Сапасыз өнімдер азаймай тұр
Бүгінде ішкі нарыққа сәйкес емес ет, құс, сүт, май, тоң май өнімдерінің көп бөлігін импорттық тауарлар құрайды. Биылғы алты айда тексеріс үшін сатып алынған 770 өнімнің 232-сі Кеден Одағының талаптарына сай болмады. Бұл жөнінде облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаментінде өткен «дөңгелек үстелде» айтылды.
Мамандардың айтуынша, ішкі нарыққа сай келмейтін өнімнің басым бөлігі сүт тағамдары болды. Сәйкессіздіктер негізінде кәсіп иелеріне жоспардан тыс тексеру жүргізіліп, бұзушылықтарды жою жөнінде нұсқамалар берілді.
– Іс-шаралар нәтижесінде 1 млн. 461 мыңнан аса теңгені құрайтын 11 айыппұл салынып, 67 кг қауіпті құс өнімдері айналымнан жойылды. Берілген нұсқамалардың орындалмауы бойынша 4 іс сотқа жолданып, қанағаттандырылды. Сотпен төрт миллион теңгеден аса айыппұл салынды, — дейді департаменттің техникалық регламенттер талаптарының сақталуын бақылау бөлімінің басшысы Анар Шайхимова.
Жиында кәсіпкерлерге көтерме қоймаларға, сауда орындарына жеткізілетін өнімдерді қабылдауда бақылауды күшейту, оның ілеспе құжаттары мен қауіпсіздігін, сапасын растайтын іс-қағаздарды толықтай тексеру туралы ұсыныс берілді. Сондай-ақ, өндірушілерге тағамның барлық талаптарға сай болуына қатаң бақылау орнату тапсырылды.
Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА