САЛҒЫРТТЫҚТЫҢ САЛДАРЫ ҚАНДАЙ?

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Атырау облысы бойынша департаменті жанындағы қоғамдық кеңестің кезекті отырысы мемлекеттік қызметтің сапасы туралы талқылады.
Аталған департамент басшысының орынбасары, Тәртіптік кеңес хатшылығының меңгерушісі Әлібек Ермекқалидың айтуынша, мемлекеттік қызмет көрсету саласында тұтынушы тапсырған құжаттың дұрыстығына қарамастан оны қабылдаудан бас тарту, құжатты тұтынушыға мерзімінен кеш тапсыру, қолданыстан әлдеқашан шығып қалған керексіз құжаттарды талап ету сынды кемшіліктер облыс бойынша әлі де болса жойылмай отырған көрінеді. Қағазбастылықты былай қойғанда, бір құжат алу үшін тиісті мекеменің есігін апталап күзетуге тура келетін мұндай жайттар сайып келгенде облыстың көрсеткішін төменге тартады.

«Осылайша, Атырау қалалық білім бөлімі мен Қызылқоға ауданы бойынша бір құжаттан, Жылыой ауданы бойынша сегіз құжат, Атырау облыстық көлік бақылау инспекциясы бойынша бір құжат тұтынушының қолына тиісті мерзімнен кеш түскен. Мамандар тарапынан болған мұндай салғырттықтар туралы мәліметті Халыққа қызмет көрсету орталығынан алып отырмыз» деді Әлібек Ермекқали.
Мемлекеттік органдардың құжат рәсімдеуде марғаулық танытатынын Атырау облысы әкімі аппаратының бөлім меңгерушісі Тұраргүл Ізбасова мен облыстық халыққа қызмет көрсету орталығы директорының орынбасары Тұрлан Нұржанов та растады. «Өңірде халықтың саны аз болғанымен, құжат айналым бойынша біз алғашқы бестіктеміз. Мемлекеттік органдар тарапынан себепсіз бас тартулар мен кері қайтарулар болып жатады. Осындай фактілер облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау және лицензиялау департаменті, облыстық жылжымайтын мүлік жөніндегі орталық, Атырау қалалық Әділет басқармасы, Атырау қалалық білім бөлімі тарапынан орын алуда» деген Тұрлан Амангелдіұлы кейде мемлекеттік органдардың заңды күшін әлдеқашан жойған үй кітапшасын да сұратып отыратынын сынға алды. «Мұндай сұрату тіпті ақылға сыймайды. Заңды күшін жойған құжаттың одан әрі қандай кәдеге асуы мүмкін?» дейді сала маманы.
Сонда бұл мекеме мамандарының сауатсыздығын көрсете ме? Осы мәселені қозғаған қоғамдық кеңес төрағасы Мұхит Избанов қағазбастылықты қолдан туғызатын мекеме мамандарына нақты шара алуды міндеттеді.

Баян ЖАНҰЗАҚОВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз