Жарнама
ЖаңалықтарCOVID-19: Соңғы поштадан...БілімМедицинаМәдениетСарапTimeЭкологияЭкономикаҚоғамҚұқық

СарапTime: Атырау облысы әкімінің есебінен не түйдік?

Облыс әкімінің есеп беру жиыны өткен жылғыдан өзгерек болды.

Биылғы дәстүрлі есеп беру аралығы ғасырлардың тоғысы болмаса да, жүз жылда бір келетін әлемді шарпыған пандемияның шырмауында өткен кезеңмен тұспа-тұс келді. Еліміз тәуелсіздік алғалы жеткен жетістік пен жіберілген кемшіліктің өлшемі сарапталған жыл болды. «Болат қайнауда, ер майданда шынығады» демекші, бұған дейін де аштықты да, жоқтықты да, барды да, байлықты да көрген әр қазақ баласы жүкті жұмыла көтергенін көзімізбен көрдік. Жер жүзін алапат дауылдай жайлаған сынаққа төтеп бере алмай, әкімдік жағалағандар да болды.

Саулық пен сауатты алға шығарсақ…

Пандемия кезінде республика бойынша үлкен қиындыққа тап болған екі саланың бірі – денсаулық сақтау, екіншісі – білім. Бұларға тек ауырлық түсіп қойған жоқ, осы уақытқа дейін «жылы жабылып» келген кемшіліктері көрініп қалды. Дәрі-дәрмекке бұрынсоңды болмаған мұқтаждығын өтей алмаған дәріханаларды да кінәлауға болмас. Өйткені, ауру айтып келмейді ғой.

Уақыт өте облыс басшылығының іскерлігінің арқасында көптеген олқылықтың орны толып, алдағы сынаққа дайындық жұмыстары дер кезінде басталып кетті. Оған дәлел, Атырау қаласында 200 кереуеттік модульді аурухана салынып, осындай мекеменің құрылысы Құлсары қаласында да жүріп жатыр. Екеуі де мұнай саласындағы алпауыт инвесторлардың демеушілігімен жүзеге асты. Облысқа жеткізілген 1 мың доза вакцина да коронавируспен күрес шараларының негізгі бөлшегі.

Есеп беру кезінде облыс басшысы ел басына күн туғанда етігімен су кешіп, апталап-айлап отбасын да көрмей, бір жұтым ауаға зар болған науқаст арды аман а лып қа лған ақ халатты абзал жандарға ерекше алғысын білдірді. Жыл бойы жетіспейтін дәрігерлерді өңірге тарту жұмыстарымен тыңғылықты айналысты. Бірақ ешқашан мінбелерден «мен атқардым» деп мақтанған жоқ, қандай жағдай болса да қалың бұқараның ортасынан табыла білді.

О қ у ж ы л ы н м е к т е п т е р д і ң о н лайн форматта бастауы бастапқыда қиындықтар туғызғанымен, білім ұяларының материалдық-техникалық базасын нығайтуға бөлінген 5,8 млрд. теңгеге қажетті құрылғылар сатып алынды. Қалада құрылысы басталып, сол күйінде қалған бірнеше жобалар да бар еді. Солардың бірі көз тартарлықтай әрленіп, үлкен ғимараттың толыққанды жұмыстары аяқталған соң «Абай атындағы оқушылар мен жастар сарайы» болып ашылуы сүбелі іс, балалардың болашағына салынған ең үлкен инвестиция болды. Сондай-ақ көптеген с а ла лар бұрыннан бар болса да, жүзеге аспай жүрген цифрландырудың игілігін көре бастады. Кейбір олқы тұстардың беті ашылып, қателіктер түзетілді. «Бір күйініштің бір сүйініші бар» деп қазақ осындайда айтса керек.

Инвестиция ел игілігіне айналды ма?

Жалпы айтқанда, дағдарыстан біреу сыналды, ал біреудің қабілеті шыңдалды. Облыс нарығында бұған дейін шашасына шаң жұқпаған кәсіптер бір-ақ күнде жұмысын тоқтатса, көзге іліне бермейтін кейбір шаруагердің табысы жүз еселенді. Осындай сындарлы сәтке, ел басына түскен қиыншылықтарға қарамастан облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетовтің басшылығымен өңірде көптеген игі істер атқарылғаны рас. Қала және аудан әкімдерінің есебін тыңдап, тұрғындар сауалына жауап берген Махамбет Жолдасқалиұлы кеше өзінің атына түскен әр сауалдың шешілуін қатаң бақылауда ұстап отыратындығын жеткізді.

«Тәртіпке бағынған құл болмайды» деп Бауыржан батыр айтқандай, тәртіп керек-ақ. Бірақ жоғарыға қарап бас шұлғу жергілікті атқарушы орган мен түрлі құрылымдар басшыларына әдет болып кетпегей. Өйткені, өңірді дамытуға бір адамның мүмкіндігі жетпейді, қала мен аудан, ауылдың әр түкпіріндегі қарапайым халық бір кісідей жұмылғанда ғана жетістікке жетеріміз хақ. Алтау ала болып, ауыздағыдан айырылып қалмай, төрт құбыламыз түгел болып, төбедегіге ие болсақ, аймақтың бұдан да зор биіктерді бағындыруына мүмкіндік мол.

Саралап қарасақ, өңірде инве стор т артылған салалардың даму қарқыны еселеп артқан. Атырау осы көрсеткіште республика бойынша 27 пайызды құрап отыр. Бұл – республикалық көрсеткіштің үштен бірі дегенді білдіреді. Сәйкесінше, олардан түсетін табыс пен салықтардың есебінен жол салу, газ және ауыз сумен қамту бағытында ауқымды жұмыстар жасалған. Облыстың жалпы көрсеткішінде тартылған инвестиция көлемі артқанымен, кей аудандарда бұл кемшін қалып жатқан іс. Әлде халық инвестордың қадіріне жетпей жатыр ма?

Мәселен, ел арасында «бізде мұнай көп, неге арабтар сияқты өмір сүрмейміз?» деген сыңаржақ түсінік қалыптасқан. Неге? Себебі, арабтар – тек мұнай өндірумен ғана емес, еліне келген инвесторлардың есебінен өсіп-өркендеп, көркейген ел. Сол сияқты, тек жерасты қазба байлықтарына ғана емес, ауыл шаруашылығы, тұрғын үй салаларына қаржысын салып, қызметін жүргізетін компания келсе, оның еш әбестігі жоқ. Біріншіден, қазынамыз толығады, екіншіден, халық жұмыспен қамтылса, үшіншіден, жергілікті өнімнің көлемі де артары сөзсіз.

Атадан мал қалғанша, тал қалсын

Былтыр елдегі ахуалға қарамастан мәдениет пен спортта да игі істер атқарылды. Жастар мен еріктілер де назардан тыс қалмай, бұрын-соңды болмаған марапаттарға ие болды. Мұның өзі өңір басшысының тек экономиканың ғана емес, өзге салалардың да басын таразыда тең ұстайтынын аңғартты. Қоғамды жегідей жеген жемқорлыққа да өткен жылдармен салыстырғанда тұсау салына бастаған. Осы орайда облыс тұрғындарына арналған «109 бірыңғай байланыс орталығы» жұмысының басталуы да үлкен көмек болды. Облыстың әр тұрғыны осы номерге хабарласып, көкейіндегі сұраққа жауап алып, талабын да қоя алады.

Ең өзекті мәселе – экология. Бұл бір ғана адамның құзырымен шешілетін іс емес. Тұрғындар тал егудің аздығын, ауаның ластығын айтып көп шағымданады. Бірақ, мемлекеттің де шағын отбасыдан құралатыны секілді, ну орман да сіздің аулаңыздағы тал-теректен бастау алмай ма?! Немесе көшеде төселген гүлзарды көктей өтіп жүргендер де жоқ емес.

Компаниялар тарапынан бірнеше миллиондар бөлініп жатыр, соны мақсатты жұмсасақ Атырау жері ит тұмсығы батпас ну орманға айналмас па еді?! Ал, егер т апқан т абысты өз саулығымыз үшін жұмсамай, түскен тиынның сыңғырын есептеп отырсақ, ауаны тазарту туралы әңгіме де артық. Алдағы жылдары облыс бойынша қолға алынатын жасыл желекке арналған бағдарламаларды жүзеге асыратын басшыларға да бұл құлаққағыс.

Әрекет болса, берекет болады

Қыркүйекте көмірсутегі шикізатын өндіретін компаниялар басшыларының басқосуында Махамбет Досмұхамбетов оларды ортақ мүддеге жұмылдыратын мақсатқа атсалысуға шақырды. Тізбектеп көрсек, облыс тұрғындарын кезең-кезеңімен жұмысқа тарту, жұмыс ауқымының аяқталуына орай босатылғандарды облыстық басқармамен бірлесе отырып, келесі жобаларға орналастыру, осылайша дағдарыс қыспағына қарамастан халықты тұрақты жұмыспен қамтуды тікелей тапсырды. Көкейге қонды ма, әлде облыс басшысының айбарынан ықты ма, тапсырма сөз жүзінде қалған жоқ. Наурыздан бері жұмыссыз қалғандардың дені қазаннан бастап кеніштегі жұмыстарына біртіндеп орала бастады.

