СҮРІНІП КЕТІП, БҮЛІНІП ЖҮРГЕН ТАҒДЫРЛАР
Белгілі тұрағы, жұмысы, күнкөріс қаражаты жоқ адамдарға әлеуметтік, медициналық және басқа да көмектер көрсету, халықтың санитарлық-эпидемиялық жағдайын сақтау, бұған қоса қоғамдық тәртіпті нығайту мақсатында 2000 жылы «Белгілі тұрағы жоқ адамдарға арналған бейімделу орталықтарын құру» туралы Үкімет қаулысы шыққан. Осы қаулы негізінде Атырау облысында да бейімдеу орталығы құрылды. Бүгінгі күні бұл орталық «Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі» мемлекеттік мекемесінің қарауында. Аты айтып тұрғандай үй-жайы жоқ, өмір сүруі үшін жұмысы, қаражаты жоқ жандардың уақытша тұруларына арналған бұл мекеме 50 адамға арналған. Негізгі міндеттері әлеуметтік, психологиялық және медициналық көмектер көрсету болып табылады.Үш мезгіл тамағы, медициналық, әлеуметтік көмектер, жалпы қажетті керек-жарақтың барлығы да тегін беріледі.
Бүгінгі күні бұл орталықты паналаушы 27 адамның төртеуі әйелдер екен. 1977 жылы салынған ескі ғимарат орталыққа бейімделіп жасалған. Жатын бөлмелері, оқшаулау бөлмесі, асхана, қызметкерлердің жұмыс бөлмелері барлығы бір жерге шоғырланған. Орталық қызметкерлерінің ұқыпты қолдарымен күтіліп-бапталып отырған ғимараттың көнелігі кіріп келгеннен-ақ көзге ұрып тұрды.
Бұл жерге келіп түсетіндер – тағдыр тәлкегіне түсіп, барар жер, басар таулары қалмаған адамдар. Құжаттары жоқ, өзінің кім екендігін ешкімге дәлелдей алмайтын, қарны тойып тамақ ішпей, күл-қоқыстың арасында, үйлердің жертөлелерінде ит тірлікпен бейшаралық күй кешкен жандар. Мемлекет бұл адамдарға жоғарыдағыдай көмек көрсетіп, жылы орын мен дәмді тамағын алдарына тосып, қамқорлық жасап отыр. Сонда бұлар кімдер? Олар іштен туа «қаңғыбас» атанған жоқ қой. Аспан ашық, ел тыныш, бүгінгідей беймарал уақытта оларды иттен бері, кісіден әрі бұл тірлікке итермелеген не?
– Басты себеп араққа салынушылықтан, – деп бастады бізбен әңгімесін орталық директоры Өміржан Жұманиязов. «Бізге адамдар ішкі істер органдарының қабылдау-бөлу мекемесі мен денсаулық сақтау мекемесінің ұсыныстарымен, басқару органының жолдамасымен және орталыққа өз алдына түскен арыздар негізінде келеді. Оларға дәрігер, медбике, психолог, әлеуметтік көмек беретін маман, еңбек терапиясы маманы, заңгері бар жиырма алты адам қызмет көрсетеді. Тұру мерзімі – бір жыл.
Осы аралықта біздің мамандарымыз олармен үздіксіз жұмыс жасайды. Жоғалған құжаттарын қалпына келтіру, жұмысқа орналастыру, зейнетақы тағайындау, әлеуметтік жәрдемақы алып беру, мүгедектігі туралы құжаттар жасақтау, қажетті жағдайда ауруханаларға, қарттар үйіне жайғастыру сияқты қызметтерді аяқтай жүріп атқарады. Жағдайы нашар науқастарға оқшаулау бөлімінде арнаулы күтім көрсетіледі. Кейбіреулерін туыстары әкеліп тастайды, қайсыбіреулері өздері келеді. Әйтеуір, бізге келушілер легі толастар емес. Бүгінгідей заманда адамдардың қандай жағдайда да азып-тозып күн көрулеріне үкімет жол бермей, осындай орталықтар ұйымдастырып отыр. Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелдерге көмек көрсету және түнде болу бөлімшелері ашылды.
Түнде болу бөлімшесіне адамдарға тәуліктің түнгі уақытында, жазда сағат 21-ден 9-ға дейін, қыста 18-ден 10-ға дейін орын беріледі. Тығырықтан жол табу жолдарын қарастырып, ұсынылып отырған көмекті пайдаланудың орнына «баяғы» жолдарын қош көретіндердің бар екендігі өкінішті. Сонда да оларға қамқорлық көрсетіліп отыр. Жақында қала әкімі келіп, жағдайымызбен танысып кетті. Реті келгенде жаңа типтік орталық керектігі жөнінде ұсынысымызды айттық. Бұл енді болашақтың еншісіндегі нәрсе».
