Сән өнерінің сұлулары әлемдік сайысқа жолдама алды
Атырауда алғаш рет өткен І облыстық «Модель және Таланттар» форумына қатысқан үміткерлердің барлығы «Vero Kids» және «Vero Modelz» сән мектебінің бітіруші түлектері болатын. Аталмыш байқауда іріктелген олар Алматы қаласында өтетін «Модель, Дизайнер және таланттар» атты халықаралық форумында үздік өнер көрсетіп, Вьетнам қаласына және Ресейдегі Еуропа деңгейіндегі байқауға жолдама алды.
Өткен жылы да Алматы қаласында ұйымдастырылған шарада атыраулық арулар жүлделі орындарға ие болып, Вьетнам еліне жолдама жеңіп алған болатын. «VERO Modelz» сән агенттігінің директоры Вероника Қошманованың айтуынша, осы жолғы жастардың белсенділігін көтеру және таланттарын арттыру мақсатында өткізілген байқау бірнеше кезеңнен тұрған. «Қатысушылар «Сұлулық байқауы», «Фотомодель», «Супер модель», «Таланттар байқауы», «Спорт модель» сияқты сындардан өтті. Байқаудан жеңіске жеткен арулар Халықаралық форумға жолдама алатын болғандықтан қыздар жан-жақты сынға түсті. Шараның жоғары деңгейде өтуіне Атырау қаласы әкімдігі, облыстық Жастар саясаты мәселелері басқармасы қолдау көрсетті», дейді ол.
Айта кету керек, Атырауда алғаш рет өткізілген іріктеу байқауына көптеген сауда орындары мен фотостудиялар қолдау көрсетіп, демеуші болған. Сондай-ақ, сән агенттігінің директоры жарнамалық тұрғыда «Атырау», «Комета», «ЖасАтырау», «Геометрия», «Мұнайлы Астана», «Прикаспийский коммуна» газеттері атап өтті.
Абай АҚМҰРЗИЕВ.