СарапTime: Алып компаниялардағы қазақстандық жұмысшылар үлесі қайтсе артады?
Қазақстан экономикасының ең маңызды саласы – шетелдік инвестиция тарту болса, қазір мемлекет әлеуеті 2008 жылғы бүкіләлемдік дағдарыстан бері екінші тығырықты бастан өткеріп жатыр. Себеп – дүние жүзін шарпыған коронавирус пандемиясы.
Әлбетте, бұған қарап, «республиканың жетекші салалары қол қусырып отырып қалды» деген түсінік қалыптаспауы тиіс. Әсіресе, ел қазынасының негізін қамтитын мұнай-газ өнеркәсібіндегі жұмыс бұрынғыша қарқынды жүзеге асып келеді.
Соған қарамастан, қиындықтардың бары рас. Бұл жерде саладағы ұлттық мамандар санын көбейту де мемлекеттік мүдденің жоғары болуын көздейді. Расында, алпауыт компаниялардағы қазақстандық қамту, жергілікті мамандардың үлес салмағын арттыру мәселесі қалай жүзеге асып жатыр? Атырау облысындағы шетелмен бірлескен компанияларға жұмысқа тұрып, нәпақасын тауып жүргендердің саны қанша?
Жуырда облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетовтің төрағалық етуімен өткен келелі кеңесте сөз болған тақырыпты ой таразысына салуды жөн көрдік. Өйткені, мәселе маңызды!..
Ұлттық кадр, қайдасың?..
Тәуелсіздіктің елең-алаң шағында мұхит асып келіп, Теңіз кенішінде өндіріс бастауға тәуекелі тұрған «Теңізшевройл» бірлескен кәсіпорнын таныстырып жатудың өзі артық. Отыз жылға жуық уақыттан бері облысты айтпағанда, ел экономикасына мол инвестиция құйып отыр. Алайда, онда қанша қазақстандық маман жұмыс жасайды? Бұл – көпшілікті көптен мазалап жүрген сұрақ. Биыл тұйыққа тірелген шақта «қара алтын» өндірісі еселеп төмендеп, кәсіпорын қуатының азайғаны анық. Соның кесірінен жұмыссыз қалғандардың да саны артты.
«Теңізшевройл» ЖШС бас директорының орынбасары Айбек Қырамбаевтың айтуынша, серіктестік қазақстандық тауар-лар мен қызметтер сатып алуды ұлғайту, елге және Атырау об-лысына жұмсалатын инвести-цияны көбейту арқылы тиімді өзара әріптестікті дамытуға мүдделі. 1993 жылдан бері қызметкерлердің жалақысы, отандық өндірушілерден жергілікті тауарлар мен қызметтерді сатып алуға кеткен шығын, салықтарды қамтитын төлемдер 150 миллиард АҚШ долларынан асыпты.
Ал қызметкерлер біліктілігін арттыру, әлеуметтік бағдарламаларды дамытуға шығындалған 2 миллиард АҚШ долларына жуық қаржының әлеуметтік инфрақұрылымның дамуына жұмсалғаны 300 миллион доллардан асады екен. Тек был-тыр ғана компания республикалық бюджетке 10,6 миллиард доллар инвестиция салған.
Ал Атырау облысындағы алыптың тағы бірі, теңіз түбінен мұнай алудың шебері – «North Caspian Operating Company N.V.» компаниясы. Басқарушы дирек-тор Ричард Хоув пен оның орын-басары Ермек Марабаевтың сол мәжілісте келтірген сандарынан түсінгеніміз – Қазақстан нарығына келгеніне 15 жылдың шамасы болған NCOC компаниясын 1993 жылдан бері әбден төселіп алған ТШО-мен салыстыруға болмай-ды. Әйтсе де, бұлар да жергілікті үлесті ұмытып кетпеген көрінеді.
Бүгінгі көрсеткіш бойынша, компаниядағы жергілікті қамту үлесі 53 пайыз немесе 345 миллион доллар. Жалпы, 2004 жылдан бері жергілікті қамтуды дамытуға 15 миллиардтан астам АҚШ дол-лары жұмсалыпты. Ал, 2016 жыл-дан бүгінге дейін шетелдік маман-дарды қазақстандық кадрлармен алмастыру бағдарламасы бойынша компанияның жетістігі зор.
– 2016 жылы жергілікті 2839 қызметкер болды, ал шетелдіктер саны 325 адам еді. Бұл – 11 пайыз. 2020 жылы шетелдіктерді 219-ға азайтып, жергілікті қызметкерлер санын 2947-ге жеткіздік, — дейді Ермек Нәсіпқалиұлы.
Айтатыны жоқ, компания шетел кадрларын ұлттық мамандар-мен алмастыру жоспарын жыл сайын артығымен орындап отыр. Мәселен, биыл шетелдік 18 кадрды жергілікті маманмен ауыстыру ме-желенсе де, 40 қазақстандық маман қамтылған. Бұл – ұлттық мүдденің жүзеге асуы. Ал, мердігер меке-мелерде жұмыс жасайтын 5350 адамның тек 248-і – шетелдіктер. Қазақстандық кадрдың жарты-сынан көбі – Атырау облысының тұрғындары. Жалпы, соңғы үш жылда 865 қазақстандық жұмысқа алынған.
Мұны компанияның басқарушы директоры Ричард Хоув мырза да қуаттап, жергілікті қамту, ұлттық кадрларды арттыруға ынталы екенін жеткізді.Әлбетте, әлемдегі ең ірі әрі күрделі «Қашаған» жобасының қоры бірнеше миллиондаған тон-на екенін ескерсек, алпауыттың адымы кең. Бірақ «Теңізшевройл» да құлашын кеңге сермеп отыр. Өндіріс қуатын әлі де арттыруға мүмкіндік бар. Бұған дейін ком-пания сатып алған тауарлар, жұмыстар мен қызметтердегі қазақстандық қамту үлесі АҚШ валютасына шаққанда 35 миллиард долларды шамалапты. Қазақстандық қамту бойынша шығындардың тек былтырғы үлесінің өзі 4,6 миллиард доллардан асып, рекордтық көрсеткішке жеткен. Биылғы меже – 3,2 миллиард доллар. Әрине, бұл алдыңғы жыл көрсеткішінен аз.
Алайда, компания басшылығы пандемия салдарынан сатып алу жоспарын қайта қарап, өңірді индустрияландыруға қолдау көрсету, бірлескен кәсіпорындар құру, шетелдік мамандарды жергілікті кадрлармен алмасты-руды негізгі ұстанымдардың бірі ретінде басымдық берген. Жалпы, соңғы 5 жыл ішінде ТШО қазақстандық қамту бағытындағы шығындардан, елдегі мұнай-газ компаниялары арасында көш бас-тап тұр.
– Биыл ауыр экономикалық дағдарыс пен мұнай бағасы төмендегенде, түрлі құрылымдық өзгерістер жасалып, шетелдік 1000 маман қысқартылды, — дейді Айбек Қырамбаев.
Мұнда NCOC компаниясына қарағанда, ұлттық кадрмен алмас-тыру бойынша өсім бар. Атап көрсетсек, 1996-2016 жылдар аралығында отандық қызметкер саны 21 пайыздан 86 пайызға көбейген. 2017-2019 жылдары күрделі құрылыстар жүргендіктен, «Келешек кеңею» жобасына шетелден білікті мамандарды тарту қажет болды. Өйткені, онда күрделі технологиялар қолданылды. Бірақ қазір кадрларды жергілікті ма-мандармен алмастыру қызу жүріп жатыр.
Биылғы қыркүйектегі мәліметтерге сай, компанияда 4 мыңнан астам адам жұмыс жасайды. Оның дені – тұрақты, 700-дейі шетелден іссапармен келген еңбекшілер. Ұлттық мамандар үлесі – 88 пайыз, ал басқару құрылымындағы көрсеткіш 70 пайызға дейін жоғарылапты. Қалғаны – шетелдік менеджерлер.
– Пандемияның кесірінен біраз адам жұмыстан қысқарып, жалақысыз қалған еді. Ахуал тұрақтанған соң, қыркүйектен бас-тап еңбекшілерді қайта шақыра бастадық. Соңғы екі айда «Теңізде» 26 мыңнан астам адам жұмыс жасап жатыр. Қызметкерлердің басым бөлігі – батыс өңірінен. Соның ішінде 18 мыңнан астамы – Атырау облысының тұрғындары, оның 7 мыңнан астамы – Жылыой ауданының тұрғындары, — дейді А.Қырамбаев.
Кез келген еңбек ұжымында маманның білім-білігін арттырып отырмаса, қызметкердің тұйықтала беретіні түсінікті. Шынын айту керек, шетелдік компаниялар бұл принципті жақсы ұстанады. ТШО басшылығы мұнысына мақтанғандай, бірнеше цифр келтірді. Мысалы, жергілікті кадрларды жұмысқа тарту бағытында 1993 жылдан бері 350-ден аса жергілікті қызметкер Филиппин, Қытай, Оңтүстік Корея, АҚШ, Ұлыбритания елдерінде тағылымдамадан өтіпті. Әлбетте, бұл басшылық құрамды ұлттық кадрлармен алмастыру кезінде көп пайдасын тигізгені сөзсіз.
Қазір ТШО компаниясының бизнес серіктестерінің 95 пайызы – жергілікті мамандар. Кәсіпорын шетелдік серіктестер санын азай-тып, қазақстандық қызметкерлер үлесін арттыруға ниет танытуда.
Жауапсыз қалған сұрақ
Бұл екі компанияның бәлсінуінің де өз себебі бар. Өйткені, бұлар қазір Қазақстан экономикасының драйвері іспетті. Алқалы жиында облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов те мұны атап көрсетті. Бірақ мұны екі жақты алып қарауға болады.
Біріншіден, ТШО да, NCOC та біздің елдің күш-қуатын арт-тырып, халықтың әл-ауқатын жақсартуға айтарлықтай оң септігін тигізіп келеді. Оған бәс бар ма?! Жылма-жыл миллиардтаған қаражат қазынамызға түсіп, республикада бұрын-соңды жасалмаған жұмыстар жаса-лып жатыр. Қуаныштысы, ком-паниялар Қазақстан мүддесіне жұмсалатын қаржы мөлшерін жыл сайын көбейтіп келеді. Бұл – қуанышты жағдай!..
Енді «екіншіден» деп саусағыңызды бүгіңіз. Өкініштісі, күнгей беттен сәл сырғысаңыз, үлкен сұрақ тұрады. Себебі, инвесторлар біздің жердің қойнауынан шетел валютасына шаққанда соншама мол қазынаны қотарып алып, сыртқа әкетіп жатыр. Сол жақта мұнай және мұнай өнімдерінен қыруар мүкәммал жасап, өзімізге удай қымбат бағаға қайта сатып отыр. Оның үстіне, көмірсутегі шикізатын өндіргенде, дүниежүзілік экологиялық талаптардың аяқасты болып жатқаны тағы бар. Сонда біз неге бөркімізді аспанға ата мақтанып, не үшін қуанып жүрміз?..
Мәжілісте Махамбет Жолдасқалиұлы осыны да меңзеген сыңайлы. Өйткені, ком-пания басшылығына қоршаған ортаны сақтап-қорғау туралы сұрақтар көп болды.Әуелі, «Теңізшевройл» компаниясы бас директорының орынбасары Айбек Қырамбаевты біраз қыспаққа алды. «Nur Otan» пар-тиясы Атырау облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Нұрлыбек Ожаев: – ТШО компаниясы соңғы екі-үш жылда қанша экологиялық айыппұл төледі? Нақты сома-сы бар ма? Ұлттық кадрлар-мен алмастыру қанша пайызды құрайды? Жылыой ауданында ТШО-ның қандай әлеуметтік жобалары жалғасуда? Қай жоба-лар тоқтап тұр? – деп, сұрақты жаудырғанда, компания өкілдері тосылып қалды.
Мұндайды күтпесе керек, айыппұл туралы сауал сол күйі жауапсыз қалды. «Сасқан үйрек артымен жүзеді» демекші, компанияның үкіметпен және қоғаммен байланыс жөніндегі бас менеджері Рзабек Артығалиев: – Ауаға таралатын шығарындыларды қысқартып, 73 пайызға жеткіздік. Технологиялық процесс бойынша біз алауларды (факел) өшіре алмаймыз. Жалпы, экологиялық іс-шаралар өте көп өткізіледі, — деді.
Сонда біздің есімізге оның Жылыой ауданын басқарып тұрған кезде қазір өзі қызмет етіп жүрген компанияның экологиялық талаптарды өрескел бұзып отырғаны жөнінде айтқан сөзі орала берді…Айтпақшы, Р.Артығалиев компания басшылығының бұл мәжіліске тыңғылықты әзірленбегенін емеурінмен ұқтырды.