Әңгімеге директордың әлеуметтік жұмыстар жөніндегі орынбасары Гүлбағила Хаби араласты. «Бұлардың барлығы да – әлеуметтік статусын жоғалтқан адамдар. Қаңғыбастыққа ұшырағандардың арасында балалар үйінен шыққан жетім балалардың барлығын да айтқым келеді. Балалар үйінен шыққаннан кейін жасөспірімдер үйіне барады. Ал, 23 жастан кейін олар қайда кетеді. Амалсыздан бізге келіп маңдай тіреуге мәжбүр. Мысалы Анжела деген қызымыз бізде тұрып, жұмыс жасап, кезекке тұрып, үй алып, әп-әсем отбасы болып кетті. Юля Крайнова деген қыз екі баласын балалар үйіне тапсырып, өзі осы орталықта тұрып жұмыс жасап жатыр. Оны да Анжела сияқты аяқтандырып жіберсек деп армандаймыз. Қазақ айтқан ғой «жетім көрсең жебей жүр» деп. Қабырғасы қатпай тағдыр қиыншылығын көріп, бір жылы сөзге зәру болған жетімдерге көмектесуді тиісті орындар ғана емес, барша халық болып мүмкіндігінше қолға алса деймін.
Бес саусақтың бірдей еместігі тәрізді, адам да әртүрлі. Бізге келіп, еңбек етіп, осы бір тығырықтан жол тауып, ел қатарлы адам болып кетіп жатқандар да бар. Мәселен, бір кездері орталықты паналаған Мақсот деген жігіт өз алдына жұмыс жасап, жер алып, үй салып жатыр. Бізге жиі келіп тұрады. Бұған қалай қуанбасқа?! Бізде әр тұрғынмен психологиялық жұмыстар жақсы жүргізіледі. Психологіміз Фариза Қабдолова осындағылардың барлығының болмысын бес саусақтай біледі десем, артық айтқандық болмас.
Шынын айту керек, жетім балалардың көңілдерінде мықты бір қаттылық бар. Оның себебі түсінікті де шығар. Дегенмен, алған тәрбиенің бір ұшығы болсын бойға сіңуі керек қой. Бірде іштегі бір жас қыздың қателігін түзету мақсатында әңгімелесуіме тура келді. Аналық, апалық ақылымды айтып отырмын. «Маған қарашы, айналайын, екеуміз пәлен сағаттан бері сөйлесіп отырмыз. Менің бойымнан қандай жағымды қасиеттерді байқадың?»-десем, ол «мен ондай қасиет дегенді білмеймін» деп қарап тұр. Бір байқайтыным, жетімдер үйінен келгендердің көбінің бойында мейірімділік, адамгершілік жетіспей жатады. Бұл түсінікті де шығар. Онсыз да көз ашпай жатып, өмірдің соққысына тап болған кішкене сәбилерге үлкен жүректің жылуын көбірек беруге тырысқан жөн секілді».
Өңдері жүдеу, жүздері сынық орталық тұрғындарының бірнешеуін әңгімеге тартқанда түсінгеніміз, көпшілігінің жастары келгенде осындай өмірге тап болуларының басты себебі ішкілікке салыну екен. Әзәзіл арақ талайдың өміріне балта шапқан. Бұл туралы айтылудан кенде емес. Ішкіш адам өзінің отбасына да, қоғамға да зиянды. Осы отырғандардың көпшілігінің ағайын-туыс, балалары бар. Бірақ, икемге келмей, отбасы жылуынан гөрі, осындай тірлікті қалаған жетесіз жандарға не айтарсыз?
Қазақ – «қариялы үй, – қазыналы үй» деп, үнемі үлкенін қадірлеп, ата-анасының маңдайына шаң тигізбеген халық. Осы ұлы үрдіс мәңгілік жалғасса дейміз. Десек те, көп ішінде ала да, құла да болады деген рас екен. Жасы 85-ке келген Нығмет ақсақалдың жағдайы жақсы, төрт баласы бар екен. Бірақ, ақсақал осындай өмірді таңдаған. Артынан келген балаларына да көнер емес. Болмаса, қызымен пәтер үшін соттасып, республикалық телеарналардан көрсетіп, айдай әлемге әйгіленген Оңайша әжейдің жасы – 86-да. Ол кісі осы орталық арқылы қарттар үйіне орналастырылыпты. Теледидардан көргеніміздей, ол жалғыз адам емес. Сонда бұл не? Қарттарға тән көпті көрген даналық пен ақ әжелерге тән мейірімділік қайда? «Төрімнен көрім жақын» деп, барлығына шүкіршілік етіп, ұрпағының амандығын тілеп отырмаушы ма еді баяғының қариялары. Бұл жердегі сүрініп кетіп, бүлініп кеткен жастармен де, белдері бүгіліп, жүздерін әжім басқан шақта темір кереуеттің үстінде шошайып бүктетіліп отырған қарттармен де сөйлескенімізде, басты кінәні ішімдіктен көрдік..
Аға буын кетеді, кейінгі буын жетіледі. Бұл – өмір заңдылығы. Жастар санасының ашық күнгі күн сәулесіндей жарық болғаны, қарттардың келместің кемесіне отырар тұста ұрпағы алдындағы асқақ тұлғасының аласармауы кім-кімді де толғантары рас. Үлкендеріміздің «балаларыма сана бере гөр» деген тілектерін талай естігенбіз. Ендеше, үлкенге сабыр, кішіге қанағат тілейік біз де…
Ағиба МҰСТАЖАПҚЫЗЫ.