Салық саясаты – жаңа кезеңде
Қазақстан салық төлеушілер қауымдастығының ұйымдастыруымен Атырауда «Салық саясаты және әкімшіліктендіру: жаңа тәсілдер» тақырыбында республикалық конференция өтті. Осы форумға қатысу үшін мұнайлы астанаға Энергетика, Ұлттық экономика, Инвестициялар және даму вице-министрлері, сондай-ақ, мемлекеттік кірістер комитеті мен өзге де республикалық ведомостволардың өкілдері келді. Конференция жұмысына Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасары Ғұмар Дүйсембаев қатысты.
– Біздің қауымдастықтың құрылғанына биыл 15 жыл толып отыр. Ал, бүгін Атырауда өткізіп отырғанымыз – 13-ші конференция. Бұған дейінгілері негізінен Алматы және Астана қалаларында өткізіліп келді. Осы жолғы конференцияның басты тақырыбы – «Салықтар мен басқа да бюджетке міндетті төлемдер туралы» және «Жер қойнауы мен оны пайдалану туралы» Қазақстан Республикасы заңдарын гармоналдандыру, — деді форумды кіріспе сөзбен ашқан Қазақстан салық төлеушілер қауымдастығы басқару кеңесінің төрайымы Жаннат Ертілесова.
Елбасының тапсырмасымен аталған кодекстер жетілдірілу үстінде. Соның ішінде, көптеген өзгерістер жер қойнауын пайдаланушыларға салынатын салықтарға қатысты екенін айтуымыз керек. Мәселен, осы уақытқа дейін қатты және сұйық түріндегі пайдалы қазбалар қорын бағалау кеңестік кезеңдегі өлшемдер бойынша жүргізіліп келеді. Ал, батыс елдерінде бұл экономикалық көрсеткіштердің негізінде жүзеге асырылады. Соның нәтижесінде, салық салу жүйесін түбегейлі өзгерту қажеттілігі туындайды. Бұған еліміздің Энергетика, инвестициялар және даму министрліктері бастамашы болды.
Міндет – әділ жүйе құру
«Жаңа салық кодексіндегі жер қойнауын пайдаланушыларға салық салу» тақырыбындағы әңгіменің түйінін Ұлттық экономика вице-министрі Серік Жұманғарин тарқатты.
– Бүгінгі таңда мемлекеттің ресурстық әлеуетін дамыту және жаңа кен орындары үшін инвестициялар тарту қажеттілігі жағдайында біздің алдымызда жер қойнауын пайдалану саласында тұрақты, болжамды және әділ салық жүйесін құру міндеті тұр. Нақтырақ айтқанда, жер қойнауын пайдаланушыларға қатысты салық салу жүйесін жетілдіру басым бағыттардың бірінен саналады, — деді ол.
Қазіргі уақытта жер астынан өндірілетін пайдалы қазбалардың әлемдік нарықтағы бағалары төмендеді. Барланған кен орындарының 90 пайызынан астамына алдын ала келісім-шарт жасалынып қойылған. Сол себепті жаңа, перспективалы аумақтарды ашып, іске қосу қажет. Ендігі жерде мұнай кен орындары үшін жер қойнауын пайдалануға арналған баламалы салық, қатты пайдалы қазбалар үшін жалдау төлемдерін енгізу қарастырылған. Ал, коммерциялық табыс табуға қосылатын бонус алынып тасталады. Пайдалы қазбаларды өндіру салығының мөлшерлемелерін төмендету рәсімдері жеңілдейді. Аса терең кен орындарына ынталандыру жүйесі қолданылады.
Баламалы салық салу жүйесі енгізілген кезде салық төлеушіге жер қойнауын пайдаланушының арнайы салықтарын төлеудің жалпыға бірдей тәртібінде қалу құқығы беріледі. Бұл тәсіл келісім-шарттың әрекет ету мерзімінде қолданылады. Бір ескерер жайт, баламалы салықтың мөлшерлемесі корпоративті табыс салығына қосымша белгіленеді. Оған қоса, бұл мөлшерлеменің мұнайдың бағасына байланысты прогрессивті өлшемін енгізу көзделген.
Инвесторға жеңілдік бар
Конференцияда сөз алған Энергетика вице-министрі Әсет Мағауовтың айтуынша, бүгінгі таңда мұнай-газ өндірудегі ахуал күрделене түскен. Мысалы, тек соңғы үш жылда Қызылорда мен Ақтөбе облыстарында «қара алтын» өндіру көлемі 17-ден 12 млн. тоннаға дейін төмендеген. Ал, биылғы жылға белгіленген 81 млн. тонна мұнай өндіру жоспарын Қашаған кенішінің іске қосылуы есебінен орындау болжанған. Сол сияқты, геологиялық барлау мен бұрғылау саласында да өнім көлемінің төмендеу тенденциясы орын алған.
