Жарнама
ЖаңалықтарМедицинаҚоғам

Сәбилер өлімінің алдын алуға бола ма?

Ана мен бала саулығы – ұлт болашағы, басты байлығымыз. Бұл ретте елімізде Елбасы тапсырмалары негізінде денсаулық сақтау жүйесін нығайтып, ана мен бала саулығын қорғауға баса ден қойылуда. Десек те, облыстық перинатальдық орталықта орын алған сәбилер өліміне қатысты жағдайлар кім-кімді де алаңдатпай қоймайды.

Осынау тақырып «Аtyraý» газеті редакциясында ұйымдастырылған «дөңгелек үстелге» де арқау болды. Келелі мәселені талқылауға арналған басқосуға аталған басылымның бас редакторы Исатай Балмағамбетов модераторлық етті. Ашық пікір алаңына облыстық денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс бас педиатры,  орталық нерв жүйесі зақымдалған балаларға арналған «Сәбилер үйінің» директоры Райса Баймұханова, облыстық перинатальдық орталықтың директоры Қуаныш Нысанбаев, облыстың штаттан тыс бас эпидемиологы Гүлжамал Таубаева, облыстық «жедел жәрдем» стансасы директорының орынбасары Наргиз Баймолдаева қатысты.

фото 008-1

Дені сау ұрпақ – ұлт болашағы

Исатай БАЛМАҒАМБЕТОВ:

– Сәбиін сау күйінде дүниеге әкеліп, санаулы уақыттың ішінде бауыр еті – баласынан айырылған аналардың жанайқайы ащы. Олар, қалаберді бұл жайға бейжай қарай алмағандар редакцияға шағымданып хат жазып, телефон қоңыраулары да көптеп соғылуда. Мұндай аналарды біз бүгін ортамызға шақыра қоймадық. Десек те, олардың айтарлары өте көп. Орын алған мәселеге байланысты қандай уәж айтасыздар? Аталған орталықта шараналар неге шетінеді? Тіркелген қайғылы жағдайлардың негізгі себебі мен салдары неде? Алдымен, әңгімемізді осыдан бастасақ…

 

Қуаныш НЫСАНБАЕВ:

–Болған жағдайлардың бәрінің тіркелгені рас. Бірақ, мәселенің орын алуын медициналық қызметтің дұрыс көрсетілмегендігі емес, дүниеге сәби әкелуде әрбір әйелдің өз саулығына мән бермегенінің, тақырып аясында түсінік жұмыстарының жүргізілмегенінің салдары деп білеміз. Көп жағдайда мерзімінен бұрын босану, нәрестенің аз салмақта дүниеге келуі секілді себептер бар. Биыл жыл басынан бері 12 сәби қайтқан болса, бұл туа пайда болған ақаулардың салдарынан орын алды. Айта кету керек, әрбір ананың басты мақсаты – дүниеге дені сау ұрпақ әкелу.

Бұл ретте отбасын алдын ала жоспарлау маңызды. Уақытында дәрігерге тексеріліп, алдыңғы жүктілік арасындағы мерзімді сақтау қажет. Әйелдің ағзасында жедел және созылмалы дерттер болса, оны емдеген жөн. Осылайша, денсаулығы мен әлеуметтік жағдайын қалыпқа келтірген соң саналы түрде өмірге сәби әкелуді жоспарлау маңызды.

Кешегі болған жайларды сараптағанда мерзімінен бұрын босанған әйелдердің көбінде босанулар арасындағы уақыт аз. Мәселен, әйелге былтыр жатырдан тыс жүктілік бойынша ота жасалса, бұл адамға қатысты мұндай дерек сол жылдың соңында кері қайталануда. Яғни, бір әйелдің жыл сайын босану фактілері көп. Бір жылда екі жүктіліктен өтетіндері де бар. Біз, әрине, сәби сүюіне қарсылық келтіре алмаймыз. Десек те, жоғарыда айтылғандай, толық дәрігерлік тексерістен өтіп, денсаулығын қалыпқа келтіріп, жүктілікті алдын ала жоспарлау керек.

