ТӘРБИЕ ТІНІ – ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАРДА

Жыл сайын қыркүйектің екінші жексенбісінде тойланатын атаулы күннің негізгі мәні жастарымыздың бойында отбасылық құндылықтарды қалыптастыруда жатыр деп түсінемін.
Қазіргі таңда қоғамда болып жатқан әлеуметтік, экономикалық, мәдени және саяси жаңғырулар мен әртүрлі қоғамдық сипаттағы және әлемдік деңгейдегі ақпарат алмасулар отбасы мүшелерінің арасындағы тұлғааралық қарым-қатынас сипатына да өз әсерін тигізіп отырғаны белгілі.

Бүгінде қалалық отбасына тән бала тәрбиесі келесі ерекшеліктермен шартталып отыр: отбасында балалардың дені күннен-күнге көбейіп отырған ажырасулардың нәтижесінде әкесіз немесе анасыз өсуде; теледидар, жеке бөлме, т.с.с. өркениеттің жетістіктері, әсіресе талаптардың материалдық құндылықтармен өлшемденуі балалар мен олардың ата-аналарының арасындағы қарым-қатынас процесін қиындатып, күрделендіріп, тіпті шиеленістіріп отырғаны мәлім.
Қазіргі кезде жаһандану мен нарық жағдайында отбасы мәселелерінің ішінде ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынаста түсінбеушілік пен келіспеушілік жиі орын алатыны және анық. Осының салдарынан бір–біріне түсіністікпен және кешіріммен қарау процесі кешеуілдеп, оларға психологиялық қызмет көрсету жағынан мәселе туындайтындығына да куә болып жүрміз.
Әсіресе, осы келеңсіздіктердің алдын алу үшін жастардың отбасылық өмірге дайындығы мәселесін зерттеу уақыт талабынан туындағаны сөзсіз. Бүгінгі жастарды отбасылық өмірге ұлттық құндылықтар арқылы тәрбиелеу мәселесі жоғарыдағы айтылған проблеманың шешу жолдарын іздестіруге мүмкіндік береді. Дегенмен, бұл жағдай уақыт талабына сәйкес бiршама өзгерiстерге ұшырағанын, нақтырақ айтқанда, еуроазиялық мәдениеттiң ықпалы күшейе түскенiн, қазақ халқының отбасы тарихы, отбасылық функция, тәрбиенiң идеялары және дәстүрлерiмен тәрбиелеу бағытындағы жұмыстар отбасылық құндылықтарға негізделе жүргізілсе, онда жастардың отбасылық өмірге психологиялық дайындығына оң әсерін тигізеді деген ой туады.
Жас отбасы, оның ішінде, студенттік отбасы – бұл екі жастың болашағына деген көзсіз сенімі мен кездесетін қиындықты оп-оңай шешетіндей, бақыт деген мәңгілік деп санайтын ақылдан гөрі сезімге берілген екеудің бас қосуы. Жастардың жалпы көзқарастарының байланыстылығына, қызығушылықтарына, жалпы мақсаттары мен дүниеге деген көзқарастарына қарамастан, олардың көпшілігі отбасылық өмірдің алғашқы сәттерінен бастап ажырасуға әкеп соқтыратын мәселелерімен қақтығысады. Әл-ауқаттың жағдайсыздығы, тұрақсыз табыс, бөлек баспананың болмауы – мұның бәрі жас отбасыларының ішінде арақатынастардың бұзылуын тудыратын себептер. Бірақ, жас студенттік отбасындағы ең маңызды мәселе – баланың тууы болып табылады. Себебі оқуды баланы тәрбиелеу, тұрмыс және отбасын құру мәселелерін шешумен бірге қиыстыру үлкен өмірлік тәжірибе мен шыдамдылықты қажет етеді. Жас отбасының барлық қиындықтарды жеңудегі жетістігі мен бұдан былайғы тіршілігі негізінен мемлекеттің және отбасындағы аға ұрпақтың демеуі мен ықыласына байланысты болмақ.
Тұлға өмірінде құндылықтардың алар орны ерекше екені сөзсіз. Себебі, өмірлік құндылықтар тұлғаның бағыттылығын анықтайды. Сондықтан, толыққанды үйлесімді тұлға дамуында құндылықтар рөлі ерекше. Осы орайда, отбасылық құндылықтарды негіздеу арқылы болашақтағы отбасылық дағдарыстардың алдын алу мүмкіндігі артары сөзсіз.
