Сүрініп кетіп, бүлініп жүрген тағдырлар…
немесе жаза басқандарды жұмыспен қамту қандай деңгейде?
Тақырыптың өзегін қозғамас бұрын есімізге Қадыр ақынның әйгілі өлеңінің екі тармағы түсе қалғанын жасырмаймыз:
«Бір жаманы сонда да үй салмаған,
Бір жақсысы абақты тұрғызбаған…»
Рас-ау… Бұл қазақта тумысында түрме болмаған ғой. Атаның жолымен, даланың заңымен жазалап отырып-ақ тентегін тезге салған, адасқанын жөнге тартқан. Ал, қазір… Қала сайын қос-қос түрме. Соған сыймай жатыр. Сірә, заман өркендеген сайын қылмыстың да, қылмыскердің де өсіп-өніп жататыны өкінішті шындық болып тұр.
Деректерді сөйлетсек…
1995 жылы Қазақстан түрме индексі бойынша АҚШ пен Ресейден кейінгі үшінші орында бол-ған. 2012 жылы біздің еліміз бұл көрсеткіш бойынша 33-орынға шықты. Бүгінде Қазақстан халықаралық түрме рейтингінің көрсеткіші бойынша 57-орында. Соңғы үш жыл ішінде еліміздегі сотталғандардың саны 25 пайызға кеміді. Бүгін олардың саны 90-жылдарға қарағанда екі есе, ал 80-жылдарға қарағанда үш есе аз. Биылғы жылы Қазақстанның тарихында тұңғыш рет түрмедегілер саны 40 мың адамға дейін азайыпты. Бас прокуратураның мәлімдеуінше, Қазақстан мұндай нәтижеге рақымшылық қолдану арқылы емес, жүйелі әрі жан-жақты ойластырылған қайта құрулардың арқасында қол жеткізген. Еліміздегі құқықтық реформалар мен заңдары аясында Мемлекет басшысы 2017 жылға дейін түрмеде жаза өтеушілердің саны көп 50 елдің қатарынан шығу міндетін жүктеген болатын.
Жыл аяғына дейін Қазақстандағы ең ірі үш түрме жабылуы мүмкін. Маңғыстау, Павлодар, Қарағанды облыстарында орналасқан абақтылардың жұмысын тоқтатуы мүмкін екендігін хабарлаған еліміздің Бас прокуратурасы ондағы жазасын өтеушілер өзге колонияларға ауыстырылады деп отыр.
Өзімді жоғалтып алдым…
Қазіргі қоғамда жиі көтеріліп жүрген мәселелердің біріне қайта айналып соғуымызға себеп бол-ған — Ж. есімді азаматтың жанайқайы болды.
– Қайсыбір жылы қара басып, істі болдым. Пенде болған соң қателік кімде болмайды. Заңгер болатынмын. Жазамды өтеп келгеннен кейін біраз уақыт үйде жатып алдым. Қоғамға қайта араласуға моральдық-психологиялық тұрғыдан дайын емес едім. Отбасым, достарым теріс айналмады. Бірақ, бәрібір ішімде бір нәрсе сынып кеткендей. Ешкімді кінәлап тұрғаным жоқ. Бір рет жаза бастым. Осы мамандықты сүйіп таңдағам. Тым-тәуір тәжірибе де жинақтап қалғанмын. Бірақ, екінші қайтара өз қалағанымдай жұмысқа орналасу қиынға соқты. Түрмеден шыққаным бетіме салық болып, жұмыс берушінің көбі күдіктене қарайды. «Екі қолға – бір күрек» деп, ілінген нәрсені істеп күнелтіп жүрмін. Азамат деген атым бар. Отбасын асырау керек. Өзімді жоғалттым. Күн көріс үшін ғана құр сүлдерімді сүйретіп жүрмін…
Жанарында шарасыздық тұнған жігіт ағасының басындағы сергелдең – баршаға таныс жайт. Дейтұрғанмен, бір рет берілген ғұмырында «сүрініп кетіп, бүлініп жүрген тағдырлар» аз ба?! Сенімді дереккөздерге сүйенсек, бүгінде әрбір оныншы сотталушының ешқандай білімі жоқ. Ал, он адамның үшеуінде мамандық жоқ. Арнайы мамандықтары барлары жұмысқа орналаса алмайды екен. Сондықтан бүгінде еліміздің түзету мекемелері «айналмалы есік» приципі бойынша жұмыс істеуде. Түзетіп шығарып жібергендердің кері түрме есігін қағып тұрмасына кім кепіл?
Жалпы, жазасын өтеп шыққандардың көпшілігінде бостандыққа бейімделу процесі әртүрлі дәрежеде жүріп жатады. Темір тордың ар жағында алған психологиялық көмектің бергі бетке шыққаннан кейін көбіктей салмағы болмай қалуы әбден мүмкін. Өйткені , шынайы өмірдің шырғалаңы бір басқа ғой.
