Жарнама
ЖаңалықтарСарапTimeЭкономикаҚоғам

СарапTime: Елімізде екі миллионнан астам зейнеткер бар…

Халқымыз саналы ғұмырын сан жыл қызметке арнаған адамға «Бейнетіңнің зейнетін көргейсің!» деп тілек айтады. Иә, қауқары кеміп, қартайған шақта кім біреуге алақан жайып, ақша сұрағысы келеді дейсің. Тіпті бар ғұмырын еңбекпен өткізген адам ұрпағына да үміт арта алмайды-ау…

Сондықтан, қартайғанда зейнетақы қорындағы қаржысына ғана сенім білдіреді. Десек те, қаржылық қиындыққа тап болған кез-келген жастағы жанның, аталған қордағы қаржыны алуды армандайтыны жасырын емес. Көпшіліктің көкейіндегі бұл мәселе бүгінде біртіндеп шешімін тауып келетіндей. Зейнетақы жинағындағы ақшаның бір бөлігін алу мүмкіндігінің жұртшылық арасында қызу талқыға түсіп жатқаны да сондықтан болар.

Интернет сайт іске қосылды

Зейнетақы – қызмет атқарған жылдары үшін азаматтарға берілетін тұрақты ақшалай төлем. Елімізде зейнетақы тағайындау жəне төлеу тəртібі Ата заң негізінде жəне «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» заңы жəне басқа да заң актілерімен айқындалады. Мемлекет 1998 жылдың 1 қаңтарынан бастап зейнетақымен қамсыздандырудың бұрынғы ынтымақты жүйесінен жинақтаушы зейнетақы жүйесіне көшті.

Қазір елімізде базалық, міндетті жəне ерікті деңгейден тұратын зейнетақы жүйесі жұмыс істейді. Зейнетақы қорындағы ақшаны алудың əр жас шамасына байланысты шекті шегі бекітілген. Жуырда осы қаражатты алудың заңдылығы, тəртібін түсіндіретін арнайы enpf-otbasy.kz атты интернет сайты іске қосылды. Бұл ел тұрғындары үшін ерекше жаңалық болып отыр. Енді олар зейнет жасына жетпейақ өз еңбегінің зейнетін көре алады. Дегенмен, азаматтарды зейнетақының бір бөлігін алуға рұқсат берілгеннен бері одан ұсталатын табыс салығы мазалап келеді. Көпшіліктің ұсынысына құлақ түрген сенаторлар Салық кодексіне бірқатар түзетулер жасап, аталған төлемді кейінге шегеруді жəне бірнеше жылға бөліп төлеуді ұсынып, заңға біраз өзгерістер енген еді. Ендеше, оның көлемі қандай болмақ? Бұл салық қанша уақытта төленіп болуы тиіс? Жалпы, табыс салығы дегеніміз не?

«80 мың теңге – салыққа»

Бұған дейін Парламент зейнетақы жинағының бір бөлігін алу кезінде ұсталатын жеке табыс салығын төлеуді кейінге қалдыру бойынша түзетулер енгізіп, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев аталған түзету бойынша заңға қол қойған болатын. Заңдағы түзетулер негізінде жеке тұлғаларға зейнетақымен қамсыздандыру туралы заңнамаға сəйкес, біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдаланған кезде жеке табыс салығын төлеу мерзімін ұзарту құқығы беріліп, оны есептеу, ұстап қалу жəне төлеу тəртібін айқындау жайы қамтылды. Бұл мəселенің мəні қалай? Осы сұрақтың жауабын білу мақсатында Атырау облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментіне хабарласып көрген болатынбыз.

– Салық қордағы барлық қаржыдан емес, шекті шегінен асқан, яғни, азаматтар қолына алатын сомадан ғана алынады. Мəселен, азаматқа шекті шегінен асқан 800 мың теңге аударылатын болса, соның 80 мыңы салыққа төленеді. Он пайыздық салық мөлшерін бірден немесе 16 жыл ішінде бөліп төлеуіне болады. Осылайша, тұрғындар үшін қолайлы жолы қарастырылды. Қазіргідей күрделі кезеңде тұрғындар үшін бұл тиімді шешім болып отыр, — деді Атырау облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің басқарма басшысы Нұрболат Сарманов.

