Жарнама
ЖаңалықтарҚоғам

Сапалы киім шығара аламыз. Бірақ…

Қуатты ел болу – бәсекеге қабілетті болу деген сөз. «Қазақстанда жасалған» әрбір бұйымда төрт қасиет – сапалы, ыңғайлы, әдемі және арзан болуы керек. Сонда ғана ісіміз өнімді, затымыз өтімді болады. Өзімізді өзіміз қамшылауымыз керек, бізді сырттан келіп ешкім жарылқамайды.

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ

Костюм – көршіден, шәркей – шетелден

Адам көркі – шүберек. Ол – рас. Қазір қалтаңның қалыңдығы мен талғамыңның таңдауына сай киінуге мүмкіндік мол. Аты әлемге әйгілі брендтік киім дейсіз бе, мұхит асқан Еуропа, Италия, Франция дейсіз бе, қыр астындағы Қытайдан қажет пе, әлде бағасы қолжетімді айырқалпақты ағайындардың өнімін таңдайсыз ба – өз еркіңізде.  Аталған тізімді «немесе отандық киім таңдағыңыз келе ме?» деп толықтыруға болатын шығар. Бірақ… Еліміздегі жеңіл өнеркәсіп саласының мардымсыз дамуы мен аталған мәселеге қатысты өзекті проблемалардың орын алуы «отандық өнімді таңдаңыз» деп жар салуға әлі де жеткізбей тұр…

Әбден тұралаған саланың бірден оңтайлы жолға түсіп, дамып кетуі оңай емес. Ал, егер еліміз отандық нарықты толықтай өз өнімдерімізбен қамтамасыз етер болса, түсер табыс шаш-етектен. Сырттан таситын импорты шетке сататын экспортынан бірнеше есе асып отырған еліміз үшін жеңіл өнеркәсіп саласын дамыту – басты проблеманың біріне айналғалы қашан?!
Осыдан бірер жыл бұрын Елбасы Үкіметтің кеңейтілген отырысында Қазақстандағы жеңіл өнеркәсіп саласының даму қарқынына көңілі толмайтынын білдірген еді. «Жеңіл кәсіп туралы мүлдем ұмыттық. Бұнымен ешкім нақты айналыспайды, былғары өңделмейді, киім тігілмейді. Неге осылай болды?» деген сауалдарды қоя отырып, тиісті сала министрліктеріне осы мәселені оңалтуды тапсырған еді.

Осыған орай кешенді шаралар қолға алынып, кейінгі кезде салада серпіліс бар. Оны жоққа шығара алмаймыз. «Отандық киім». «Қазақы бренд». Бұл сөздер бізге таңсық емес. Демек, гардеробымыздың бір бөлігін демей-ақ қоялық, бір бұрышын өз киімдерімізбен толтыруға мүмкіндік бар. Тек… Иә, қаражат қажет! Өйткені, қазақы нақыш пен еуропалық стильді, ұлттық реңк пен батыстық брендті біріктірген өнімдер бағасын екінің бірінің қалтасы көтермейді.

Бұдан бұрын Елбасының өзі бастап, отандық киімді сатып алуға шақырған еді. Министрлер де бұл бастамаға үн қосып, отандық киімдерге бет бұра бастаған-ды. Демек, бұл біз сапалы өнім өндіруге қауқарлымыз дегенді білдіреді. Ендігі мәселе – бағасында. Білгеніміздей, танымал отандық тігін фирмаларының бірі шығаратын костюмдердің құны 47 мың теңгеден басталып, 4 мың долларға және одан да жоғары сомаға бағаланады. Ал, базардағы қытайлық және түркиялық костюмдер құны 15-20 мың теңгеден басталады екен. Бұқараның қайсысын таңдайтынын өзіңіз-ақ бағамдай беріңіз…

Елімізде жылына 15-20 мың тонна жүн, 8 миллион тоннаға жуық тері шикізаты өндіріледі. Бірақ, соның тек 10 проценті пайдаға асырылып, кәдеге жарайды.

Бүгінгі таңда республика бойынша киім өндірісімен айналысатын 983 кәсіпорын бар. Оның 11-і ірі, 29-ы орта, 943-і шағын компания. Өткен жылмен салыстырғанда жалпы өндіріс көлемі 15,5 процентке артқан.

Гүлжан ӘМІРОВА

 

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button