Сайлау күні дүниеге сәби келді
Атырау қалалық перзентханасында жатқан аналар да саяси науқаннан тыс қалған жоқ. Олар таңғы сағат 7-ден бастап дауыс бере бастады.
Бұл жердегі аналарға барлық жағдай жасалған. Бөлмесінен шыға алмайтын келіншектерге арнайы жәшік жеткізілген. Аталған перзентханада орналасқан №80 сайлау учаскесінің комиссия төрағасы Назымгүл Меңдешеваның айтуынша, мұнда 103 ана бар. Оның екеуі кәмелет жасына толмауына байланысты дауыс беруге қатыспады.
Бұл тәулікте облыс орталығында 23 сәби өмірге келсе, саяси доданың таңында 5 бала дүние есігін ашты. Оның үшеуі ұл, ал екеуі қыз. «Барлығының саулығы – назарымызда» деді Назымгүл Бақтыгерейқызы.
Сайлау күні таңда тұңғыш перзентін дүниеге әкелген Жанат Нұриденова саяси науқанға қатысуға мүмкіндік жасаған перзентхана ұжымына алғысын білдірді.
–Отбасымыз үшін қуанышты күн саяси додамен қатарлас келіп отыр. Ұлымыз ел үшін еңбек ететін азамат болатынына сенемін. Балам үшін, оның болашағы үшін саяси маңызды шарадан қалыс қала алмадым. Елде үлкен өзгеріс болып, балаларымыз бақытты тұрмыс кешсе екен деп тілеймін. Өз басым бұл саяси науқаннан үлкен үміт күтемін, — деді жас ана.
Атырау алалық перзентхана директоры Гүлзейнеп Юсупова сайлау күні алғаш болып өмірге сәби әкелген Ж.Нұриденоваға сыйлықтар табыстады.
Рита Өтеуғали