Санаға сәуле шашқан сапар
Сәулеті мен дәулеті келіскен мұнайлы өңірді жұрт қазба байлығымен ғана емес, жергілікті өнімімен де тани бастады. Ас атасы – наннан бастап, бірнеше тауар түрін шығаруға бейімделген индустриалды аймақ облыс халқының сұранысын қамтып отырған жайы бар. Қазір сауда орындарының сөрелерінен өзгенің емес, өзіміздің азық-түлігіміз бен киім-кешегімізді таңдайтын болдық. Елбасының қазақстандықтарға қойған басты міндеті мен талабы да осы еді. Тапсырма орындалып, жоспар жүзеге асып жатыр. Оған Мемлекет басшысының өзі көз жеткізді. Атырауға сапары барысында мұндағы атқарылған өркенді істерге көңілі толып, оң баға берген Елбасы «енді өңдеу өнеркәсібіне инвесторларды көптеп тарту керек» деді.
Аймақта атқарылған толымды істерді саралап, бірнеше нысанды аралаған Мемлекет басшысы атыраулықтардың қарқынды жұмысын оң бағалады. Тәуелсіздік жылдарында қазақ халқының бұрын-соңды болмаған жетістіктерге жеткенін атап өткен Ұлт Көшбасшысы тың өзгерістер әрі қарай да жалғасын табу керектігін ескертті.
Күнделікті күйбең тірліктің өзі қажытып жіберетіні соншалық, көз алдымызда сынаптай сырғып өтіп жатқан алтын уақытты бағалай бермейді екенбіз. Шетелдерде білімін жетілдірген құрбымның: «Санамызды жаңғыртатын шақ баяғыда жетті, біз «жылы» орынды «суытқымыз» келмейді. Қазіргі көзқарас мүлде басқаша. Қазақшылығымыздан арыла алмай келеміз ғой», дегені бар еді. Ойланып отырсам, бұл сөздердің астарында үлкен мағына жатыр екен. Себебі, кей кездерде сол баяғы қазақылығымыз өзімізге кері әсерін тигізіп алатын сияқты. Қараңыз, басқасын айтпағанның өзінде тоқсаныншы жылдардағы тоқырау халықты біраз сергелдеңге салды. Тұрмыс түзеліп, жағдай жақсарған шақта «өзім тойсам да, көзім тоймайдының» кебін кигендер қатары көбейе бастады. Қымбат көлік алды, зәулім үй салды, жақыннан емес, сонау Италия мен Франция дизайнерлерінің саудасын жүргізді. Яғни, қалталылар көйлек-көншекті де ат арытып, алыстан әкелетін болды.
Әрине, бренд өнімдерді ғана таңдау – әркімнің өз еркіндегі қадам. Бірақ, біз осы жылдар аралығында отандық жеңіл өнеркәсібіміздің тамырына балта шапқан жоқпыз ба? Бұл мәселеге Елбасының арнайы тоқталуының мәнін ұққандаймыз.
– Өзімізде тігілетін костюмді қанша киіп жүрсем де, барлықтарың мына жерде «Брионимен» отырсыңдар. Қазақстанда тігілетін киімдер одан жаман емес. Италиялық бұл бренд 5-6 мың долларға бағаланса, қазақстандық өнім одан бірнеше есе арзан әрі сапасы кем түспейді.
Мен сіздерге айтайын, біз қазақпыз ғой. Жас кезімізде қиындық көріп өстік. Біздің әке-шешелеріміз ештеңе көрмеді. Қалтамызға ақша түсіп еді, барлығымыз дәу машина алдық, үш қабатты үй салдық. Қазір сол жігіттер үйлерін сата алмай жүр. Үш-төрт қабатты үйге екі баласымен тұру деген қандай масқара! Оны күнде тазалау керек, қарайтын адам қажет.
Батыста бай адамдар өзінің бай екенін елдің алдында көрсетпейді. Нағыз бай адамдар сондай болады. Ал, біздікі «менің машинам ананікінен жақсы, үйім биік» деп көрсетуі керек. Ол – нағыз сауатсыздық. «Ұлық болсаң, кішік бол» деп қазақ неліктен айтқан? Байлықты біреу көреді, біреу көре алмайды, — деді Елбасы.
