде жаңа оқу жылының басында Атырау ауылдық округіне қарасты Жаңаталап ауылындағы Жамбыл атындағы орта мектептің оқушыларын таситын ескі автобустың артқы екі дөңгелегінің бірі жоқ екенін көрген жұрт балалардың қауіпсіздігіне алаңдаушылық білдірген болатын.
Қайыршақты ауылдық округіне қарасты Талқайраң ауылындағы тозығы жеткен «Газель» көлігін ілдалдалап жүргізіп жүрген зейнет жасындағы жүргізуші де ата-аналардың жиі шағымынан соң жұмыстан өз еркімен шығып кеткен. Ата-аналардың айтуынша, көзінің көруі нашар жүргізуші таңертең мектепке бара жатқан баланы басып кете жаздаған. Енді мектеп әкімшілігі зейнет жасындағы жүргізушілерді қабылдамайтынын айтып «безілдеп» отырған көрінеді.
Мектептегі көлік жүргізушілерінің еңбекақысы ең төменгі жалақыдан басталатынын ескерсек, мардымсыз ақшаға жұмыс істегісі келетін азаматтардың қарасы көрінбейді. Мойындау керек, облыс мектептеріндегі көліктің дені ескі, жүргенінен тұрғаны көп.
Мектепке барудың машақаты
Осы жағдайға шағымданып жүрген ата-аналар енді балаларының мектепке баруы «экстримге» айналғанын айтады. Мұндай кезде қоғамдық көліктің жүргізушілері де оқушыдан төлем кәртішкесін талап етіп қадалып қалатыны, қақаған қыста автобустан түсіріп кету, баланың автобусқа қарай жүгіріп келе жатқанын көрсе де байқамағандай тастап кетуі жиі орын алып жататын жағдай. Әсіресе, қазіргідей күн суытқан мезгілде дабыл қағып жатқан тұрғындардың уәжі де орынды.
Қаладағы «Бірлік» шағынауданының тұрғыны Нұрислам Құспанғали Алатау баурайынан жеткен автобустарды кермеде тұрған сәйгүлікке, енді бірде көрмеге қойған мүсінге теңейді. Әйтеуір сары күзді сары автобустың қызығын көрмей өткізгенін ашына айтқан әке базынасын былай жеткізді.
– «Бірлік» шағынауданына №54 бағыттағы қоғамдық көлік қатынайды. «Дина» базарынан шығады да, шыр айналған қалпы сол базарға қайтып келеді. Бұл балалары Б.Нысанбаев атындағы мектепте оқитын ата-аналарға қиындық туғызып отыр. Өйткені, үйге қайтуға көлік болғанмен, автобус қайтар жолында мектепке соқпай, басқа бағытпен кетеді. Ал таңғы сағат 8-де басталатын сабаққа баруы тиіс бірінші сыныптың баласын суық күнде сүйретіп, екі шақырымдай жердегі білім ордасына жаяу апару машақат. Күн сайын алты-жеті жасар баланы таңғы сағат алты жарымда ұйқысынан оятып, одан жаяу жүргізіп қоятындай бізге не көрінді, құзырлы мекеме басшылары бұған не айтады?! Әрине, бала үшін ата-ана ештеңе аямайды, таңертеңгілік 500-600 теңгесін таксиге төлеп отырғызып жүргендер де бар. Бірақ ондай шығынды барлығының қалтасы көтере бермейді ғой. Сары автобусты таңда бастауыш сыныптың балаларын жинауға шығарып немесе №54 бағыттағы қоғамдық көлікті қарсы бағытта қатынайтындай жағдай жасаса мәселе шешіліп кетер еді, — дейді шағынаудан тұрғыны.
Құжаттың жыры біте ме?
Талай рет облыс атқамінерлері қатысқан кездесулерде мектептерге автобус беру мәселесі жиі көтеріліп, енді сол мәселенің шешімін тапты-ау дегенде үш айға жуық сергелдең көңілді күпті етіп отыр. «Елде құрастырылды» деп ауыз толтырып айтқан автобустар құжаттарының кешеуілдеуі балалардың қуанышын су сепкендей басты.
Кілт тапсырған салтанатты жиында оқушылардың тиісті деңгейде білім мен тәрбие алуы үшін жағдай жасап, қауіпсіздігін қамтамасыз ету керектігі, көліктердің қазіргі қажеттілікті өтейтіні сенімді түрде айтылған болатын.
Бүлдіршіннің балабақшаға баруынан бастап, мектеп қабырғасында сапалы білім мен саналы тәрбие алуына қолайлы орта қалыптастыру қажеттігі бесенеден белгілі. Бәсекеге қабілетті ұлтты дайындауда, осы арқылы адами капиталды дамытуда мектепке артылып отырған жауапкершілік те жоғары. Ендеше сағызша созылған құжат ресімдеудің ретке келер күнін тұрғындар асыға күтіп жүр. Егер Атырау өңіріндегі демографиялық көрсеткішті ескерсек, жыл сайын оқушылар саны көбейіп, көлікке сұраныс арта түседі. Мұны ешкім де жоққа шығармайды.
Құзырлы органның өкілдері жаңа көліктердің жүрмей тұруын автобустардың сақтандыру құжаттары дайын болмауымен және жанар-жағармай мәселе-сінің шешімін таппауымен байланыстырып отыр. Егер осы мәселе үйлессе, автобус жүруге дайын көрінеді.
– Көліктердің техникалық төлқұжаттары мен мемлекеттік нөмірлері берілді. Халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы бұл жұмыстар ұзаққа созылды. Өйткені, орталықтағы жаңа жүйе Қазынашылық департаментінен өткен түбіртектерді қабылдамайды екен. Содан ескі база арқылы қайта отырғыздық. Ол жерде тек біз емес, облыстың басқа да тұрғындары кезекте тұрады. Бір нөмірді алу бірнеше күнге созылады. Сосын көлікке сақтандыру полюсін ресімдеу үшін мемлекеттік порталға салынды. Осы процесс созылып жатыр. Жақында дайын болуын күтіп отырмыз. Осылайша әр құжатты ресімдеу бірнеше күнге созылады. Әйтпесе, күн райының салқындауына байланысты оқушылардың жаңа автобуспен қатынауын біз де құп көріп отырмыз, — деді облыстық білім беру басқармасының маманы бізге берген жауабында.
Бұған байланысты кедергілер де, сылтаулар да таусылар емес. Ал, оқушылар сағындырған сары автобусты сарыла күтіп жүр.
Алмас ҚАБДОЛОВ
*Айтарым бар…
– Еркінқала мектебінің жаңа автобусы қашан шығады? «Бірінші күні шығады» деумен неше бірінші күн өтті. Балалар қысылып, қара терге түсіп келеді. Сосын салқын тигізіп ауыртып алып жатамыз. Жауапты адамдар бар ма, бұл қашанға созылады?..
Ерікқали Сейітқалиев,
Еркінқала ауылының тұрғыны
– Махамбет ауылына берілген көлік те тұр. Үнемі көліктің жоқтығынан дау-шар болып жатады. Балалар ауыл арасына қатынайтын қоғамдық көліктерге мініп келеді. Халықтың игілігіне пайдалану үшін берілген соң тезірек құнттау керек деп ойлаймын. Көлікті «кәдесый» ретінде сақтап қойғаннан не пайда? Мемлекет тарапынан беріліп жатқан соң барлығы заңды түрде, ыждағаттылықпен берілуі керек емес пе?!
Тарас Түкешов,
Махамбет ауылы