«Айыппұл саны мен көлеміне қатысты мәлімет қазір қолымызда жоқ» дегендей сыл-тау айтты. Әйтеуір, әлеуметтік жобалардың тоқтамайтынын түсіндік. ТШО компаниясы «Игілік» бағдарламасының бір жылдық бюджетін арттыруда. Басты ұстаным – әлеуметтік нысандар салу.
Түптеп келсек, «Теңізшевройл» Атырау жеріне алғаш келген кезде теміржол мен автокөлік жолы тартылған, жоғары кернеулі қуат көзі бар, құбырлар жүргізілген, дайын жерге келгенін көргендер әлі де бар. Егер сол кезден бері Атырау облысының дамуына тигізген үлесін шолып көрсек, компания басшылығы алғаны мен бергенінің ара салмағын таразыға тартып көргені жөн.
Сол ұстаныммен қарағанда: – ТШО-ның бағдарламаларға бөліп отырған қаражаты жеткіліксіз. Себебі, аталған жетістіктерді өз қолымен жасайтын болса, бірнеше есе артық шығынға ұрынар еді. Сол жылдары Жылыой ауданында қызметте болғандықтан, мәселемен етене таныспын. Әу баста «Теңізді» салған компаниялардың болжамы бойынша зауыт қоршаған ортаны бүлдірмеу көрсеткішін 99,9 пайыз сақтауды көздеді. Міне, жылдар өтті, экология нашар, — деген Атырау облысы Қоғамдық кеңесінің төрағасы Мұрат Өтешовтың қоғамға ортақ мәселені тиімді шешу жөніндегі өткір сыны әбден орынды.
Өйткені, компанияның қазақстандық қамтудағы 70 пайыздық көрсеткішінің басым бөлігі – қара жұмыс жасайтындар. Егер олай десек, ТШО-дағы сервистік компаниялардың түгелдей қазақстандық болуы шарт. Әйтпесе, халық арасында қалыптасқан «ТШО мен сервистік компания қызметкерлері ұшақтың «бизнес класс» салоны-мен ұшады, қымбат қонақ үйде жатады» деген пікірлер бұл жер-де артық шығынның көптігін растап тұр.
Сондай-ақ жергілікті мүдденің мұншалықты өрескел бұзылуы күндердің күнінде қазақстандықтардың орынды ашу-ызасын туғызатын факторға айналары сөзсіз. Мұны компания-да бұған дейін бірнеше рет болған толқулар айғақтай түседі.
Шынында, жұмыспен қамту мәселесінің күн тәртібінде өткір тұрғанын жасыруға болмас. Әсіресе, Жылыой ауданы бойынша бұл проблема көп жылдан бері шешімін таппай жүр. Ендеше, жергілікті колледждер мен жоғары оқу орындарын бітірген жас мамандарды жұмысқа қабылдауда отандық үлеске басымдық берген де артық емес.
Сол жолы алқалы жиынға арнайы шақыртумен қатысқан «Теңізшевройл» ЖШС-нің бас директоры Имер Боннер ханым сөзін негізгі тақырыпқа емес, болуы мүмкін пандемияның екінші толқынына дайындық жұмыстарына бұрып әкеткен еді. Оның айтуынша, әлемді әуреге салған пандемия басталар тұста «Теңіз» кенішіндегі еңбекшілердің жалпы саны 45 мыңнан астам болыпты. Вируспен күрестен сабақ алған И.Боннер ханым ПТР талдамасының тиімділігін байқап, күніне 2300 адам сынама тапсыра алатын ғимарат салғызған.
Тек сөз соңында ғана негізгі тақырыпқа қатысты: – Аталған индустриядағы қазақстандық мазмұнды көбейту мақсатында бірлесіп, жұмыс жасай бермекпіз. Көрсеткіштерді көбейту үшін барлық мүмкіндіктерді қарастырамыз, — деп қысқа қайырды.