Сондай-ақ биыл өңірде грант ұтып алып, өз ісін бастаған немесе жүргізіп отырған шаруашылығына субсидия алған шаруагерлердің саны айтарлықтай артты. Осындай үлкен келіссөздер мен тынымсыз тірліктің арқасында облыстағы жұмыссыздық деңгейі 4,9 пайызды көрсетті. Бұл ауадан алынған «ақкөбік» сандар емес, нақты көрсеткіш. Өзге облыстардың даму динамикасымен салыстырмай-ақ, Теңіз кеніші мен Қарабатанға көрші аймақтарды айтпағанда, сонау терістік жұртының жұмыс іздеп ағылуы да Атыраудың тұрмысы өзгелерден оқ бойы озық тұрғанын байқауға болады. Жарты қазақтың бас ауруына айналған баспананы облыс халқы қаржының бөлінуіне орай үздіксіз алып жатыр. Ауылдан қалаға көшкен елдің де есебі жоқ. Соның ықпалымен пәтерге мұқтаж отбасы саны да күн санап көбейіп барады.

Облыс бойынша 15 жыл бұрын жер кезегіне тұрып, тиесілі 10 сотық жерін ала алмай жүргендер тағы бар. Бірақ әкім есебінде жекеменшік тұрғын үй құрылысына кезекке тұрғандарға жер беру мәселесі айтылған жоқ. Бәлкім, уақыт алғысы келмеген шығар, өйткені, бұл – тек электронды кезекпен шешілетін жағдай. Күн тәртібінен түспейтін жол мәселесі де жоспарға сай жүзеге аса бермек. Ал, ауыз сумен биыл облыс бойынша елді мекендердің 9 8 , 9 пайызын қамтиды деп жоспарланған. Қойнауына «қара алтын» бөктерген мекенде табиғи газбен қамту әлдеқашан өз межесіне жетті.

Облыс басшылығы экономиканы әртараптандыру мақсатында, сондай-ақ ауыл кәсіпкерлерін қолдау үшін 2021 жылы 3 миллиард теңге субсидия бөлгелі отыр. Тек соншама қаражат мақсатты жұмсалса ғана игілігін көре аламыз. Шын мәнінде ұтып алған гранттың есебін келтіру үшін үйдегі малын жаздырып, ақшасын құда шақырып, машина мінуге жұмсап жүрген «пысықайлар» да жоқ емес. Бұл сонда кімді алдау?!

Қазір әлеуметтік желіге үңілсеңіз, екінің бірі түкке тұрмайтын тірлікке бола, «әкімдік қайда қарап отыр?» деп тепсініп шыға келеді. Бүгінгінің тілімен айтқанда, тренд. Ал, әр адам саналы түрде атқаруы тиіс іс-әрекетті әкімдіктен талап ету мәдениетіміздің деңгейін айқындап тұрғандай. Біздің бойымызда әлі күнге кеңес дәуірінен қалған стереотиптердің сарқыншағы бар. «Орындаушы» позициясынан көшбасшылыққа өтетін уақыт жеткен сыңайлы. «Алма піс, аузыма түс» деген тіркес те қазіргі сәт сайын сан құбылған жаһандану заманында өзектілігін әлдеқашан жойған.

Есепті жиын соңында облыс әкімі әдеттегідей тұрғындарды толғандырған сұрақтарға жауап берді. Жасалып жатқан жұмыстардың діттегені де халықтың әл-ауқатын көтеруге бағытталғандықтан, жауапсыз сұрақ болған жоқ. Әкім ешкімге құрғақ уәде бермеді. Қысқасы, «арық айтып семіз шық» деген принципті ұстанатын жан екенін байқатты. Қай дәуірде де жоспарлы істің қаржыландыруға сай кезең-кезеңімен жүзеге асары мәлім. Бірақ сол міндетті әкімдіктің жұмысы деп қарамай, «бала-шағамыздың болашағы» деп бірге атқарсақ, алынбайтын қамал, аспайтын асу болмас, сірә!

Салтанат АҚТӘЖИЕВА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button