 

Исатай БАЛМАҒАМБЕТОВ:

–Шағымданушылардың айтуынша, сәби дүниеге тірі күйінде келді. Олар қан құю деректерінен кейін шетінеді. Орын алған жағдай бір ғана факті емес, төртеу. Олардың барлығының денсаулық жағдайлары бірдей болды ма? Осы мәселені анықтап алсақ…

 

Қуаныш НЫСАНБАЕВ:

Куаныш Нысанбаев

– Төрт  баланың  жағдайы әртүрлі болды. Олар өмірге келгенімен, мерзімінен бұрын босанып, шала туғандар. Дамуы әлі толық жетілмеген.  Салмақтары 1000-1500 грамм аралығын құрады. Сондықтан, сәбилерге клиникалық көріністер мен анализ нәтижелерін зерттей отырып, қан құйылды. Міндетті түрде ата-анасына түсіндірілді. Қан құю процесі бір ғана дәрігердің кеңесімен жасалған жоқ. Барлық мамандардың ортақ талқылауынан соң қан құюға шешім қабылданды.

 

Райса БАЙМҰХАНОВА:

Раиса Баймұханова

– Орын алған қайғылы жағдайларға байланысты облыстық денсаулық сақтау басқармасында комиссия құрылды. Денсаулық сақтау министрлігінен де тексеріс жүргізілуде. Тіркелген деректер біз үшін әрине, жақсы көрсеткіш емес. Алайда, бұл дәрігерлердің біліктіліктерінің төмендігін де көрсетпейді.

Осы жағдайға қатысты әйелдер –алғаш рет өмірге сәби әкелушілер емес.  Олар – бұрын да жүктілікті бастан өткергендер. Жыл басында жүкті болып, денсаулығындағы ақаулыққа байланысты жүктілікті үзіп, сол жыл ішінде қайта сәби көтергендер. Дүниеге дені сау ұрпақ әкелуге өз ағзасын алдын ала дайындап, түзетпегеннің салдары өкінішке қарай, осындай жағдайларға душар етуде.

Дүниеге сәби әкелуге дайындалу мерзімі ең кем дегенде үш жылды құрауы керек. Сол уақытта әйелдің ішкі ағзасы келесі жүктілікті көтеруге дайын бола бастайды. Бүгінде үш жыл өтті екен деп те жүкті бола салуға болмайды. Алдын ала денсаулығын толық тексерістен өткізу маңызды. Ал, облыста жиі-жиі жүкті болу фактілері көбейіп тұр. Сондай-ақ, балаларға еш себепсіз қан құйылмайды. Бұл ем-дом нәрестенің денсаулығына байланысты қажетті болғаннан кейін ата-анасының келісімімен жасалды.

Облыста жүкті әйелдерге көмек көрсету үш деңгейде жүргізіледі. Аудан әйелдері үшін орталық аудандық ауруханаларда қызмет көрсетіледі. Екінші деңгейлі қызмет жүктілігі қалыпты болашақ аналар үшін Атырау қалалық перзентханасында жүргізілсе, ал, облыстық перинатальдық орталықта денсаулығы нашар әйелдерге көмек көрсетіледі. Орталықта кейбір ауыр көрсеткіштердің орын алуының себебі осында.

 

Исатай БАЛМАҒАМБЕТОВ:

– Сәбиі шетінеген аналар сіздерге барғанға дейін дәрігердің бақылауында болған ба?

 

Қуаныш НЫСАНБАЕВ:

– Барлығы да тұрғылықты жері бойынша емханада дәрігердің тікелей қарауында болғандар. Десек те, олар  өз саулықтарын түзетіп алмаған, жүктілікті алдын ала жоспарламаған. Орын алған төрт жағдайдың екеуі егіздерге қатысты. Олардың анасы 2017 жылы босанған болса, араға бір жылға жуық уақыт салып, 2018 жылы перинатальдық орталыққа қайта келді.

 

Жүктілікті жоспарлаған жөн

 

Исатай БАЛМАҒАМБЕТОВ:

– Өркениет заманында «жүктілікті алдын ала жос-парлау маңызды» деген айтылып  келеді. Алайда, бізде бір емес, екі бірдей дипломы бар, сауатты деген адамдардың өзі мұндай жағдайға баса ден қоймай жататыны анық. Бұл ретте сәбидің шетінеуінің тағы қандай себептері болуы мүмкін?

 

Қуаныш НЫСАНБАЕВ:

– Бұл жердегі тағы бір негізгі мәселе – қаназдық.  Оның салдарынан адамның иммундық жүйесі төмендейді. Бұдан кейін ағза кез келген вирусты, инфекцияларды тез қабылдағыш болады.  Неше түрлі ауру қоздырғыштары пайда болып, саулығы нашарлайды. Мұндай әйелдің дені сау сәбиді дүниеге әкелуі екіталай.

