Жарнама
ЖаңалықтарШаһар шырайыҚоғам

Сарайшық базарында ет пен қауын-қарбыздың саудасы қызып тұр (ФОТО)

Бүгін Атыраудағы Сарайшық коммуналдық базарында Конституция күніне орай ауылшаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесі өтіп жатыр.

ЕАС 029

Жәрмеңкеге келушілердің қатары өте көп, әсіресе, мұнда ет өнімдеріне таласып жатқандарды көптеп кездестіруге болады. Мұндағы өнімдер нарықтағы бағадан 15-20 пайызға төмен.

ЕАС 054

Жәрмеңкеде ауылшаруашылық өнімдерінің қолжетімді бағамен ұсынылып отыруының да өз себебі бар. Мұнда өнімдер арадағы ешқандай делдалсыз шаруа қожалықтарынан тікелей жеткізілуде. Жəрмеңкеге аймақтағы 20-дан астам шаруашылық қатысып,  10 тонна көкөніс, бақша дақылдары мен жарты тоннадан астам  балық өнімдерін ұсынды. Әсіресе, Махамбет ауданынан әкелінген қарбыз-қауындарға да таласушылар қатары басым.

ЕАС 037

Айта кету керек, Атырау облысында мемлекеттің қолдауы арқасында егіндік алқап көлемі жыл санап артып келеді. Қазір өңірде пияз, сəбіз, қызылша секілді бақша өнімдеріне тапшылық жоқ. Мамандар картоп импортының төмендегенін айтады. Биыл 22,9 миллиард теңгенің ауыл шаруашылығы өнімдері өндірілді. Аймақта ауыл шаруашылығы, егін шаруашылығы өнімдерін шығару мен өңдеу ісі дамып келеді. Тамшылатып суару əдісі 2 300 гектар жерге қолданылады.

ЕАС 047

– Конституция күніне арналған осы шарамен ауыл шаруашылығы өнімдерінің жəрмеңкесін бастап отырмыз, ол күз бойы жалғасады, – дейді Атырау қалалық кəсіпкерлік жəне туризм бөлімінің басшысы Руслан Ибраев. – Аймақтағы тауар өндірушілерді алдағы шараларға белсенді қатысуға шақырамыз. Ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілер үшін қолайлы жағдай жасалады. «Сарайшық» базарынан өнімдерін сатуға орындар тегін беріледі. Ал тұтынушылар жоғары сапалы жергілікті өнімдерді қолжетімді бағада алады. Коммуналдық базар кəсіпкерлерге сауда жасау қызметінің кешенді түрін ұсынады.

ЕАС 071

Мұнда келушілер бүгінгі мереке күні жәрмеңке өтетіндігі еш жерде хабарланбағандығын айтып реніш білдіруде. Олар жәрмеңке өтіп жатқандығын базар маңында тұратын таныстарынан естіп біліпті. Соған қарамастан келушілердің қарасы өте көп.

ЕАС 022

Ауыл шаруашылығы өнімдерінің жəрмеңкесі «Сарайшық» базарының алаңында салқын түскенше ұйымдастырылады.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ.

Суреттерді түсірген: Ерлан АЛТЫБАЕВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button