Жарнама
ЖаңалықтарСарапTimeҚоғам

СарапTime: Ажырасу неге көп?

Осыдан он бес-жиырма жыл бұрын ерлі-зайыптылардың заңды түрде ажырасып, екі жаққа кетуі сирек-тұғын. Естіген жұрт кәдімгідей уайымдап, «не болдылап» жатушы еді. Соңғы кездері кеше қосылып, ертең ажырасып кетсе де, көнбіс жұртым ернін сылп еткізіп «Құдай басқа бермесін» деп отыра береді. Өйткені, қазақ дәстүріне жат бұл келеңсіздік, сорымызға қарай, тым көбейіп кетті.

Заман дамыған сайын адамдардың, жалпы қоғамның көзқарасы, адамдармен қарым-қатынас этикасы өзгерді. Ащы да болса, бұл –шындық. Себебі, заманға сай адам психологиясы да сан құбылып отырады. Бұрын отбасы құндылығын алғашқы орынға қоятын халық едік. Енді, міне, менталитет өзгерді. Бұл бізге қажет пе, жоқ па – өзіңіз бағамдай беріңіз.

АТА-АНА АРАҒА ТҮССЕ…

Ешкім де баласынжеккөрмейді. Гәпбаланыжақсыкөрудіңреті мен орнындашығар, бәлкім. Өмірде болғанмына бір оқиғаға құлақ түрелікші…

Елордадағы жоғары оқу орнында оқып жүріп танысқан Альбина мен Қанатбекті (есімдері өзгертіліп алынды) курстастарының бәрі «жарасымды жұп» деп бағалайтын. Әрі олардың бақытты отбасы болатындарына сенімді еді. Дипломдарын алып, екеуі туған жерге бірге оралды. Дүркіретіп той өткізді. Қанатбек үйдегі төрт баланың екіншісі болса, Альбина – құдалар шаңырағының бары да, нары да – жалғызы. Еркелігі ме, жастығы ма, әйтеуір, ол жаңа отбасына үйренісе алмады. Біресе, «үй тар…» деді, енді бірде «үйге кісі көп келеді екен» дейді. Қызығы сол, сәл нәрсеге ренжіп қалса, әкесіне телефон шалып: – Пап!.. — деп қиылып, жылап жіберуге дайын тұрады.

Мұндайда әкесі жанын шүберекке түйіп, шетелдік көлігімен бұлар тұратын бес қабатты үйдің алдына зыр етіп келе қалады. Қызы қолына сөмкесін ұстап, зып етіп үйден шығып кете қояды.Келіннің кезекті «сапарының» соңын ала жігіттің ата-анасы құда-құдағайымен мәмілеге келуге барған. Бұларды селқостау қабылдаған қыздың ата-анасы қабаттаса:– Әңгіменің ашығы былай, сіздікінде кісі көп, үй тар. Біздің қызымыз ондайға үйренбеген. Қысқасы, оның басы ай-налып жүр… Стресс… Біздікі үлкен үй, сондықтан Қанатбек екеуі осында тұрсын. Бізде бәрі жетеді. Қайда тұрғанда да бәрібір емес пе, екеуі бақытты болса жарайды, — деп, екпіндей сөйледі.

Қапелімде не дерін білмеген жігіттің ата-анасы үйлеріне келіп, бар жайды ұлдарына жеткізді. Мұны естіген Қанатбек одан бетер ренжіп, өзінің қайын жұртына бармайтынын, қажет болса, ең соңғы амал – ажырасуға бел буғанын кесіп айтты. Екі ортада анасы қиналып, баласының әлі де ойлануын, бұйырса, әке атанатынын есіне салды. Не керек, келін бұл үйге келмеді, күйеуі іздеп бармады.

Арада біраз уақыт өткен соң құдасы телефон шалып, қызының жеңілденгенін хабарлады. Біраптадан соң тағы телефон шалып, бұларды шілдеханаға шақырды. Намысқа тырысқан Қанатбек пен оның ата-анасы бұл шақыруға барған жоқ. «Алдағы бар өмірімізді бірге өткіземіз» деп ойлаған жігіттің шамадан тыс ерке келіншегінен әбден көңілі қалған еді. Ақыры, бұл некенің еш болашағы жоқ екенін біліп, ажырасуға өзі арыз берді.

Осылайша, тағы бір жас отбасының ойраны шығып, ерлі-зайыпты екі жаққа кетті, нәресте тірі жетім атанды…Қарап отырсақ, осындай түймедей ғана себеп-сылтаумен күніге қанша жас ажырасуда десеңізші. Артық айтсақ, кешірім етерсіздер, бірақ, осындай ата-аналардың өз балаларын шамадан тыс жақсы көріп, өбектеуінен талай жас отаудың құрдымға кетіп жатқаны жасырын емес. Өкінішке қарай, мұны ата-аналардың өздері (екі жақтағы құда-құдағайлар) мойындағысы келмейді. Өйткені, «үлкендер ешқашан қателеспейді». Оның үстіне «әркімнің өз жейдесі өз етіне жақын».

Нақ осы оқиға Атырау қаласында болған. Біреуді даттайын демесек те, адам ретінде құдайшылығымызды айтуға тиіспіз. Егер бір тарап екіншіге байлығын, дәулетін баттита көрсетпесе, төсін қақпаса, кім біледі, мұндай жағдай болмас па еді?! Осыдан-ақ «Тең теңімен, тезек қабымен», «Өзімшілдік пен менмендік – адамның қас жауы» деген аталы сөздің шындық екеніне тағы бір дәлел тапқандай боласыз.

13 СЕКУНД САЙЫН АЖЫРАСАДЫ

Танымал американдық әлеуметтанушы әрі психолог Констанция Аронс әлемде әрбір 13 секунд сайын бір отбасы ажырасатынын дәлелдеген.

Бір ғана АҚШ-тың өзінде жыл сайын 1 000 000 шаңырақ шайқалады екен.

Рас, ажырасу әлеуметтік проблемаға айналып үлгерді. Ол – күйзеліс, уайым. Еуропа елдерінің ішінде ажырасу коэффициенті жоғары Бельгия, Португалия, Венгрия елдері болса, Ислам дінін ұстанатын елдердің арасында Қазақстанның ажырасу коэффициенті бәрінен жоғары.

Басты мәселе – ажырасу факторын болғызбау. Сөйтіп, екеуара қарым-қатынасты шарықтау шегіне дейін жеткізбеу. Өйткені, некенің бұзылуы – отбасының ойрандалуы, шаңырақтың ортаға түсуі, балалардың әкесіз не анасыз қалуы. Түптің түбінде, еш кінәсі жоқ сәбилердің «тірі жетім»атануы. Әрине, жас отбасының қиындығы көп болары анық. Бірақ, ондай кезең кез келген отбасының басында болды, бола да береді.Ертеңге деген үміт оты өшпегені жөн. Жайықтан иінағашпен су тасу, күл шығарып, от жағудың азабы – бүгінгі жастар үшін ертегімен бірдей. Шынында, мұның бәрі өмірдің заңдылығы. Ошақ қасының шаруасы солай атқарылса керек.

«Себепсіз салдар болмайтыны» да шын.Сауалнама нәтижелері көрсеткендей, ажырасудың көп тараған себептері – тұрмыстық зомбылық, ерлі-зайыптылардың бірінің ішімдікке (есірткіге) салынуы не жұмыссыз қалуы, жұбайлардың өмірлік көзқарастарының сәйкес келмеуі, көзге шөп салу, материалдық қиындықтар, перзент сүйе алмау…

ӨЗІҢНЕН БҰРЫН БАЛАҢДЫ ОЙЛА

Психологтардың бір тобы «некеге 25 жастан кейін отырған дұрыс» десе, ендігі бір лек «жоқ, жастай қосылған жұптың бір-біріне сезімі берік, қимастығы басым түседі» дейді. Не дегенде де, ажырасамыз деген ерлі-зайыпты ешкімге де, ешнәрсеге де қарамайды. Бұл жерде зардап шегетін – тек бала. Жасына қарамастан, бала психологиялық күйзеліске түседі. Өзінше іштей уайымға беріледі, қайғырады. Тіпті, сабағы нашарлап, достарымен қарым-қатынасы төмендейді.

