Жарнама
ЖаңалықтарМедицина

Салауатты өмір – басты таңдау

Atr.kz/1 шілде, 2019 жыл. Бүгінде балалар арасындағы аурушаңдылық деңгейінің артуына байланысты білім ордаларында «Денсаулықты нығайтуға мүмкіндік беретін мектептер», «Салауатты университеттер» жобасын қолға алу маңызды. Бұл туралы облыс әкімдігі жанындағы халық денсаулығын қорғау жөніндегі өңірлік ведомствоаралық үйлестіру кеңесінің отырысында айтылды.

Облыстық әкімдікте селекторлық режимде өткен жиынға қала, аудан әкімдерінің  және басқарма басшыларының орынбасарлары, Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің, денсаулық сақтау ұйымдарының өкілдері,  «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының бөлім басшысы, мектеп директорлары қатысты.   

 Аталған жобаларды іске асыруға білім беру ұйымдарын тарту бойынша облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары Амантай Жұмағалиев баяндады. «Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, елімізде балалардың денсаулығының нашарлау жағдайы соңғы бес-он жылда 22 пайызға дейін артқан. Оның ішінде ас қорыту, тыныс алу, көз, қан, жүйке жүйесі, тірек-қимыл аппараты аурулары, онкопотология кеңінен таралған. Артық дене салмағы – семіздік, психикалық мінез-құлық аурулары, қан диабетінің қатары да артқан. Мұның барлығын ескере отырып, білім ордаларында денсаулықты  нығайтуға ықпал ететін мектептер жобасын енгізу қолға алынды. Бұл арқылы балалар арасындағы аурушаңдық деңгейін азайтып, салауатты өмір салтын қалыптастырудағы жұмыстар артады. Былтыр 27 мектепте осы жобаны енгізу  жұмысары басталды. Биыл бұл қызметтерді облыста барлығы 38 мектепте атқару жоспарланды» деді ол.

Жобаларды іске асыруда кедергі келтіретін келеңсіздіктер де бар. Мәселен, Құрманғазы ауданында оқушыларды сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуге бөлінетін қаражат әлі қарастырылмаған. Облыста 21 мектеп спортзалмен қамтылмаған. Оқушылардың дене шынықтыру сабақтарында мүмкіншіліктері шектеулі. Осы орайда бұл нысандарды салу жөнінде ұсыныс білдірілгенімен, мәселе шешімін тапқан жоқ.

Аймақта тереңдетілген медициналық тексерістен өтуі қажет 82 552 оқушының 86 пайызы дәрігерлік тексерістен өтті. Олардың 11 247-сінде әртүрлі дерт тіркелді.   Аурушаңдық бойынша  ас қорыту жүйесі аурулары бірінші деңгейге шықты.  Одан кейінгі кезекте миопия тіркелді. Үшінші орында жүрек қан-тамырлары, одан әрі нерв жүйесінің аурулары орын алды. Бұдан басқа, аймақтағы мектептердің медициналық кабинеттері қажетті құрал-жабдықтармен толық қамтылмауы да сөз болды.   

Сондай-ақ, үйлестіру кеңесінде мінез-құлықтық қауіп факторларының, жол-көлік оқиғаларының алдын алу, жаяу жүргінші және велосипед жолдарын жайластыру, өңірде жарақаттануды азайту бойынша  қолданылатын шаралар, өз бетінше айналысуға есептелген демалыс күнгі спорт  клубтары желісін құру  туралы айтылды.  Жиынға төрағалық еткен облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Мадияр Өтешов  аталған проблемалардың шешімін табу жолдарын қарастыру қажеттігін баса айтты.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button