Өткен оқу жылы колледжде студенттердің отбасылық құндылықтарын анықтау, отбасылық өмірге саналы түрде дайындалуына бағдар беруді мақсат ете отырып, олардың отбасылық өмір туралы пікірін білу үшін «Менің қиялымдағы отбасылық өмір», «Мен 20 жылдан соң…» тақырыптарында эссе жаздырып, «Сіз отбасын құруға дайынсыз ба?», «Отбасы мен үшін», «Отбасы мүшелерінің құқықтары мен міндеттері» сияқты сауалнамалар жүргіздік. Бұл жұмыстар бізге жастардың отбасылық өмірге деген жағымды және жағымсыз сезімдерін, материалдық жағдайға деген қатынасын және жыныстық қарым-қатынас маңыздылығын, жалпы алғанда отбасылық құндылықтарды анықтауға мүмкіндік берді.
Отбасылық құндылықтарды негіздеуде сұрақтар арқылы сыналушылардың отбасы туралы елестетулері анықталды. Біздің жастардың басты құндылықтары материалдық жағдай екені анықталып отыр. Яғни, жеткілікті материалдық жағдай болған жағдайда ғана жағымды қатынас болады деген пікірмен сайып келеді. Жастардың көпшілігі отбасындағы түсініспеушілік, ұрыс-жанжал және отбасылық дағдарыстың шығу себебін материалдық жағдаймен байланыстырады.
Өмірлік жоспар құруға және отбасын құруға психологиялық жағымды қатынас орнату үшін де бірнеше тренингтер ұйымдастырылды. Ал, студенттер күніне орай отбасын құрып үлгерген колледж студенттеріне арналған әлеуметтік-психологиялық «Бақытты студенттік отбасы» атты кеш ұйымдастырылды. Кеш өте мәнді өтті, жастар материалдық жағдайдан да басқа құндылықтар бар екенін, яғни махаббат және түсіністік шаңырақ негізі екенін өздері дәлелдей алды. Осы жерде бір аңыз ойға оралады…
…Бір қарттың үлкен отбасы болыпты. Онда ешбір кикілжің, түсініспеушілік, тіпті, ыдыс-аяқтың сылдыры естілмейді екен. Хан қартты шақырып алып: «отбасындағы татулықтың сыры неде? Мына қағазға жазып бер», – деп бұйырыпты. Қарт қағазды алып, шұқшиып ұзақ жазуға кірісіпті. Парақ аяқталған соң, ханға ұсынған екен. Хан парақты алып оқиды да, таң-тамаша кейіппен қартқа қарапты. …Ол парақта бір-ақ сөз 100 рет жазылған екен, ол сөз – түсіністік екен…
Отбасыңдағы ең жақын адамдарыңды қандай екеніне қарамастан, сол күйінде қабылдап, жақсы көріп, түсіністік танытсаң, шаңырақ берік болады емес пе?! Студент жастар Елбасының сөзін талдап, отбасы – бұл мектеппен де, ақпарат көзімен де, қоғамдық ұйымдар, еңбек ұжымымен, дос-жарандармен қарым-қатынастың негізі, әдеп пен өнер кілті екенін, тұлғаның қалыптасу нәтижелілігі ең алдымен отбасыға тәуелді екенін, неғұрлым отбасы жақсы болып, оның тәрбиелік ықпалы ұнамды келсе, тұлғаның тән, дене, рухани-адамгершілік, еңбек тәрбиесінің өнімі де жоғары болатынын тұжырымдап, ойларымен бөлісті.
Қорыта келе, мұндай зерттеулер, кештер, тренингтер арқылы батыстық мәдениетке еліктеуші жастарымыздың бойында азаматтық парызын дұрыс орындау дағдыларын, отбасылық өмірге дайындау тәжірибелік сипат алып, олардың отбасылық өмірге деген жағымды қатынасының дамуына тікелей әсер етуге болады деген ойдамыз.

Ғайни СҰЛТАНОВА,
Қ.Дүтбаева атындағы Атырау гуманитарлық колледжінің оқытушысы, Ы.Алтынсарин
төс белгісінің иегері, отбасылық психолог.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз