Сананы тазартудың сара жолы
Бақтыбек ТАУБАЕВ,
экономика ғылымдарының докторы:
— Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2017 жылғы 12 сәуірде жарияланған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласын оқып, ойға шомдым. Шындығында, ойланатын тұстар көп және барлығы да – еліміздің руханиятының биіктеуі үшін жасалуға тиісті игіліктер. Таяу арада қолға алынуға тиісті бірнеше жобалар бар. Соның ішінде «қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру жұмыстарын бастау керек» деген жолдарды оқығаннан кейін, ғалым ретінде өз көзқарасымды білдіруді жөн көрдім.
Латын жазуы қазаққа бейтаныс емес. Не үшін латын әрпіне көшуіміз керек? Саяси маңыздылығы жағынан айтқанда, кириллицамен сіңіп кірген отарлық санадан арылу үшін де оның саяси маңызы зор. Екіншіден, латын жазуы қолданысқа оңай, игеруге ыңғайлы. Оған қоса жаратылыс ғылымдары жағында да қолданыста дәлділігі мен ептілігін дүние жүзінің өмір тәжірибесі дәлелдеді.
Латын әрпіне көшу қазіргі қажеттілік деп есептеу керек. Отандық азаматтарда мынадай теріс түсінік бар: «егер латын әрпіне көшіп кетсек, осы уақытқа дейін жазылған бүкіл әдеби мұраларымыз қолданыстан қалып қояды» деседі. Бұл – орынсыз уайым. Себебі, егер мұның бәрі қазақ халқының нағыз мәдени мұрасы болса, кейінгі кездерде оны латынға көшірудің еш қиындығы жоқ. Керісінше, латын әрпіне көшсек, Кеңес өкіметі кезіндегі нағыз әдеби жауһарларымызды латын әрпіне көшіретін едік те, сол кезде жазылған, кеңестік идеологияны уағыздайтын дүниелерден арылар едік.