Облыстық перинатальдық орталықта 8478 босанған әйелдің 3723-і қаназдықпен тіркелген. Оның 1623-інде қаназдықтың ең ауыр түрі кездеседі. Олардың гемоглобиндері 70-тен төмен. 25-35 гемоглобин көрсеткішімен жүз шақты әйел босанды. Эндокриндік аурумен шамамен мың адам тіркелді. Қант диабеті, тыныс алу жолдары, бүйрек инфекцияларымен ауыратын жүкті әйелдер көп. Мұндай жағдайлар күнделікті тәжірибеде кездеседі. Саулығы нашар әйелдің жүкті болғаннан кейінгі жағдайын әлдеқайда жақсарту қиын. Себебі, жүктілік кезінде тағайындауға болмайтын дәрі-дәрмектер бар. Сондықтан, әрбір болашақ ана өз саулығын алдын ала түзетіп, дәрігерлік тексерістен өткен жөн.

 

Исатай БАЛМАҒАМБЕТОВ:

– «Facebook» әлеуметтік желісінде  қазақстандық блогер, саяхатшы Яков Федоров деген азамат «Эмоциялық ауыр фактчекинг» тақырыбында мәселеге қатысты жазбасын жариялады. Нақты цифрларды талдап, деректер келтіреді. «Қайтыс болған сәбилердің 36,6 пайызы – аудандардан жеткізілгендер» деп аудандарда неонатолог мамандардың жеткілікті жабдықталмағанын да сынады. Бұл  – қаншалықты зерттелген мәлімет?

 

Райса БАЙМҰХАНОВА:

– Неонатолог  –  жаңа туған нәрестелерге көмек көрсететін маман. Бүгінде облыста мұндай дәрігерлермен қамту көрсеткіші 70 пайыздың үстінде. Бұл өткен жылдармен салыстырғанда екі есеге жоғары. Неонатолог тапшылығын жоюда әлі де жұмыстар жүргізілуде.

 

Қуаныш НЫСАНБАЕВ:

– Облыстық перинатальдық орталыққа биыл Алматы, Астана қалаларынан төрт неонатолог келді. Бұлар – жоғары оқу орындарынан кейін резентураны бітірген төрт жылдық тәжірибелері бар мамандар.

Орталықтағы заманауи аппараттарды дұрыс пайдалану үшін бірінші кезекте мекеме қызметкерлері оқытылды. Сондай-ақ, олардың жұмысын арттыру үшін республикалық штаттан тыс хирург-неонатологтың қатысуымен семинар ұйымдастырылды. Бұдан басқа, мекемеде тәуелсіз сарапшылар дәрігерлер мен орта буын қызметкерлерінің жұмысын жүйелі бақылауда ұстайды.

 

Исатай БАЛМАҒАМБЕТОВ:

– Тұрғындар арасында «жергілікті дәрігерлер анықтаған диагноз бен олар тағайындаған ем мендегі дертке мүлдем сәйкес болмады, оны ресейлік мамандар дұрыс  анықтап берді» деген секілді пікірлер жиі айтылуда. Осы орайда біздегі мамандардың жұмысын бақылау мақсатында арнайы  сынақ жүргізіле ме?

 

Райса БАЙМҰХАНОВА:

– Облыстағы денсаулық сақтау ұйымдарына қажетті құрал-жабдыққа сұраныс  бермес бұрын мекемеде оны іске қосатын, халықтың кәдесіне жаратып, пайдалана алатын мамандардың бар-жоғын анықтап, алдымен кадр мәселесін реттеп аламыз. Денсаулық сақтау ұйымы содан кейін ғана аппараттармен қамтылады.

 

Қуаныш НЫСАНБАЕВ:

–Денсаулық сақтау саласында облыста бүгінде білікті мамандар бар. Облыстық ауруханада, облыстық №2 ауруханада қаншама жоғары технологиялы күрделі оталар жасалуда. Перинатальдық орталықта да мұндай жағдайлар бар. Ваннада жатып босану секілді қызмет түрлері бізде де көрсетіледі. Сондықтан, өзіміздегі бар қызметті пайдаланбай, сырттан іздеп, шетел асып кетпесе болады.

