САҚТАНҒАН САУ ЖҮРЕДІ
— Атырау облысы тырысқақ ауруы бойынша елімізде бірінші текті эпидемиологиялық қауіпті аймаққа жатады. Оның бес табиғи ошағы, түйнеменің 25 стационарлық қолайсыз пункті біздің облыста орналасқан. Сонымен қатар, күн сайын халықаралық рейстер арқылы аптасына орташа есептегенде, 600-ден астам шетелдік азаматтар Атырауға келеді. Сондықтан, облыс аумағындағы оба, тырысқақ, эбола қызбасы және басқа да жұқпалы аурулардың тіркелу мүмкіндігі бар екенін ескеру қажет, — деді облыстық тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті басшысының орынбасары Амантай Жұмағалиев.
Ал, аталған департамент басшысы Өмірзақ Зинуллиннің айтуынша, соңғы екі апта ішінде серологиялық әдіспен Құрманғазы ауданында оба эпизоотиясы (чума — ред.) қоздырғыштарының төрт жағдайы тіркелген.
Үйлестіру кеңесі барысында талқыланған екінші мәселе – қызылша ауруының эпидемиологиялық жағдайы.
Республикада қызылшамен аурушаңдық жағдайы күрделеніп отыр. Биылғы жылдың І тоқсанында қызылша ауруы 13,3 есеге артып, барлығы 1131 жағдай тіркелді. Ал, өткен жылы есепті кезеңде 84 жағдай тіркелген. Аурудың басым көпшілігін 15 жастан жоғары адамдар (барлық ауырғандардың 70 пайызы) құрап отыр.
Облыста карантиндік және аса қауіпті жұқпалы аурулар тіркелген жағдайда әрекет ету үшін қала, аудандардың дайындығы жеткіліксіз екендігін атап өткен облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Жұмабекұлы тиісті органдарға, қала-аудан әкімдеріне нақты тапсырмалар берді.
Айгүл ЕРТІЛЕУ.