Сағыз ауылының тұрғындары шұғыл эвакуацияланды
Қызылқоға ауданы Сағыз ауылының тұрғыны ауыл тұрғындарының далалықта көліктері бұзылып, елдімекенге жете алмай қалғандықтан 16 қаңтарда сағат 15:13-те №12 өрт сөндіру бөлімінің көмегіне жүгінген, деп хабарлайды atr.kz тілшісі.
Облыстық төтенше жағдайлар депртаментінің мамандары мәлім еткендей, Сағыз ауылының алты тұрғыны шамамен сағат 09:00-де жұмыс орнына жету үшін Сағыз елді мекенінен 40 км қашықтықта орналасқан «Кереген» топтық су айдау орнына қарай бағыт алып, орта жолда көліктері бұзылып, салдарынан боранды ауа райында далада қалған. №12 ӨСБ қызметкерлері сағат 15:14-те дереу авариялық-құтқару жұмыстарына шығып, Сағыз ауылынан 25 км қашықтықта орналасқан қыстақтардың бірінің тұсынан «УАЗ» автокөлігін мінген 6 адамды сағат 16:00-де Сағыз селосына эвакуациялады. Эвакуацияланған тұрғындар медициналық көмекті қажет етпеді. Авариялық құтқару жұмыстарына Атырау облысы ТЖД Сағыз селосы №12 ӨСБ-нің 3 қызметкері, 1 бірлік техника, ЖАО 3 адам 1 бірлік техника қатысты.
Осыған байланысты Атырау облысы Төтенше жағдайлар департаменті облыс тұрғындары мен қонақтарын ауа райының өзгерістерін бақылап отыруға шақырады.
«Дауылды ескерту туралы хабарламаларды тыңдап, қажетті сақтық шараларын сақтаңыздар. Қыста жолға шығар алдында: Мұқият ауа райы болжамын зерделеңіз; Қозғалыс үшін қандай жолдар жабылуы мүмкін екенін анықтаңыз. «112» қызметінен ресми дауылды ескерту алған жағдайда елді мекендерден жолға шықпаған жөн» дейді төтеншелік мамандар.