Ажырасқан еркектердің әйелдерге қарағанда қайта некеге тұру мүмкіндігі жоғары екеніне қарамастан, көбінесе жалғыз қалып қояды. Ал, балалы әйелдерге тез арада тұрмысқа шығу оңай емес. Өйткені, ол өзіне жар ғана емес, баласына әке іздейді. Өмірде түрлі жағдай орын алатындықтан, ажырасуды мүлде болғызбау мүмкін емес, әрине. Сонда да соңғы шешім қабылдар сәтте балаңның болашағына тағы бір үңілуді ұмытпа..

Лиза СЕЙТІМОВА

Айтайын дегенім…

Гендерлік құқық заңнамасы қабылданғаннан кейін әйел құқығы қоғамда айқын көрініс тапты. Өздерін ерлермен теңдей көретін жолы жіңішке әйел заты қит етсе, өз «құқықтарын» соғатынды шығарды. Оныкі дұрыс болса да – дұрыс, бұрыс болса да – дұрыс.Шындығында, бұл «шашы ұзын, ақылы қысқа» әйелдердің біразын аздыр-ды. Үнемі өзінікін жөн санайтын олар бар билікті қолдарына алды. Күйеуін менсінбейтін болды. Елдегі ажырасу дерегінің көптігі де осыдан. Ал, бұл қазақ шаңырағына жабысқан кеселмен тең. Меніңше, отбасында әр адам өз орнын біліп, өз жөнімен, өз жолымен жүруі керек. Қайда да ауызбірлік, кешірімшілдік болғаны абзал.

Нұрыш САҒЫНҒАЛИЕВА, Құлсары қаласының тұрғыны

Қосарым бар

Өмірдің өзі дәлелдегендей, адамның адамгершілігі, арының тазалығы, жүрегінің пәктігі, жанының мәрттігі – бәрі небір қиын-қыстау шақта сына-лып, анық байқалады. Ажырасу – әрбір шаңырақ үшін қасірет. Бұл елдегі ка-рантин кезінде де белең алды. Егер ерлі-зайыпты жандар осындай қиын кезде бір-бірін түсінбей, ажырасуға дейін барса, онда олар үлкен өмірде кездесетін басқа сынақтарға қалай төтеп береді? Жазатайым бірі қатты ауырып, төсек тартып қалатын болса, оны қалай бағып-күтеді? Жауап беру қиын.Біздіңше, елге төнген індет те, соған байланысты орын алған карантин де адамдардың бір-бірінің қадір-қасиетін жақынырақ білуге, түйсінуге үлкен мүмкіндік берді. Балалар ата-анасына, ата-ана балаларына бауыр басты. Соған сай ерлі-зайыптылар да жұбайылық өмір мен отбасылық қызықтың бір-бірінің жанында болу екенін бар жан-жүрегімен сезінуі керек-ті. Өйткені, ел – тыныш, бас – аман, ден – сау. Пендеге осыдан артық қандай байлық керек?!

Жаннат ЕСЖАНОВА, қос келіннің енесі,Сағыз ауылы,Қызылқоға ауданы

  • Өкініштісі сол, елімізде тіркелетін әрбір 3 некенің 1-еуі ажырасып кетеді;
  • ТМД елдері арасында Қазақстан ажырасу фактісібойынша алғашқы ондықта; Облыста биылғы 9 айда 4638 неке қиылса, 1192-сі ажырасқан;
  • Аудандар бойынша ең көп ажырасу фактісі Жылыойда:

былтыр – 114, биылғы 7 айда 28 неке бұзылған;

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button