Сапасыз тағамнан сақтаныңыз!
Атырау қаласы бойынша ағымдағы жылдың бес айында өткір ішек жұқпалы ауруларымен 132 жағдай тіркелді, оның 99 пайызы – 14 жасқа дейінгі балалар. Аурушаңдықтың 60 пайызы жуылмаған, тоңазытқышта сақталмаған, сақтау мерзімі бұзылған сапасыз тағамдармен байланысты. Бұл туралы Атырау қалалық тұтынушылардың құқықтарын қорғау басқармасы мен облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының бірлескен баспасөз конференциясында айтылды.
Атырау қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының эпидемиологиялық бөлім басшысының міндетін атқарушы Роза Жұмашеваның айтуынша, соңғы жылдары өңірдегі эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Халық арасында тамақтан улануға байланысты асқынған ауру түрлері тіркелген жоқ. Бірақ, үй жағдайында балалардың жеке бас гигиенасын сақтамаудан, ата-аналар сал-ғырттығынан кейбір тамақтан уланудың жеңіл-желпі түрлері анықталып отыр. Айта кетейік, қала бойынша тағам сапасы нашарлығына, улану фактілеріне орай бірде-бір дүңгіршек жабылып, жұмысын тоқтатпаған. Алайда, базар маңындағы, көшелердегі өзбек, қарақалпақ ұлтының өкілдері дайындап сататын бәліштер мен самсалардың тазалығына, олардың арнайы медициналық құжаты бар-жоғына көпшілік көп алаңдайды.
Біз де осы мәселені эпиде-миологиялық қадағалау мамандарына сауал етіп жолдаған едік. Олардың айтуынша, арнайы Заңға сәйкес, қарақалпақ пен өзбек ағайындарға жеке кәсібін ашуға болмайды. Дүңгіршектердегі қызметкерлер – жалданып еңбек етіп жатқан жұмысшылар. Олардың қожайындары – жергілікті азаматтар. Сондықтан қандай да бір түсініспеу-шілік орын алып, тағам бұзылу фактілеріне орай қожайындары жауап береді.
Айта кетелік, облыста 5 маусым-5 шілде аралығында жіті ішек инфекцияларының және тамақтан уланудың алдын алу айлығы өтуде.
Дерек:
Биылғы бес айдағы санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау қорытындысында, зертханалық тексеруге алынған 958 тағамның 127-сі микробиологиялық көрсеткішке сәйкес еместігі анықталды. Оның 13,3 пайызы – қаладағы дүкендерден және базарлардан алынған тағамдар.
Маманнан кеңес:
Тамақтан уланудың алдын алу үшін базарлардан, сауда дүкендерінен сапасы белгісіз, сапасын куәландыратын құжатсыз сатылып жатқан тамақ өнімдерін сатып аларда сақ болған жөн.
Үй жағдайында дайындалған консервiленген өнiмдердi, тағамның қай түрін болмасын қолданар алдында бөлек ыдысқа салып, 15-20 минут қайнатып, кейiн суытып қолданған жөн.
Нұргүл ЫСМАҒҰЛОВА