Басқасын қайдам, қазір той-томалақты да жарыса өткізетін болдық емес пе? Зәулім тойхананы жалға алып, оның ішіне жартысынан көбін танымайтын «ағайын-тума, дос-жаранды» шақырып, 500-600 қонаққа өткізу атадан қалған «дәстүр» ме еді? Ешкімді ешнәрсемен таңғалдыра алмайтын шақта жұрттың назарын аударамын деп ысырапшылдыққа бой алдырудан кім қандай пайда тапты? Қалталы болса бір сәрі, айлығын шайлығына әрең жеткізіп отырғандардың өзі несие алып, бірнеше миллион теңгеге мейрамхананы жалға алатыны тіптен ойға қонымсыз. Бетін әрмен қылсын, бірақ, қазір садақаның шығыны құдалықтан асып түспесе, кем емес. Бірде Ұлттық Банкі филиалы директорының есепті баяндамасын тыңдай отырып, не күлерімді, не жыларымды білмегенім бар. Себебі, филиал басшысының хабарлауынша, қазақстандықтар сұраныс берген несиенің тоқсан пайызы тұтынушылық мақсатта алынған көрінеді. Ал, қазіргі заман талабы мүлде басқаша.
Ел Президенті айтқандай, бүгінгі қазақтың байлары мемлекет жүргізіп отырған саясаттың арқасында дәулеттілер қатарынан орын алды. Сондықтан, енді табысты кәсіпкерлерді туған ауылдарына барып, әлеуметтік нысандар салуға қаржы бөлуге шақырды. Әркез қаймана қазақтың қамын алдыңғы кезекке қоятын Мемлекет басшысы жас буынды осындай ысырапшылдықтан ада болып, еліміздің өркендеу жолын әрі қарай жалғастырса екен дейді. Тиімді пайызбен берілетін тұрғын үй, шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған қолдау да кейінгі ұрпақ қолына тисе деп толғанады.
– Қоластында жүздеген қызметкері бар гиганттық кәсіпорын қажет емес. Шағын мекеме болғанмен, бәсекеге қабілетті, экспортқа шығара алатын өнім өндіру керек, — деп атап өтті Елбасы.
Иә, уақытта тоқталыс жоқ. Заманмен бірге талап та, үрдіс те өзгеріп жатыр. Ұлт Көшбасшысы айтқандай, біздің өміріміз велосипед секілді. Оның педалін тоқтатсаң, өмір де кідіреді. Ал, тоқтаған педальді тот басады. Сол себепті, адамзат үнемі өзін жетілдіріп, жаңарған дәуірге бейімделіп отыруы шарт.
– Мен төменгі сатыдан бастадым. Бірнеше жерде жұмыс істедім. Байқағаным, кей мекемелерде бір бөлімде 15 қызметкер болса, соның үшеуі ғана еңбек етеді. Жақында Ұлттық бюрода қызмет ету принципі өзгерді. Қысқарту болды. Бұрын үш қызметкер жасаған жұмысты енді бір маман атқарады. Енді оның жалақысы 40 пайызға өсті. Жаңа жүйе тиімділігін көрсетті. Маңғыстау облысында мемлекеттік қызметшілердің еңбекақысы мұнайшылармен бірдей, — деді Елбасы.
Расында, қазір бүкіл үй тірлігін бір ғана робот атқара алатын дәуірде нарыққа икемделген кәсіпорында маман көбейтудің қажеті шамалы. Тәуелсіз Қазақстан жан-жақты, білімді, білікті, адами қасиеттерді бойына сіңірген, ізденімпаз, бәсекеге қабілетті кәсіби кадрлардан құралады. Бүгінде компаниялардың мамандарға айрықша назар аударуының басты себебі де – осында. Ал, жоғары лауазымда отырған көкесіне «сенгендердің» кәсіпорындағы «ғұмыры» да қысқа болатынын дәлелдеудің өзі артық.
Орынғали ҚАРАСАЕВ, Атырау облысының Құрметті азаматы:
Тағылымы мол жүздесу
–Ұлт Көшбасшысы жыл сайын аймаққа келіп, жұртшылықпен кездеседі. Биыл да сол үрдіс жалғасын тауып, Елбасы өңірдегі бірқатар нысанды аралап, жастармен жүздесті. Аймақтағы атқарылып жатқан жұмыстарды саралап, оң бағасын берді. Бұл Атырау жұртшылығының тұрмыс-тіршілігіне разы болғанынан туындаған бағалау деп түсінемін.
