Жарнама
Жаңалықтар

САРБАЗДАР САПЫ ОСЫНДА ДА ДАЙЫНДАЛДЫ

 

 

Қайдасыңдар, түлектер

Осы училищені қысқа мерзім ішінде екі жүзден астам атыраулық бітіріп, майданға аттанды. Олар майданда ерлік көрсетіп, кейін Атырау өңірінде еңбек майданында да өздерін көрсете білді.

Бүгінде училищенің тарихына қатысты бірде-бір құжат облыстық мұрағат қорында болған жоқ. Сонымен қатар, облыстық, қалалық әскери комиссариаттың мұрағаттарында да ешқандай құжаттар сақталмағаны зерттеу жұмыстары барысында анықталды. Себебі, соғыс жылдары Гурьев облысы Оңтүстік Орал әскери округі қарамағында болған еді. Округтің штабы Чкалов (Орынбор) қаласында орналасты. Кеңес Одағы кезінде бүкіл жауынгерлік әскери құжаттар Мәскеу маңындағы Подольск қаласындағы әскери мұрағатта сақталды.

Училище тарихын зерттеуде ерекше атап өтетініміз, училище түлегі, ІІ дәрежелі Отан соғысы мен Еңбек Қызыл Ту ордендері және «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалінің иегері В.Ф.Ладейщиковтің «Младший лейтенант пехоты» (Москва, ЮниПресс ИК, Москва, 2012, стр. 477) еңбегі болып табылады. Бұл кітаптың құндылығы училищеде оқыған және майдан даласында ерлікпен қаза тапқан  жерлестеріміз туралы мәліметтердің болуы. Автор өз еңбегінде Ресей Федерациясы (РФ) Қорғаныс министрлігінің мұрағатында Гурьев жаяу әскер училищесі туралы формулярдың да жоқ екендігін назарға алады. Училищенің құрылуы мен таратылуы жөніндегі бұйрықтардың мәтіні де сақталмағаны өкінішті-ақ. Сонымен қатар, курсанттардың училищені аяқтағаны, оларға офицерлік шен берілгендігі туралы бұйрықтар да толық сақталмаған.

Қалалық әскери комиссариаттың мұрағатында сақталған тізімде 1942 жылдың наурыз, сәуір айларында майданға шақырылған 22 жерлесіміздің осы училищеге оқуға жіберілгені анықталды. Атыраулық училище түлектерін анықтау жұмыстары жалғаса беруі қажет деген пікірдеміз, «соғыстың соңғы жауынгері Жер-Ана құшағына тапсырылмайынша соғыс аяқталмайды» деген қағиданың өміршеңдігі жалғаса бермек.

 

Училище бастауында…

1942 жылдың 26 ақпанында КСРО Қорғаныс Комиссариатының Кадрлар жөніндегі бас басқармасының №0106 бұйрығымен Гурьев жаяу әскер училищесі құрылды. Ал, 2 наурызда Гурьев облысы атқару комитеті қалада әскери училищені орналастыру жөнінде №102 арнайы шешім қабылдады. Облыстық атқару комитетінің арнайы шешімінде училищеге ғимараттар, оқу-жаттығу, нысана ату алаңдарына арнайы жер телімін беру және шаруашылық жүргізу үшін полигон бөлу жөнінде мәселе де қарастырылды. 1942 жылдың басында қалаға училище бастығы, командалық-оқытушылар құрамы келіп жетті. Жаңа ашылатын училищенің негізгі әскери мамандары Одесса жаяу әскер училищесінде қызмет еткендер мен оны бітірген түлектері еді.

