Жарнама
Жаңалықтар

САҒЫНЫШ САЗЫ

Абай хакім айтқандай, «өнерге әркімнің-ақ бар таласы» деген, Қамзекең зейнет демалысына шықса да,  қолынан қаламын тастамай, шығармашылықпен айналысуды дағдыға айналдырған. Сол еңбегінің  нәтижесі іспетті өткен жылы «Атырау-Ақпарат» ЖШС-нің «Шежіре»  орталығынан «Өмір белестері» атты кітабы жарық көрді. Автор бұл кітабында әралуан тақырыпты қамтыған. Атап айтқанда, ата-тегі, балалық шағы, мектеп, институтта оқыған кезеңдері, қызметтес, қатарлас замандастары мен ардагер ағалары туралы әсерлі баяндайды. Содан да оқырмандар бұл кітапты  жылы қабылдағаны анық. Жақында автордың аталмыш баспадан шыққан «Айтылмаған ақиқат» атты екінші кітабы қолымызға тиді.

Тағдыр-таразы десек те, бұл дүниеде ақиқаты ашылмаған жайттар аз емес. Кешегі алапат соғыс жылдарында кішкентайынан әкесі мен анасынан тірілей көз жазып қалған автор туған ата-анасына деген перзенттік  сағынышынан туған және ата-анасын көзі көрген жақын-туыстарының  айтқан әңгіме, естеліктерін ақ қағазға түсіріп, өзінен өрбіген ұрпағына аяулы әзіз жандар туралы айтуды мақсат еткен. Осы ретте ол: «Соңғы уақытта өзім көрмеген, тіпті бейнесі көз алдымда сақталмаған асқар таудай әкем мен аяулы анамды аңсап, ұйықтай алмайтын күйге душар болдым. Оларға деген перзенттік сағыныш жүректі тербеп, көңілге түрлі ой салды. Ата-анама деген перзенттік борышым қолыма қалам алғызып, осы бір естелік кітапты жазуыма себепші болды» – деп көңіл сырын ақтарады. Айтса айтқандай, сіз де автормен бірге мұңайып, әке мен анаға деген сағыныш сазына бөленесіз.

Сондай-ақ, кітаптың екінші бөліміндегі «Көнелерден  көрікті ой» деген топтама да оқырмандарды бейжай қалдырмасы анық. Онда  автор өзінің жеке қойын дәптерінде жылдар бойы жинақтап жазып жүрген даналардан қалған  есті сөздерін көпшілікпен бөліседі. Осындағы ақыл-нақыл, өсиет сөздер бүгінгі және келер ұрпақ үшін тәрбиелік тағылымы зор  болмақ.

Жалпы, автордың бұл кітапты жазуға үлкен дайындықпен келгені байқалады. Кәсіби қаламгер болмағанмен, көненің көзін көрген, ескінің есті сөзін есте сақтаған автордың тілі жатық, оралымды ойларын келісті жеткізе білген. Оның үстіне, оның рухани жан-дүниесі бай, халқымыздың салт-дәстүрлерін бойына сіңіргендігі де осы шығарманың сәтті жазылуына  өз әсерін тигізгені даусыз.

Ғайнолла ЗИНУЛЛИН. 

 

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button