Ал, азаматтығын ауыстырғысы келетіндерге талап басқаша екен. Олай болған жағдайда зейнетақы жинағынан ақша алғаны немесе оның бір бөлігін пайдаланғаны үшін төленетін салықты бірден жəне толық өтеуге міндетті. Осы ретте салық бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры БЖЗҚ шотында қалған зейнетақы жинағынан ұсталатынын атап өткен жөн. Атырау қаласының тұрғыны Қайрат Бектенов зейнетақы жинағының бір бөлігінен үй сатып алғысы келетіндердің қатарынан.

– Зейнетақыдағы ақшаны аламын деп мүлде ойламаппын. Бізге мүмкіндік берген мемлекет басшысына ризашылығым шексіз. Кез-келген ел мұндай қадамға бара бермейді. Салықты бірден төлеу үй алу үшін тиімсіз болар еді. Сондықтан, жеткілікті шектен ауысқан сомаға тиіспей, салықты алдағы 16 жыл ішінде бөліп төлейтін болдым. Мемлекет табыс салығын бірден төлеуге міндеттемеді. Бұл да ел азаматтарын қолдаудың бір түрі деп түсінемін.

Кепілдік Қазақстанда ғана

Көпшілік арасында «Жеткілікті шек» мөлшерінің тым көп екенін айтып жүргендер бар. Əйткенмен, ол азаматтың табысынан (ең төменгі жалақыдан кем емес) БЖЗҚ-ға ай сайын тұрақты түрде аударатын 10% зейнетақы жарнасын ескере отырып белгіленгенін ұмытпаған абзал. 82 жасқа жеткенге дейін ең төменгі зейнетақы мөлшерінен (38 636 теңге) кем болмайтын зейнетақымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

И ə , к е й і п ке р ім із а й т п а қ ш ы , Қазақстанның зейнетақы жүйесінде өзге елдермен салыстырғанда кейбір артықшылықтар бар. Мəселен, «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» заң бойынша мемлекет азаматтардың зейнетақы жасына жеткен кездегі инфляция деңгейін ескере отырып, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына (БЖЗҚ) міндетті жəне ерікті зейнетақы жарналарының сақталуына кепілдік береді. Қазір Қазақстан мұндай мүмкіндік қарастырылған əлемдегі жалғыз ел.

Мəселен, Австралия, Израиль, Мексика, Швеция, Норвегия секілді елдердің үкіметі азаматтардың зейнетақы жинағының қауіпсіздігіне кепілдік бермейді. Зейнетақы жүйесі, оны қолдану жағдайы əр елде əртүрлі. Мысалы, Малайзияда қажылыққа барғысы келген адамды зейнетақы қоры толығымен қаржыландырады екен. Ол елдегі кез- келген адам Меккеге зейнетақы қорындағы ақшамен барып келе алады.

Ал, Сингапурда біздің еліміз секілді зейнетақы қорындағы ақшаға үй алу мүмкіндігі берілген. Аталған елде «Зейнет ануитеті» деген ұғым бар. Егер соған сəйкес зейнетақы қорында жеткілікті көлемде қаражат жиналған болса, кезкелген адам зейнет жасын күтпей, зейнетке шыға алады. Бұған қоса бұл адам зейнет ануитеті арқылы есепшотындағы қаржысын сақтандыру қорына аударып, ай сайын қомақты көлемде пайыздық мөлшерлеме алу мүмкіндігіне ие болады.

P.S.

Табыс салығы – заңды немесе жеке тұлғалардың табысына салынады. Былтырдан бастап арнайы салық режимін қолданатын микро және шағын бизнес субъектілері үш жыл мерзімге табысқа салынатын салықтан босатылды. Мұны басқалай, «салық демалысы» деп те атайды. Зейнетақы жинағының бір бөлігін алатын жандарға да бұл демалыс бұйырыпты. Біздің қоғам алмақтың да салмағы бар деп санайды. Сондықтан да, белгіленген күні төлейтін болады. VІІ шақырылымдағы Парламенттің бірінші сессиясында Мемлекет басшысы Үкімет пен Ұлттық банкке зейнетақы жүйесін одан әрі дамыту тұжырымдамасын әзірлеуді тапсырған. Иә, зейнетақы жүйесі дами түссе, ел пайдасын ғана көрер. Бастысы, тірнектеп тапқан жинағыңыз игілігіңізге жарасын дейміз!..

Мəлике ҚУАНЫШЕВА

2021 ЖЫЛ 1 ҚАҢТАР:

  • Зейнеткерлер саны – 2,2 млн.
  • Базалық бағам –18 524 теңге
  • Жасына байланысты ең төменгі зейнетақы – 43 272 теңге
  • Ең төменгі зейнетақы – 61 796 теңге

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button