Сөз қадірін білмеген, өз қадірін жоғалтады
Іссапармен Ұлыбритания астанасы Лондонға сапар шектік. Транзитпен, Украина арқылы баруға тура келді. Сонда бір көз жеткен нәрсе – украиндықтардың өз тіліне деген шексіз құрметі. Мәселен, Украинаның Халықаралық авиалиниясы ұшағында тек екі тілде ғана сөйледі. Украин және ағылшын тілінде. «Ал, бізде неге жалпақшешейлікке жол беріледі? Неге жастар өз тілін менсінбейді?» деген ой келді санаға.
Неге жеріндік?
Шындығында, неге өз елімізде, өз жерімізде тұрып басқа тілде сөйлеуге үйірміз? Әлде ол еліктегіш-солықтағыш мінезімізге қатысты ма екен?! Қазан төңкерісіне дейін қаймағы бұзылмаған ана тіліміздің берекесі кетіп, қадірі қашқанына кім кінәлі?! Қай кезде де кемшілігімізді айтқанды жек көріп, тағдыр тауқыметіне өзгелерді кінәлап шыға келетін адамзат баласына тән мінезге салар болсақ, кінәлі Кеңес өкіметі болып шығатыны айдан анық.
Ұлт өзегі болып саналатын біртуар тұлғалар, ақын-жазушылардың өзі жиырмасыншы ғасырдың жетпіс жылға жуық уақытында ұрпағын ана тілінде емес, орыс тілінде оқытуды дәреже санады. Қазақ мектептерінде білім алған жеткіншектерді әлі күнге дейін «білімсіз, топас, өз пікірін ашып айта алмайтын ынжық, өз көзқарасын қорғай алмайтын жасық» деп білетіндер арамызда өріп жүр. Ал, бұл пікірдің бәрі неге қалыптасты? Бұған тереңірек бойлайтын болсақ, өз ана тілін менсінбеу, өз халқының салт-дәстүрін ескіліктің сарқыншағындай көру — «бай-құлақсыз жаңа дүние орнатуды көздеген» коммунистік партияның ықпалынан шықпаған әлсіз сананың көрінісі.
Орыс мектептерінде оқыған қазақтардың көбі бүгінгі таңда ұл-қыздарын орыс мектептерінде оқытады. Бұған таңдана қарағандарға өздерінің орысша білім алғанын көлденең тартады. Сонда намыс қайда? Осылай кете беретін болса, өз елін, жерін жанындай сүйетін патриотизм қалай қалыптаспақ? Алақандай ғана Кавказ халқын қараңызшы, өз тілдерін, дәстүр-салтын бәрінен жоғары қоятынын көріп жүрміз. Кез келген ұлттың Қазақстандағы өкілдері бір-бірімен кездескенде, міндетті түрде, өз тілдерінде сөйлеседі.
Аудармаға айналып барамыз ба?
Расымен де солай секілді. Мәселен, біреу түшкірсе «Жәрекім Алла!» дейтін аталардың ұрпағы едік, бүгінде «сау бол» дейтінді шығардық. Бұл сөз орысша «будь здоров» дегеннің қазақшасы ғой! Бұл тек бержағы ғана, мәселен, дәрі-дәрмек қорапшасының ішіндегі түсіндірме қағазды оқысаңыз, төбе шашыңыз тік тұратыны айқын. Тіптен мұндағы қойыртпақ сөйлемдер кез келген адамға қазақ тілінің өте төмен деңгейде тұрғанын байқатады. Бас-қасын айтпағанда, «после приема внутрь» дегенді «ішке қабылдағаннан кейін» дегені әбден сорақы. «Ішкеннен соң» деуге қалай ғана тілі келіспеді екен?! Сөзбе-сөз аударма жасаған.
Қазақ тілін былапыттап жүргендердің қатарында өз әріптестеріміз де бар. Журналистердің сауатсыздығын әшкерелейтін «жалғасын тапты», «деп күтілуде», «атап өткендей», «мәлім болғандай», «оқиға тіркелді», «оқиға орын алды», «көрініс тауып отыр», «өздеріңіз көргендей» деген сөз тіркестері жиі қолданылатынын көріп жүрміз.
Сонымен қатар, «биылғы жылы», «былтырғы жылы» деп заулатып отырған журналисті көргенде, тыңдаушы ұялатыны ақиқат. Олар тіпті «биыл» деген сөздің «бұ йыл», яғни, «бұ жыл» екенін, оған тағы да «жыл» сөзін қосудың артық болатынына мән бермейді. Ал, «былтыр» деген – «өткен жыл» деген сөз.
Негізі телеарна редакторлары сөз қолданысына, тілдік қорға мұқият болғаны дұрыс. Өйткені, балаларымыз таң атқаннан күн батқанға дейін «көк жәшіктің» алдында отырады, одан қалса, әлеуметтік желілерді жағалайды. Эфирден айтылған сөзге сенеді. Теледидардан айтылған ақпарат адам миына тікелей әсер етеді. Осыларды ескеріп, сөйлеген сөзге, қимыл-әрекетке мән берген абзал.
«Мемлекеттің тарапынан болған көмектің арқасында», «…рухани ләззат сыйлады», «ресми сапары болады деп күтілуде», «…егу шарасы жалғасын табады», «инвестиция … миллионды құрады» деген сөз тіркестері – тіл шұбарлануының бір көрінісі.
Түйін:
Ұлы Абай: «Өткірдің жүзі, кестенің бізі,
Өрнегін сендей сала алмас» деп жырлаған қазақ тілі шырайлы да шұрайлы, ақпа-төкпе шешен, ұшан теңіз бай еді ғой. «Тілінен айырылған ұлт бәрінен айырылады» депті бір данышпан. Олай болса, барымызды қадірлей білейік.
Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА