АТЫРАУДА НАННЫҢ БАҒАСЫ НЕГІЗСІЗ ҚЫМБАТТАМАЙДЫ

Ағымдағы жылдың 29 тамыз күні қалалық әкімдікте Атырау қаласының әкімі Нұрлыбек Ожаев нан бағасын негізсіз өсірмеу бойынша наубайхана басшылары мен қалалық деңгейдегі салалық органдар өкілдерін арнайы жинап, кеңейтілген мәжіліс өткізді.

 

Мәжіліске кәсіпкерлер мен БАҚ өкілдері, қала тұрғындары қатысты. Жалпы алғанда, атал-ған кездесу көптеген қала тұрғындарын толғандырып жүрген әлеуметтік маңызды мәселе – азық-түлік өнімдерінің бағасын негізсіз өсірмеу туралы туындаған сұрақтарға жауап алуға мүмкіндік берді.

Мәжіліске төрағалық еткен шаһар басшысы әлемдік нарықтағы мұнай бағасының төмендеуі, валюта (доллар, еуро) құнының өсуі Қазақстан экономикасына да әсерін тигізіп отырғандықтан өңірде туындап отырған мәселелерді уақытылы шешуді, әлеуметтік маңызды азық-түлік өнімдерінің бағасын үнемі бақылауда ұстауды қалалық кәсіпкерлік бөліміне тапсырды.

Қалалық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Қ.Тұрғанов өз кезегінде қала базарлары мен супермаркеттерін әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерімен қамту және бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу мақсатында ағымдағы жылдың басында Меморандумдар жасақталғанын айтты.

Бүгінгі таңда азық-түліктерді төмен бағамен ұсыну, делдалсыз сату бағытында қала базарлары мен шағын аудандарда арнайы сауда орындары бөлініп, жергілікті шаруа қожалықтарының өз өнімдерін қала халқына кедергісіз ұсынуға мол мүмкіншілік берілген.

Сонымен қатар, атыраулықтарға азық-түлік өнімдерін қолжетімді бағамен ұсыну мақсатында Ресей және отандық тауар өндірушілердің қатысуымен Тұрғындар қалашығындағы  «Мұнайшы» спорт кешені және С.Мұқашев алаңында сенбі, жексенбі күндері жәрмеңкелер тұрақты түрде өткізілуде.

Қала әкімі аталған кездесуге қатысушы қаладағы наубайхана басшыларына өңірлік тұрақтандыру қорынан бірінші сұрыпты ұн бөлініп отырғандығын қаперге берді.

Мәжіліс соңында шаһар басшысы наубайхана басшыларына нан өнімдерінің бағасын негізсіз көтермеуді қадағалай тапсырды. Сонымен қатар, оларға өз өнімдерін тікелей делдалсыз сату үшін қала базарларынан сауда нүктелерінің қарастырылатындығын да жеткізді.

Өз тілшімізден.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз