
Сандық экономикаға сапалы кадр керек
Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында көтерілген жасанды интеллект пен цифрлық трансформация салаларындағы бастамалар – еліміздің білім беру жүйесіне жаңа міндеттер мен үлкен мүмкіндіктер жүктейді.

Мемлекет тарапынан IT-индустрияны қолдау, жасанды интеллект технологияларын енгізу және 100 мың IT маманын даярлау секілді нақты көрсеткіштер – еліміз үшін айқын бағдар. Біз осы бастамалардың жүзеге асуына белсенді атсалысуға дайынбыз.
Бүгінде біздің университет базасында заманауи ІТ-кабинеттер жабдықталып, цифрлық оқыту платформаларымен интеграциялану жұмыстары жүргізілуде. Студенттеріміз жасанды интеллект негіздері, мәліметтер қоры, веб-бағдарламалау және киберқауіпсіздік секілді бағыттар бойынша оқытылып жатыр.
Президент атап өткендей, Қазақстанның $1 млрд. көлеміндегі IT қызметтерін экспорттау мақсаты – үлкен міндет, алайда сапалы маман даярлау арқылы оған қол жеткізуге болады. Сондықтан біз индустриямен тығыз байланыста жұмыс істеп, нарыққа қажет кадрларды даярлауға басымдық береміз.
Білім мен технология қатар дамыған қоғам – бәсекеге қабілетті ұлттың кепілі. Осы бағыттағы мемлекеттік қолдаулар мен стратегиялық құжаттар білім беру саласына тың серпін береді деп сенеміз.
Жандәулет МЕҢДІҒАЛИЕВ,
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті АКТ әзірлеу және дамыту орталығының жетекшісі