Адасқанның алды жөн, арты соқпақ…
Түрмеден шыққандарды жұмысқа орналастыру Елбасының бес институционалдық реформасында да көрсетілген. Осы орайда түзеу мекемелерінің алдына қойылып отырған негізгі міндет – бұл жазасын өтеп жатқандарды және өтеп шыққандарды жұмыспен қамтамасыз ету. Жыл сайын еліміздің түзеу мекемелерінен ұзын саны 11 мыңға дейін адам босап шығады екен. Содан кейін, олар жұмыспен қамту орталықтарына баруы тиіс. Бұл орталықтарда «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасының аясында міндетті түрде жұмыс орнын тауып береді. Бірақ, көп жағдайда сотталып шыққандар бұл орталықтарға жүгінбейді.
Осы орайда ойға оралатын сұрақ көп. Ізгілендіру процесі жүріп жатқан біздің қоғамда жазасын өтеп шыққандарға берілетін жеңілдіктің шегі бар ма? Мәселен, сергелдеңге ұшыраған азаматтардың өзін-өзі табуына қандай жәрдем көрсете аламыз? Жаны сүйген қызметке оралу істі болғандар үшін қаншалықты мүмкін болып отыр? Осы қаптаған сауалға жауап іздеп, заңгерге жүгіндік.
– Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 366-бабымен пара алу фактісі бойынша сотталған адамға заң бойынша мүлкі тәркіленіп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, параның елу еселенген сомасы мөлшерінде айыппұл салуға не бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Ал, қылмысы айтарлықтай мөлшерде жасалса, одан да бетер қауіп төндірсе – мүлкі тәркіленіп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, параның алпыс, жетпіс, сексен еселенген сомасы мөлшерінде айыппұл салуға немесе үш жылдан жеті жылға, жеті жылдан он екі жылға, он жылдан он бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру көзделген.
Демек, сот үкімімен белгілі бір қызметпен айналысу құқынан шектелген немесе айырылған тұлғалар негізгі жазасын өтеп болғаннан кейін белгілі бір мерзімге немесе өмір бақи сол қызметпен айналыса алмайды. Бірақ, оларға, қарапайым сотталғандарға секілді, басқа жұмыстарға орналастыру жағдайлары қарастырылған, — дейді Атырау облыстық сотының ақпараттық қамтамасыз ету бөлімінің бас маманы Мирас Ғабдолхаев.
Атыраудағы ахуал қандай?
Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына аталмыш тақырып аясында бас тіредік. Басқарма басшысының орынбасары Б.Өтеғалиқызының берген мәліметіне сүйенсек, жыл басынан бері бас бостандығынан айыру орындарынан жазасын өтеп шыққан 76 адамның және пробация қызметінің есебінде тұрған 127 адамның – барлығы 203 адамның тізімі түскен. Тізім бойынша уәкілетті жұмыспен қамту органдарына хабарласқан 108 адамның 48-не (44,4%) жұмыспен қамту бағытында әлеуметтік көмек түрлері көрсетілген екен. Пробация есебінде тұрған және жазасын өтеу орындарынан босап шыққан адамдарды қоғамға бейімдеу осы басқарманың да құзыретіне кіретіндіктен, атқарылған алуан шара жөнінде ақпарат алдық. Күні бүгінге Атырау қаласы мен барлық аудандарда жазасын өтеу органдарынан босатылатын тұлғалар мен пробация қызметінің есебінде тұрған адамдар үшін арнайы қаулы қабылданып, бір пайыз мөлшерінде квота белгіленіп отыр екен.
Уәкілетті жұмыспен қамту органдары Қазақстан Республикасының «Халықты жұмыспен қамту туралы» Заңының 13-ші бабына сәйкес, жұмыс іздеп хабарласқан адамдарға ғана әлеуметтік көмек түрлерін ұсынып, жұмыспен қамтиды. Бас бостандығынан айыру орындарынан және пробациялық қызметінің есебінде тұрғандарының ішінен хабарласпаған 95 адамға мониторинг жүргізіліп, нәтижесінде 75-іне уәкілетті жұмыспен қамту органдарына хабарласу қажет екендігі туралы хат жолданған, 20 адамның әртүрлі себептермен жұмысты қажет етпейтіндігі анықталған.
p.S.
27 жыл абақтыда отырып шыққан (оның 18 жылын бір кісілік камерада өткізген) Оңтүстік Африка Республикасының бірінші қара нәсілді президенті Нельсон Манделаның «Мені жетістігіме бола құрметтемеңдер, құлаған жерімнен қайта тұра алғаным үшін бағалаңдар» деген сөзі бүгінгі айтқымыз келген ойымызға жұп болып тұр. Тура жолдан тайқып, тағдыры талқыға түскен талайлардың жанына жалау болар жақсы бастамалар көп болса ғой. «Біздің елде өзін жоғалтқандардан ізгілік іздегендердің саны артса» деген игі үміт те жоқ емес…
Әлия
Дәулетбаева