Қалыптасқан ахуалды жақсартып, қиындықтан шығару мақсатында бұдан былай инвесторлар көптеген әлеуметтік жүктемелерден (мәселен, жұмысшы-қызметкерлерді оқыту, т.с.с.) босатылады. Бұл бағыттағы ысыраптар мен шығындардың орны компаниялардың толықтай өнім өндіруге көшкен кезеңінде толықтырылады. Барлау мен өндіру жөнінде бұған дейін жеке-жеке жасалған келісім-шарт кері қайтарылады. Одан бөлек, түбегейлі өзгерістерді теңіз жобаларына, аса тереңдегі мұнай кеніштеріне де енгізу қарастырылған. Мұның өзі, сайып келгенде, бұлардағы салық салу жүктемесін елеулі түрде жеңілдетуге мүмкіндік береді.
Ішкі нарықтағы жанар-жағармай бағасын жаңадан қалыптастыру туралы көптеген сұрақтар туындап жататыны жасырын емес. Осыған байланысты бұл мәселеге жер қойнауын пайдаланушыларды тартып, ішкі нарықты реттеуге қатыстыру шаралары қабылданған. Мысалы, мазуттың бір тоннасына салынатын кедендік төлем мөлшері 60-тан 30 долларға төмендетілген. Ал, зауыттардан алынатын ішкі нарықтағы сұйытылған мұнай газының шекті көтерме бағасы жоғарылатылған. Осыларды тілге тиек еткен вице-министрдің айтуынша, бұған дейін Қазақстанда өндірілетін жанармайдың бір тоннасына 10 мың, Ресейде 4 мың теңге салық салынып келген болса, енді мұнай өнімдеріне қатысты бұл акциздер де теңестірілген.
Тексерулер тізімі азаяды
«Салықтық әкімшіліктендіру жүйесіндегі өзгерістер туралы» Қаржы министрлігі мемлекеттік кірістер комитеті салықтық аудит басқармасының басшысы Серік Айсин баяндады.
Оның мәлімдегеніндей, мұнда алдымен, салықтық тексерулердің жүргізілу тәртібіне, соның ішінде жоспардан тыс немесе негіздемесіз тексерулердің санын қысқартуға назар аударылады. Салықтар бойынша атқарылатын аудитті (аутсорсинг) жүзеге асыру жағдайларын жақсартуға көңіл бөлінеді. Яғни, аудиторлық ұйымның тексеруі немесе салықтық тексеру негізінде салық төлеушіге екеуінің біреуін таңдау құқығы беріледі. Дербес ісін ашқан немесе кәсіппен шұғылданатын жеке тұлғаның (адвокаттар, сот орындаушылар, кәсіпқой медиаторлар, т.б.) қызметін тоқтату тәртібі жеңілдетіледі.
«Осындай шаралардың кезең-кезеңмен жүзеге асырылуы нәтижесінде, 2025 жылға қарай жалпы алғандағы салықтық тексерулердің саны үш есеге немесе 24 мыңға дейін азаяды» деген болжам бар. Мәселен, тек өткен жылдың өзінде еліміз бойынша тіркелген салықтық тексерулердің тізімі 76 мыңға жуықтаса, биылғы жылдың аяғында бұл көрсеткішті 48 мыңға немесе 70 пайызға дейін төмендету межеленген. Сонымен бірге, бүгінге дейін салықтық тексерулер негіздемесі 32 пункттен құралып келсе, енді оны 14-ке дейін қысқарту көзделген. Осыған дейін қандай да бір нысанға салықтық тексеру жүргізген аудиторлық компания салық төлеуші тарапынан заң бұзушылық фактісін тапқан жағдайда, ол лицензиясынан айырылатын болса, жаңа заңнамада бұл жаза айыппұлмен алмастырылған.
Осы тақырып аясында «Салық салудың халықаралық қағидаттары» да қамтылды. Сонымен қатар, көлденең (горизонтальный) мониторингті және салықтық тексерудің «е-аудит» тәсілдерін қолдану жолдары түсіндірілді.
Көлденең мониторинг тараптардың өзара кеңейтілген ақпараттық іс-әрекетіне негізделеді. Әлемдік тәжірибенің озық әдістері кәдеге жаратылады. Қосымша құн салығын әкімшіліктендіру, көрсетілетін мемлекеттік салықтық қызметтердің сапасын арттыру мен мәдениетін көтеру де күн тәртібіндегі мәселелердің қатарында аталды. Қазірдің өзінде дүние жүзінің 30-дан астам елі бұрыннан қалыптасқан дәстүрлі тексерулерден бас тартқан.
Мұның бәрі конференцияның пленарлық бөлімінде талқыланса, форумның секциялық бөлімінде бақылау-кассалық машиналарын тіркеу есебіне қою мен қолдану, электронды шот-фактураларды орталықтандырылған тәртіппен қолдану және енгізу, кедендік әкімшіліктендіру туралы жан-жақты түсініктер берілді. Қатысушылар тарапынан қойылған сауалдарға салиқалы жауаптар қайтарылды. Конференцияны Қазақстан салық төлеушілер қауымдастығы мен Қаржы министрлігі мемлекеттік кірістер комитетінің өкілдері қорытындылады.
Дәулетқали Аруев