Салалы саусақтары тисе болғаны, домбыра адамша сөйлей жөнеледі…
Талапқали Зайнуллин!.. Бұл есім өнерден хабары бар жандар ортасында ертерек танылды.
Қалқанқұлақ қара жігіттің танымалдығын арттырған атақты өнер қайраткері Сейілхан Құсайыновтың класында оқуы. Оның өзі бір бөлек әңгімеге арқау болады. Ал, қазір оның салалы саусақтары тигенде-ақ домбыраның адамша сөйлейтінін майталмандар мойындап та үлгерген. Талапқали ағаның ныспысын естігенде, елең етпейтін жан жоқ, әсіресе мәдениет саласының қайраткері кемде-кем шығар. Өйткені, ол бұл жолда өзін мойындатқан жан.
Бір шайырдың мына сөзі кімкімге де ой салады: Еш қайтпас өрен жүйрік салсаң өрден, Артықша құтылмайды бақыт ерден. Парқына әңгіменің ер түсінер, Қымбат-ты менің сөзім асыл, зерден!.. Өзі бір ұзақ толғау екен. Бірақ осы бір шумағы ерекше ұнады. Өрен жүйріктің қай кезде де өз бағасын жоғалтпайтынын бір ауыз сөзбен сипаттапты. Рас, Атырау жұртының аузында жүрген Талапқали аға да өрен жүйріктің бірі. Ол өнер десе ішкен асын жерге қоятын, ел ішінен өнерпаз көрсе, оның санасына сәуле құйып, ілгері жетелеп, білім шыңына бағыт сілтейтін ардақты жан.
Егер ол үлкен қалаларға барып, мәдениет пен өнер зиялыларының ортасында жүргенде, ендігі мықты ғалым, ұлағатты ұстаз атанып, жүздеген шәкірт тәрбиелеп ұшырар еді. Бірақ оған бұйырмыс бақдәрежені ауылдан – туған жерден бұйыртыпты. Пешенедегі жазу дегеніңіз сол болар, сірә! Азғыр жерінде кіндігі кесілген оған есім берілуінің өзінде өзгеше сыр бар. Сәуірдің жаймашуақ соңғы күндерінің бірінде дүние есігін ашқан шақалақтың талабы таудай болсын деген ырыммен «Талапқали» атанып еді.
Сол талап-құлшынысы өзін әлі күнге ілгері жетелеп келеді. Бүгінде жасы жетпісті орталап қалғанмен, оның музыка әлеміндегі жан-дүниесі ешқашан шау тартқан емес. Талапқали аға 1964-1968 жылдары Гурьев музыка училищесінде Сейілхан Құсайыновтың класын — да оқып, оны үздік бітіргенін әркез мақтан тұтады. Себебі, Сейілхан ұстаздың шәкіртке берген тәлім-тәрбиесі өмірлік дағдысын қалыптастырып, кәсіби шеберлігін шыңдады.
Әйтсе де, балаң жігіттің білімін тереңдету жөніндегі ұстазының ақыл-кеңесіне құлақ аспауы кейін өзіне сын болғаны рас. Талапқали Сұлтанмұратұлы қарапайым ғана ауыл мектебінің мұғалімі болып еңбек етті. Мектеп болғанда да, орталықтағы емес, аудан орталығының өзінен 300 шақырым жердегі шалғай білім ұясы. Дегенмен, аудандағы мәдениет саласының басшылары оның еңбекқорлығын өте жоғары бағалайтын. Себебі, оның маңдай терін шынында да атап көрсетуге тұрарлық.
Аудан мен облыс деңгейіндегі ірілі-ұсақты өнер байқауларын айтпағанда, аймақтық және республикалық конкурстарда да өзінің өзгеше өнерімен к ө р е рм е н і н м о й ы н д ат ы п жүрді. Атап айтсақ, ұлы күйші Құрманғазыны еске түсіруге арналған өнер байқауында ІІ орын алды. Бұл 1979 жылы Орал облысының Жаңақала ауданында өткен облыстық байқау болатын. Ал, 1991 жылы күй анасы Дина шешеміздің туғанына 130 жыл толуына орай өткен «Күй мерекесінің» бас жүлдесін талассыз иеленіп, сол жылы Оралдың Орда ауданында күйші Сейтек Оразалыұлының 130 жылдығына байланысты конкурстың екінші байрағын да қанжығасына байлады.
Маңдай тердің қай заманда да өтелмей қалмайтыны анық қой. Ұлт өнеріндегі адал еңбегін мемлекет те жоғары бағалап, 1992 жылы педагогика саласындағы ұзақ жылдық шығармашылық қызметі үшін «Қазақстан халық ағарту ісінің озық қызметкері» атағына ие болды. Арада бес жыл өткенде республика Білім министрлігінің Құрмет грамотасымен де марапатталды. Қара домбыраның киесін қастерлейтін Талапқали аға оны ешқашан қолынан тастаған жоқ және өнерге адалдығынан айнымады. Әйтпесе, ауылдан келген кез-келген күйші республикалық домбырашылар сайысынан Жаңбырбай атындағы сыйлығын иеленер ме еді?! Бұл сайыс Құрманғазы Сағырбайұлының 175 жылдығын даңқты өлкетанушы Мақсот Жолжанұлының анықтауымен атап өту кезіндегі ауқымды шара болатын. Алдаспан ақын, батыр Махамбет Өтемісұлының мерейтойы қарсаңындағы облыстық домбырашылар конкурсының лауреаты атануға да тынымсыз еңбектің арқасында қол жеткізді.
