САРАЙШЫҚ ТУРИЗМГЕ СҰРАНЫП ТҰР
Бейсенбіде облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғұмар Дүйсембаев туризм саласын дамыту, өңір тынысы мен тарихын насихаттау бағытында абыройлы еңбек етіп жүрген бір топ азаматтарды марапаттады. Атап айтсақ, «Хан ордалы Сарайшық» мемориалдық кешенінің директоры Молдаш Бердімұратов Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму министрлігінің «Туризм саласына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісін кеудесіне тақты. Сондай-ақ, облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының туризмді дамыту бөлімінің басшысы Қарлығаш Бекбаева мен облыстық тарихи-өлкетану мұражайының экскурсия бөлімінің меңгерушісі Оксана Әлжанова аталмыш министрліктің Құрмет грамотасымен марапатталды. Ал, аталған мұражайдың қызметкері Эльбина Мұхамбетқалиеваға «Алғыс хат» табыс етілді.
Сала мамандары атынан сөз алған Молдаш Бердімұратов тарихты кейінгі ұрпаққа толық жеткізу мақсатында нақты жұмыстану керектігін баса айтты. Биыл «Сарайшық» мұражайының жұмыс жасағанына он бес жыл толып отыр.
– Сарайшықтың тарихын халыққа жеткізу – біздің басты міндетіміз. Осыған орай, биыл Сарайшық тарихы жөнінде кино түсірілмекші. Қасым ханның кезінде Қазақ хандығының астанасы болған ұзындығы он, ені сегіз шақырымға созылған, айына 700-дей керуен келген қала сол кездің өзінде туристік орталық саналды. Сондықтан, бұл тарихи орынды қазірде де туризмнің орталық базасына айналдыру керек деп есептеймін. Алдымен, жағаны бекітіп, қазба жұмыстарын жалғастыру қажет, – деді ол.
Сондай-ақ, облыстық тарихи-өлкетану мұражайының директоры Рашида Харипова биыл Қазақ хандығының – 550, Ұлы Жеңістің – 70 және мұражайдың 75 жылдықтарына орай жылжымалы көрмелер ұйымдастырылатынын айтты. Ал, облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Лариса Жұмағалиева жиынға қатысқан қонақүйлер және туристік агенттіктер басшыларына кәсіпті дамыту мақсатында Үкімет ұсынып отырған қолдау мен көрсетіліп отырған қамқорлық жөнінде кеңінен түсіндіріп өтті.
Айгүл ЕРТІЛЕУ.
Суретті түсірген
Ерлан АЛТЫБАЕВ.