Жасыратыны жоқ, бұл – тек бір мәжілістің күн тәртібінде емес, сонау жылғы Арал проблема-сы тәрізді халықаралық тұрғыда тұрақты көтерілуі тиіс тақырып. Өйткені, көмірсутегі шикізатын өндіру ісі барда, экология мәселесі ешқашан назардан тыс қалмайды.Әрине, «Теңізшевройл» Қазақстан үшін ауқымды жұмыстарды жүзеге асырып отыр. Бірақ негізгі мақсат – мұнай көлемін арттыру екені естен шықпағаны жөн. Жұмыспен қамту, қазақстандық мазмұнды арттыру бағытында ТШО компаниясының өз жоспарла-ры бар. Оны орындау да керек. Бірақ жұмыс учаскесіндегі және соның төңірегінде шоғырланған халықтың саулығы да қаперде болуы шарт.
Өкінішке орай, қоршаған ор-таны қорғау бойынша NCOC компаниясының нендей іс-әрекет атқарып жатқаны бізге жұмбақ. Әйтеуір, Е.Марабаев «қысқарту туралы ой жоқ» екенін айтты.Жалпы, Қазақстан Республикасының Экологиялық Кодексінің талаптары сақталуы шарт. Бірақ одан үміттенбеу ке-рек, соған компаниялар кепілдік берсін. Сонда ғана екі компанияға ортақ проблеманың шешімін та-буы ұзаққа созылмайды.
Түйінсөз немесе отандық мүдде
Біздің ой елегінен өткізіп отырғанымыз – бір жиында сөз болған қос тақырып. Маңызды, әрине. Дәл қазіргі жағдайда «жауын ішінен су болмай шығудың» амал-айласын тез тапқан жөн. Пандемияға қарсы жасалуы тиіс жұмыстарды жүргізе отырып, еңбекшілердің жұмыс орнын сақтап қалу – басты міндет. Мысалы, «Теңізшевройл» қызметкерлер са-нын тамыз айында 14 мыңға азайтыпты. Қазір қайтадан көбейіп келеді, 27 мыңға жуық адам жұмыс жасап жатыр екен. Жұмыс орны бұдан да көбейетініне компания басшылығы уәде етті, біз сендік. Бірақ, шетелдік компаниялардағы мыңдаған адамның денсаулығы мен қауіпсіздігі тек сол компанияның ғана мәселесі емес. Ол мемлекетке де үлкен жауапкершілік жүктейді. Сол себепті, бірлескен іс-әрекеттің жібек тіні үзілмеуі тиіс.
Аталған компаниялар қазынаға қомақты қаржы құйып отырғанымен, әңгіме олардың қоршаған ортаға келтіріп жатқан қыруар зиян көлеміне келіп тіреле береді. Өйткені, осы өлкедегі жалпы экологиялық ахуал ақсап тұр. Соның кесірінен жүрек-қан тамырлары, сусақ, әлі ешкім диаг-нозын таппаған беймәлім дерт-тер көбейді. Айдың-күннің ама-нында ұйқысынан оянбай қалып жатқандары қаншама?! Бұл кімге де оңай тимесі анық.
Жер-дүниені дүрліктірген коронавирус деген тажалдың аранын ашып тұрғаны – анау. Соның кесірінен әлемге төнген қаржы дағдарысы – мынау. Басқа да сан-сапат проблеманы тізбелесек, бұл жалғаннан түңіліп кетеріңіз хақ. Әйтсе де, «қалауын тапса қар жанарын» ата-бабамыз көріпкелдікпен айтып кетті.
Ең бастысы – кез келген мәселеге патриоттық мүддемен қарау. Қандай да бір компания-да жұмыс жасап жүріп, сол құрылымның ел мен жерге кеселін тигізбеуін ойлаған дұрыс. Бұдан басқа кәсіпкерлікке қолұшын созу, агроөнеркәсіп кешеніне инвести-ция тарту, сол сияқты көптеген проблеманың да ортақ мүддемен ұштасып жатқанын ұрпақ та-лап етіп отыр. Республиканың тұңғыш Президенті-Елбасы Н.Назарбаевтың да, Президент Қ.Тоқаевтың да ұстанымы сол.
«Тауларды аласартпай – даланы асқақтатайық» деген Олжас Сүлейменовтың сөзін компаниядағы қазақстандық мүддені ойлайтын азаматтар естен шығармай жүрсе екен. Сонда өз бауырың алтын сандықтың үстінде, алтын табақтан алтын қасықпен ас ішіп отырар еді-ау, шіркін!..
Гүлжан ӘМІРОВА