2003 жылы ЮНЕСКО көлемінде атап өтілген Махамбет мерейтойына орай ұйымдастырылған ре спубликалық сазгерлер шығармашылығы сайысында «Жебелі ақын» күйімен ІІІ жүлде алған Талапқали ағаның мерейі тағы да үстем болды. Өйткені, ол тек домбыраның құлағында ойнайтын күйші ғана емес, композиторлығымен де танылған жан еді. 200-ге жуық ән мен 10 күй, бірнеше оркестрлік ш ы ғ а р м а л а р д ы ң а вт о р ы ретінде музыкалық деңгейінің жоғары екенін мойындатты.
Бір ғажабы, Талапқали аға өз шығармаларын өзі дирижерлік ететін ұжымдардың репертуарына кіргізбейді екен. Себебі, «өнеріңді өзгелер бағаласын» деген өзгермейтін ұстанымы бар. Әділдікті жаны сүйетін өнер майталманын 2005 жылдың күзінде С.Көшекбаев атындағы Мәдениет үйі жанындағы ұлт аспаптар оркестрінің дирижері етіп тағайындауы ұжымның мәртебесін де, музыкалық дәрежесін де шарықтата түсті. Өйткені, Т.Зайнуллиннің шебер музыкалық машық-дағдысының арқасында өнер ұжымы 2008 жылы «халық оркестрі» атағына ие болды. Дарын ие сінің ерекше қасиеті – өзгелермен үнемі бәсекелесіп, өзінің кәсіби қабілетін, шеберлігін шыңдап отырады. Әркез алға ұмтылып отырған соң оның деңгейі де көтеріле түседі. Өнер жолында жан-жақтылығымен танылған Талапқали Сұлтанмұратұлы 2009 жылы фольклорлық ұжым құру идеясын ұсынып, оның барлық ауыртпалығын өз жауапкершілігіне алды.
Ақыры, аудандық Мәдениет үйі жанынан «Жиделі» фольклорлық ансамблін құрып, оның кәсіби тұрғыдан жоғары жетістіктерге жетуіне барлық мүмкіндіктерді жасады. Тынымсыз еңбек өтеліп, 2012 жылы ансамбльге республика Мәдениет және ақпарат министрінің бұйрығымен «халықтық» атағы берілді. Басаяғы үш жылда мұндай жетістікке қол жеткізу шалғай аудандағы шағын ұжым үшін оңай жетістік емес-тұғын. Бұл Талапқали Зайнуллиннің өнерге деген адал еңбегінің арқасы екенін ел-жұрт түгел айтып жүр.
«Жиделінің» өнеріне тек Атырау жұрты емес, 2017 жылы Астана қаласында өткен EXPO халықаралық мамандандырылған көрмесіне келушілер де сүйсіне қол соқты. Т.Зайнуллиннің кәсіби м у з ы к а л ы қ е ң б е г і н д е г і ерекшелік тек күйші-орындаушы емес, өнер ұжымына дирижерлік етіп, көркемдік жағынан жетекшілік етуге шебер-ақ. Сонымен қатар, оның жеке шығармашылықпен айналысып, өзге композиторлардың туындыларын нотаға түсіруі де ағамыздың музыкалық қабілетінің биіктігін аңғартса керек. «Құрманғазы – даналардың аймағы», «Азғырым – елім», «Салтанат» атты кітаптар мен «Ғұмыр-дария» ән-күй таспасының авторы.
Кәсіби дарынын бағалаған жерлестері оған «Құрманғазы ауданының Құрметті азаматы» атағын берді. Бірақ одан бұрын Атырау облысының және облыс әкімінің Құрмет грамоталарымен марапатталып, «Үздік мәдениет қызметкері», «Үздік домбырашы» атанған Талапқали ағаға Қазақстан Республикасы Президентінің 2011 жылғы желтоқсандағы Жарлығымен «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы берілген болатын. «Қазақстан Тәуелсіздігіне 20 жыл» медалімен, республикалық мәдениет, спорт және ақпарат қызметкерлері кәсіподағының «Еңбек даңқы» төсбелгісімен марапатталған Т.Зайнуллиннің түрлі дәрежедегі өнер додаларынан алған мақтау-марапаттары мен атақ-абыройы аз емес. Әйтсе де, оның музыкаға деген ынта-ықыласы, мәдениетке құрмет-ілтипаты ерекше. Өзі сүйген салада ол ешқашан шаршауды білген емес. Әлі күнге дейін жерлестері оның Құрманғазы аудандық Мәдениет үйінің маңынан көреді.
— Тәке, жол болсын! — деген ауылдасына жылы жымиып: — Әлей болсын, шырағым. Оркестр мүшелерін дайындыққа шақырып қойып едім. Соған асығып бара жатқаным, — деп ширақ басып жөней береді. Талапқали аға ауыл — да тұрғанмен, ұлттық рухты көтеруге өлшеусіз үлес қосып жүрген бірегей тұлғалардың бірі. Өйткені, ол рухтың биік болуын өзінен бастаған жан. Отбасылық ансамбльдер бас қосқан республикалық додада Сұлтанмұратовтар отбасылық ансамблінің Гран-При иеленуі осы сөзімізге дәлел. Күй өнерінің ордасындай болған Азғыр елінің тумасы, қазақтың қара домбырасының қ ұ л а ғ ы н д а о й н ап , т а л а й дарабоздардың ортасында талантын мойындатқан өрен жүйріктің әлі де ұлт қазынасына қосар сүбелі үлесі азаймасын.
Назарбек ҚОСШИЕВ