Гурьев жаяу  әскер училищесін құру міндеті полковник Н.С.Богданов пен комиссар И.С.Нифонтовке жүктеледі. Училищені ашу жұмыстары күрделі жағдайда жүрді. Оның басты себебі қалада әскери училищеге лайықты ғимараттар табу қиыншылықтар келтірді. Училищеге №44 мектеп, бұрынғы партия курсы тыңдаушыларының жатақханасы, мұғалімдер үйі, облыстық автобасқарманың бөлмесі, өкпе аурулары ауруханасы, қалалық әскери комиссариаттың 1-ші қабаты, сутранспорты вокзалы, екі қабатты Ленин атындағы мектеп, Куйбышев атындағы орта мектебі, мұнайшылар клубының оң жақ қанаты және «Қазақмұнай» комбинатының асханасы бөлініп берілді. Дегенмен де, училище бастығы, полковник Н.С.Богданов, комиссар И.С.Нифонтов, материалдық-техникалық жабдықтау бөлімі бастығының орынбасары, подполковник Яралов және Оңтүстік Орал әскери округінің 1-ші рангалы әскери технигі Зорин округтік интендант генерал-майоры Финогеновке облыстық атқару комитеті тарапынан пәтер қорымен көмектесу жеткілікті дәрежеде еместігін баяндаған.

Наурыз айында Оңтүстік Орал әскери округі басшылығының әскери бөлімдерде қосалқы шаруашылық құру туралы бұйрығы шықты. Училище бастығы Н.С.Богдановқа училище құрамын өзін-өзі азық-түлікпен қамтамасыз ету мақсатында бау-бақша өсіру және балық аулау бригадасын ұйымдастыру сияқты қосалқы шаруашылық жұмысын жүргізу міндеттері қоса жүктелді. Училище басшылығының бұл жұмыстарды жүргізетін ешқандай да базасы болмады. Қосалқы шаруашылық үшін қаладан 18 шақырым жерден 56 га. жер телімі берілді. Училище басқармасы қосалқы шаруашылықты жүргізу мақсатында «Қазақмұнай» комбинатымен келісім-шартқа отырды. Өкінішке орай, комбинат келісім-шартта көрсетілген міндеттерді орындамады. Көктемгі су тасқыны кезінде барлық өңделген жерді су алып кетіп, егін егуге жарамсыз қылды. Сондықтан да, қаладан 12 шақырым қашықтықтан көлемі 24 гектар болатын басқа жер телімі берілді. Қосалқы шаруашылық өнімдері училище курсанттарын, командалық-оқытушылар құрамын, олардың жанұяларын, жабдықтау бөліміндегі қызметкерлерді азық-түлікпен толық дәрежеде қамтамасыз ете алмады. Училище басшылығы дегенмен де өз тараптарынан Оңтүстік Орал әскери округі басшылығының «Округтегі әскери бөлімдерде қосалқы шаруашылықтар құру туралы» бұйрығын орындап шықты. Соғыстың қатал заңы бойынша училище басшылығы курсанттарды әскери соғыс ісіне үйретуді қосалқы шаруашылықпен қатар жүргізуге мәжбүр болды. Қатал уақыт талабы сондай міндетті жүктеді. Өзінің құрылу мақсатын абыроймен орындаған училище 1943 жылы 6 сәуірде Астрахан қаласына көшірілді.

 

Әскери-соғыс ісіне үйрену

Училищеге 1923 және 1924 жылы туған Қазақ КСР-ның Гурьев (Атырау), Ақтөбе, Батыс Қазақстан облыстарынан, РФКСР Чкалов (Орынбор), Челябі облыстары мен Башқұрт АКСР азаматтары жіберілді. Курсанттар құрамын жасақтау жұмысы өте шапшаң қарқынмен жүргізілді. 1942 жылдың ақпан айында 278 адам (атқыштар, пулеметшілер, минометшілер), наурыз айында 1929 адам алынды. 1942 жылдың 15 сәуірінде 2387 курсант әскери-соғыс ісінің қыр-сырын оқуда болатын. Оның тек 8-і ғана армия қатарында қызмет етсе, 18-і жоғары оқу орындарында оқитын студенттер болатын. Курсанттар «жаттығуда қиын болса, ұрыста оңай болады» деген қағиданы қатаң ұстанды. Курсанттар жауынгерлік тактикалық жағдайда, яғни окоп, ор, траншея қазу, кедергілерден өту, жүгіру маршы ауа райының қолайсыздығы мен күннің қай уақыты болмасын белгіленген мерзімде орындап отырды. Оқу-жаттығу кезінде бөлімшелер мен взводтарды курсанттар кезекпен басқарды.