Жалпы, бұған дейін де Президент алдында өз пікірімді айтып жүрмін ғой. Ерекшелігі сол, Мемлекет басшысы Атырауға келген сайын елге рух, жігер беріп отырады. Ал, идеологиялық жұмыстың қоғамда рөлі зор екенін жақсы білеміз. Бәрінен бұрын жастарға қолдау білдіріп, білгенін кейінгімен бөліскеніне разы болдым. Жас буын шыбық секілді ғой, қайда бұрсаң, сол жаққа қарай иіле түседі. Міне, осының тереңдігін анық білетін Нұрсұлтан Назарбаев қай уақытта да кейінгі ұрпақ тәрбиесіне айрықша мән береді. Шыны керек, Елбасы сапарынан кейін біз де бір серпіліп қалған жайымыз бар.
Назгүл ЕСМАҚАНОВА, «Caspiy Lana» ЖШС директоры:
Өндірушіден – өңдеушіге!
–Пайдалы қазбаларға бай Атырау өңірі «қара алтынымен» әлемге танылды. Сол себепті, шетелдік инвестицияның басым бөлігі осы салаға жұмсалып, өндіріс өркендей бастады. Әйткенмен, табиғи байлықтың сарқылмайтынына ешкім кепілдік бере алмайды. Демек, өңдеуші секторға инвестор көптеп тартатын уақыт жетті. Мұны Мемлекет басшысы да Атырауға келген сапарында қадап айтты.
Шынымен де, заман бір орында тұрақтап қалмайды екен. Бұрын бар назар – шикізат сатуға бағытталса, қазіргі отандық өнім өндіруге, ауыл шаруашылығын дамытуға ерекше ден қойылып, нақты шаралар қолға алынды. Сенбесеңіз, бүгінде Атырауда мұнайдан басқа азық-түлік, жеңіл өнеркәсіп, құрал-жабдықтар, құрылыс материалдары, қондырғы, құбырлар шығарылады. Нарықта импорттық тауарлардан гөрі өзіміздің жергілікті өнімдердің салмағы артты. Елбасы мұнайлы өңірге сапары кезінде де мұндағы индустриалды аймақтың ахуалымен танысты. Әсіресе, «Қазір Атырауда көкөністің барлық түрі өседі. Осы бағыттағы жұмыстарды жалғастырып, мұны да дамытуымыз керек», — деген сөзі аймақтағы шағын және орта бизнес иелерін ойлантып тастағаны рас. Біздің шикізаттық елден өңдеуші мемлекетке көшетін кезіміз келді.
Зелимхан ЗУБАРИЕВ, «Вайнах» шешен—ингуш этномәдени бірлестігінің төрағасы:
Бірлігі мықты ел озады
– Мемлекет басшысының мұнайлы өлкеге сапары барысында аймақтың әлеуметтік-экономикалық мәселелері жөніндегі кеңеске Атырау облысы Қазақстан халқы Ассамблеясынан төрт өкіл қатыстық. Айтайын дегенім, бәрінен бұрын біздің көңілімізге қонымдысы – Елбасының түрлі ұлт өкілдерінің басын біріктіретін ұйымның қызметіне бейжай қарамайтыны.
Әсіресе, маған жас ұрпақты тәрбиелеуге қатысты айтқан әңгімесі көбірек ұнады. Ал, кейбіреулердің «Қазақстанда коммуналдық қызмет бағасы қымбат» деген пікірлерімен мүлде келіспеймін. Меніңше, мұндайды дүниежүзіндегі оқиғалардан хабары жоқтар ғана айтады.
Біздің елімізде қажетті инфрақұрылымның барлығы бар. Тіпті шалғайдағы ауылдарға газ жетіп, жолдар асфальтталды. Атырауда қай селоға барамын десеңіз де тақтай тегіс жол бар. Демек, қазақстандықтардың өмір сүру сапасы басқаларға қарағанда әлдеқайда жоғары екені даусыз. Басқасын айтпағанның өзінде, адамзат тыныштықта, бейбітшілік орнаған тату елде тұрғанды қалайды.
Айбөпе Сабырова