САРАЙШЫҚТЫ САҚТАП ҚАЛА АЛАМЫЗ БА?

*Бүгінгі күннің тақырыбына

Көне шаһардың тарихи орны суға жұтылып барады
«Егер бүгін мән бермесек, енді бес жылда Сарайшық қаласының орны жер бетінен жоғалады». Әлкей Марғұлан атындағы археология институты Астана бөлімшесінің директоры, профессор Зейнолла Самашев бұл пікірін бұқаралық ақпарат құралдарында жиі айтып жүр. Көне шаһардың аянышты халін және оны құтқару амалдарын жетік білетін ғалым облыстық әкімдіктегі осы мәселе талқыға түскен мәжілісте де өз ойынан айнымайтынын ашып айтты.

Облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан тарихи орынды Жайық өзені шайып бара жатқанына байланысты облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовтің Өңірлік даму министрі Бақытжан Сағынтаевқа жазған хаты негізінде арнайы комиссия құрылғанынан хабардар етті. Мәдениет министрлігі Мәдениет комитетінің төрағасы Тілеуғали Қышқашбаев басшылық ететін комиссия құрамында Мәдениет министрлігі Мәдениет комитеті төрағасының орынбасары Әлия Әбілдинова, осы министрліктің басқарма басшысы Базарбай Алтаев, ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілі Әбілда Дәуренбек, Өңірлік даму министрлігінің өкілі Қуаныш Қияшев, Көлік және коммуникация министрлігінің өкілі Асқар Төлеков, Мәдениет және ақпарат министрлігінің өкілі Сәдуақас Ағытаевтармен қатар, облыс әкімінің орынбасарлары Шыңғыс Мұқан мен Тимуржан Шәкімов, Әлкей Марғұлан атындағы археология институты Астана бөлімшесінің директоры Зейнолла Самашев, Жайық-Каспий бассейндік су инспекциясының басшысы Бисен Қуанов, осы мекеменің өкілі Салауат Сариндер бар.
Сарайшық мәселесін жете зерттеп жүрген Зейнолла Самашев мәжіліске қатысушылар назарына өзінің 1989 жылдан бері жинаған деректерінің нәтижесінде көне қаланы құтқарып қалу шараларына арналған екі жобасын атап өтті. Оның алғашқысы – Жайық өзенінің жағасын бекіту, екіншісі – 942 жылы болған су тасқыны салдарынан су астында қалған қала орнын ашып алу. Алайда, ғалымның бұл сөзіне Жайық-Каспий бассейндік су инспекциясының басшысы Бисен Қуанов уәж айтты. «Екінші нұсқа шығыны көп және нәтижесі неғайбылдеу, сондықтан тек бірінші нұсқаны ғана бағытқа алған жөн, – деді ол. – Сарайшықтың негізгі бөлігі Жайық өзенінің сол жақ бетінде орналасқан. Қазір жағаны бекіту жұмыстарын қолға алмасақ, ертең кеш болады. Біз көп қаржы кетеді екен деп бұл жұмысты кейінге ысыра бермеуіміз керек. Егер қазірден бастап қолға алсақ, бір жылдың ішінде Сарайшықтың орнын аман сақтап қалар едік. Атырауға алыс-жақын шетелдерден, еліміздің әр аймағынан келетін туристер саны артып келеді. Сарайшықтың қазіргі орнын сақтап, жаңа технологиямен жағалауды бекітіп, жарықтандырсақ, ұялмай көрсететін орынға айналар еді».
Мәжіліске қатысушылардың барлығы да қала тағдыры мен қазына қаржысы таразының екі басына түсіп тұрған мезетте оңтайлы шешім қабылдау керектігін баса айтты. Үкімет тарапынан қолдау көрсетіліп, комиссия өз жұмысын мүлтіксіз атқарса, жеті ханның мекені болған, қазақ хандығының алғашқы астанасы Сарайшықтың орнын аман сақтап қалуға үміт бар.
Мәжілісті қорытындылаған облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан Тәуелсіздік күні мерекесі қарсаңында қолға алынған бұл шараның нәтижелі болатынына сенім білдірді. Комиссия мүшелері жиыннан соң мәселенің мәнісіне анық көз жеткізу үшін Сарайшық қаласына аттанды.

Бақытгүл БАБАШ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз