Сахнада — мың бұралған бишілер
Құрманғазы атындағы мәдениет сарайында мектеп оқушыларының «Кел, билейік!» атты ІV қалалық жас бишілер фестивалі өтті.
Қалалық білім бөлімі ұйымдастырған шараға барлық қалалардан келген би топтары қатысты.
Шараның мақсаты – балаларды биге баулу арқылы ұлттық өнерді ұлықтау. Додада 60-қа жуық өрен өз өнерлерін ортаға салды. Олар ұлттық және еркін тақырыптағы билерді орындады. Би өнері көрермендерге жағымды қуат беріп, ишаралық бейнелеулер арқылы әсерлі көңіл-күй сыйлады. Арнайы бекітілген қазылар алқасы тақырыптың ашылуына, орындаған би мағынасының толық суреттелуіне және бидегі ырғақтықты сезінуге, қимылды бір уақытта бірдей қайталауға, үзіліс пен екпін түсіруге назар аударды.
Кіші топта бас жүлдеге №25 Бауыржан Момышұлы атындағы орта мектептің «Сәукеле» би тобы лайық деп танылды. Ал, орта топ бойынша №7 Мұхтар Әуезов атындағы орта мектептің «Күншуақ», жоғары топта №12 Ф. Досымова атындағы орта мектептің оқушыларынан құралған «Татулық» би тобын қазылар алқасы жоғары бағалады. Байқау жеңімпаздарын қалалық білім бөлімінің тәрбие ісі жөніндегі әдіскері Жұмазия Жолмұханова дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапаттады.
Абай АБЫЛАЙҰЛЫ.