С.Өтебаев атындағы АтМГУ-ді «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ-ның ғылыми-индустриалды орталығына айналады
Бүгін С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінің базасында облыс әкімі Серік Шәпкеновтің қатысуымен «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ және оның еншілес компанияларының өкілдерімен жиын өтті. Сондай-ақ шараға ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек селекторлық режимде қатысты.
Жиынның мақсаты — аталған білім беру ордасын ұлттық компанияның корпоративтік ғылыми-индустриялды орталығына (R&D орталығы) айналдыру.
Іс-шарада облыс әкімі Серік Шәпкенов оқу ордасының мұндай орталыққа айналуы білімгерлер мен оқытушылардың оқуына, ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысуына, өңірде таланттардың тұрақтауына мүмкіндік беретінін айтты.
— Білім мен тәжірибені ұштастыру қай кезде де күн тәртібінен түсіп көрген емес. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев кадрды дайындап қана қоймай, олар өндірістегі жаңа технологияларды игеріп, бәсекеге қабілетті болуын басты назарға қойған еді. Еліміздің мұнай-газ саласындағы ұлттық көшбасшы – «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ еншілес компаниялары мен академиялық қауымдастық өкілдерінің бір алаңға жиналуын ортақ мақсат пен мүдде жолындағы бірлескен қадам деп білеміз. Атырау мұнай және газ университеті – Қазақстандағы мұнай-газ саласының ғылыми-инновациялық орталығына айналуды мақсат етіп отырған жоғары оқу орны. Жаңа жобаларды іске асыруға мүмкіндігі мол деп білеміз. Осы бағыттағы жұмыстарға қолдау көрсетіп отырған «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ ұжымына табыс тілеймін,-деді С.Шәпкенов.
Ал «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев университетпен тығыз жұмыс істеудің маңыздылығына тоқталды.
— Біздің компания өткен жылдан бері білім беру саласына ерекше назар аударды. Студенттердің сауатын арттыру мақсатында қолымыздан келген көмекті көрсетіп келеміз. Оларды тәжірибеге тарту, жұмысқа алу осы университетпен жасалған меморандум аясында жүзеге асырылады. Ғылыми-зерттеу және тәжірибелі-конструкторлық жұмыстарына тарту жұмыстары күн тәртібінде тұр. Компания еншілес ұйымдарының дамуына, кәсіпорындарда заманауи ғылыми шешімдердің енгізілуіне көңіл бөледі. Сондықтан ұлттық компания мен университет арасындағы байланысты бекіту керек деп есептеймін. Ертең өндіріске енгізуге болатын барлық инженерлік шешімге жан-жақты қолдау көрсету маңызды. Сондай-ақ бұл білім ордасы біздің компанияға маман дайындайтын «кадр ұстаханасы» бола алады,-деді М.Мырзағалиев.
Кездесу соңында С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінің ректоры Гүлзада Шакуликова мен «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Құжат бойынша «ҚазМұнайГаз» АҚ мен еншілес ұйымдары R&D Орталықта көмірсутектерді барлау және өндіру, мұнай химиясы және мұнай өңдеу, мұнай мен газды тасымалдау, т.б. бағыттар бойынша цифрлық, техникалық және технологиялық міндеттерді қоса алғанда, ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық шешімдерге бастамашылық жасауды жүзеге асырады.