САЛЫҚ САЛАСЫНДАҒЫ СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚТАР
Аталған департамент басшысының орынбасары Айгүл Рза-ғұлованың айтуынша, мұндай түсіндіру семинарлар жыл сайын тұрақты түрде ұйымдастырылып тұратын көрінеді. Осы тектес жоспарлы шаралар бұған дейін аудандарда өткізілген.
— Қызметкерлеріміз семинар басталғанға дейін салық төлеушілерді мазалаған көкейдегі көп сауалына толыққанды жауап берді. Шешімін күткен мәселелердің түйінін тарқатуға жәрдемдесті,-деген ол салық төлеушілерге қажетті мағлұматтың барлығы тап-тұйнақтай жазылған нұсқаулықтың да сатылатынын хабарлады.
Сонымен, салық саласындағы соңғы жаңалықтар қандай? Ұққанымыздай, бұл жолы бизнесмендерге бірқатар жеңілдіктер қарастырылған. Мәселен, арнайы салық режимімен жұмыс істейтін жеке кәсіпкерлер бұрын есепті тоқсан сайын тапсырып келсе, бұдан былай ол тек қана екі рет (жартыжылдыққа және жыл аяғында-авт.) берілетін болды. Арнайы салық режимімен жұмыс істейтін бизнес субъектілері жер, мүлік бойынша есепті жыл сайын қаңтар айының 15-іне дейін жолдауы тиіс болса, енді тапсырмайды.
– Егер атқарушы органнан жер телімін алғанмен, оны мақсатты пайдаланбай отырғандығы туралы хабарламаса түссе, сол күннен бастап оған төленетін салық мөлшері он есеге артады. Яғни, олар есептілікті осындай жолмен тапсырады. Естеріңізде болса, былтыр көлік салығының жайы көп талқыланған болатын. Нәтижесінде, қозғалтқыш қуаты 3 мың текше сантиметрден асатын автокөлікке салынатын салық мөлшері де көбейді, — дейді Айгүл Серәліқызы.
Семинарға бастан-аяқ қатынасқан салық төлеушілердің бірі, жеке кәсіпкер Ұлмекен Иманғали жыл басталысымен-ақ салықтағы соңғы өзгерістерді халыққа жеткізе түсіндіру жұмыстарының қыза түскендігіне разы. Әсіресе, бизнесте жүргендер үшін мұндай семинардың маңызы зор.
— Өзіміз есепшілермен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейтін болғасын осы шараны қалт жібермедік. Салық департаментінің қызметкерлері де түсінбеген сұрақтарға толығырақ тоқталды. «Бухгалтерлер үйі» жеке кәсіпкерлігінің иесі бола тұра, есепшілер мен аудиторлардың қоғамдық бірлестігінде белсенді қызмет атқарамыз. Осыдан он бір жыл бұрын кәсібімізді бастап едік, бүгінгі таңда облыста бізді білмейтін есепші жоқ десем қателеспеймін. Себебі, біз олардың «Кәсіби есепші» сертификатын алуына жұмыстанамыз. Оның үстіне, жыл сайын Салық кодексіне өзгерістер енгізілуде.
Мысалы, биыл көлемі үлкен, қымбат үйі мен көлігі барлардың төлейтін салық мөлшері де тиісінше өсті. Бұл Үкімет тарапынан қоғамдағы тепе-теңдікті сақтаудағы бірден-бір батыл қадам деп түсінемін,-деді бізбен әңгімесінде Ұлмекен Иманғали.
Айбөпе САБыРОВА.