Курсанттар соғыс уақытының қатаң тәртібіне бағына отырып, әскери-соғыс ісін үйренуге барынша күш-жігерлерін салып оқыды. Барлық оқу-жаттығулар қала сыртындағы белгіленген алаңда өткізілді. Нысана көздеу бойынша бірінші батальондағы 538 курсанттың 127-сі «үздік», 163-і «жақсы», 159-ы «қанағаттанарлық» деген бағаға тапсырса, 89 курсант нысанаға ататын үш оқтан бірде-бір оқты тигізе алмаған. Курсанттар үшін нысанға дәл тигізу оқу-жаттығудың ең қиын түрі болды. Себебі, көптеген курсанттар винтовкамен атудың қарапайым әдіс-тәсілдерін білмеді. Нысанаға атып жаттығуды взвод командирлері жүргізген болатын. Ал, олардың көпшілігі училищені жаңадан аяқтағандар және қарумен атудың тәсілдерін толық меңгермеген болатын.        

 

Ол жылдардың даңқы өшпейді

Училище түлектері 1942 жылы Сталинград, 1943 жылы Курск доғасы, 1944 жылы Донбасс, Белоруссия, Балтық жағалауы, Молдавия, Днепр, 1945 жылы Висла мен Одер өзендерінен өтіп, Берлин шайқастарына қатынасты. Училище түлектерінің арасынан 1944 жылдың 9 мамырында Севастополь қаласы үшін шайқаста Т.Б.Гилязетдинов (1924 ж.т.) басқарған взвод жаудың екі танкісін және екі зеңбірегін құрамымен жойды, ал жараланған лейтенант жаудың бір танкісін отқа орады. Бұл ерлігі үшін лейтенантқа КСРО Жоғарғы Кеңесінің 1945 жылдың 24 наурызындағы жарлығымен Кеңес Одағының Батыры атағы мен Ленин ордені тапсырылды.

Жерлестеріміз Қ.Бұсырманов (1923 ж.т.) 1942 жылы армия қатарына шақырылған. Соғыстан кейінгі жылдары ішкі істер органдарында қызмет істеді. «Жауынгерлік еңбегі үшін», «Венаны алғаны үшін», «Германияны жеңгені үшін»  және бейбіт өмірде «Мінсіз қызметі үшін» медальдарымен марапатталады. Қ.Е.Қожахметов Даңқ орденінің иегері, К.И.Лұқманов (1924 ж.т.) «Отан соғысы» орденімен, «Жауынгерлік еңбегі үшін», «Германияны жеңгені үшін», «Мінсіз қызметі үшін» медальдарына ие болды. М.И.Фиткулин Будапешт, Вена қалаларын, Румыния, Югославия, Болгария, Венгрия және Австрия жерлерін неміс-фашист басқыншыларынан азат етуге қатынасты. Соғыста көрсеткен ерліктері үшін «Қызыл Жұлдыз», І, ІІ дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен қоса «Будапешті алғаны үшін», «Венаны алғаны үшін», «Жауынгерлік еңбегі үшін» медальдарын кеудесіне тақты.                          

Ұлы Жеңісті жақындата түскен әрбір күн мен түн ұмытылмайды. Өйткені, ерлік шежіресі–ұрпаққа ұлағат, ертеңгі күнге үлгі боларлық сабақ.  Жеңіс күнін жақындатқан, қанқұйлы фашизмге қарсы жанқиярлықпен күрескен әрбір жауынгерге тағзым етеміз.

Аққали АХМЕТ,

Х.Досмұхамедов атындағы

Атырау мемлекеттік университетінің профессоры,

тарих ғылымдарының докторы.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button