 

Исатай БАЛМАҒАМБЕТОВ:

– Редакцияға Атырау  қалалық перзентханасында немесе облыстық перинатальдық орталықта ем алып шыққандардан «медицина қызметкерлерінде жылылық емес, дөрекелік байқалады. Айқайлап ұрсады. Дәрігерді өзіміз шақырмасақ келмейді» деген шағымдар түсіп жатады. Бұл ретте «Науқасты дәрі емес, дәрігердің жылы сөзі емдейді» деген қағида қалыс қалып бара жатқан жоқ па?

 

Қуаныш НЫСАНБАЕВ:

– Ондай жағдай болуы мүмкін. Бірақ, мейлінше бақылау жасалып, болдырмауға күш саламыз. Бұл жағдай дәрігерлердің тапшылығынан орын алады.  2017 жылы перинатальдық орталықта патология бөлімшесінде 40 кереует болды. Оларға екі дәрігер қызмет көрсетті. Ал, қазір бұл орында төрт дәрігер бар. Босану залында бұған дейін бір дәрігер қызмет етсе, бүгінде екі, жан сақтау бөлімінде төрт реаниматолог, анестезиолог бар. Төрт акушер-гинеколог келді. Орта буын қызметкерлеріне этиканы сақтау жөнінде талаптар қойылуда. Орталықта емделушімен сөйлесетін екі менеджер бар.

 

Вирусты жұқпалар аса қауіпті

 

Исатай БАЛМАҒАМБЕТОВ:

– Қазір эпидемиологиялық аурулардың асқынатын уақыты. Вирусты жұқпалар әсіресе, балалар мен жүкті әйелдерге қауіп тудырады. Осы орайда аурудың алдын алудың жолдары қандай? Сондай-ақ, дүниеге дені сау ұрпақ әкелуде қандай дәрігерлік кеңес бересіздер?

 

Гүлжамал ТАУБАЕВА:

Гулжамал Таубаева

– Жұқпалы респираторлы вирусты инфекция – дүние жүзіндегі медициналық мәселе. Эпидемиологиялық заңдылық бойынша, бұл дерт жылма-жыл қайталанып келеді. Әсіресе, күз, қыс айларында жоғары деңгейде болады. Вирусты инфекциялар жүкті әйелдердің  физиологиялық жағдайына едәуір әсер етеді. Олардың иммунитеттері өте әлсіз болады.  Кейбір болашақ аналар мұның зияндылығына аса мән бермейді.  «Әдеттегі тұмау ғой, басылады» деп, ауруын асқындырып алады.

Егер жұқпаны бірінші триместрде жұқтырған болса, ол іштегі баланың дамуына әсер етуі мүмкін.  Екінші-үшінші триместрде жұқтырса, мерзімінен бұрын ерте босануға әкеліп соқтыруы ықтимал. Сондықтан, жүкті әйелдер ең алдымен саулығына мән беруі тиіс. Әйелдің денесінде әлсіздік байқалып, дене температурасы көтерілсе, ол өзінің емдеуші дәрігерімен тығыз байланыста болып, дәрігерлік кеңес алғаны жөн. Әрбір жүкті әйелдің үйінде медициналық қобдишасы болуы маңызды. Вирусқа қарсы дәрумендері, термометр, маска, шпатель, оксолин мазь секілді медициналық құралдары түгел болуы керек.

Қазір облыстағы эпидемиологиялық жағдай бақылау деңгейінен асқан жоқ. Инфекцияның маусымдық көтерілуі бар. Сондықтан, әр адам аурудың алдын алуы тиіс. Осы орайда аймақта жүкті әйелдерге қазан, қараша айларында тұмауға қарсы екпе тегін салынды.  Былтыр 30 мың адамға екпе сатып алынса, биылғы маусымда бұл көрсеткіш екі есеге артты.  Вирусты жұқпаларды алдын алуда жеке бас гигиенасын сақтап, қолды тазалап жуу ережесін  қатаң ұстану маңызды.

 

Қуаныш НЫСАНБАЕВ:

– Тұмау – жүкті әйелдер үшін өте қауіпті. 2017 жылы облыстық перинатальдық орталықта бұл аурудың асқынған дәрежесімен 59 әйел тіркелді.  Дерттің жүкті әйелдер үшін зияндылығы орасан. Пневмонияға ұласып, тыныс алуды төмендетеді. Мұның алдын алу үшін екпе алған жөн.

 

Генетикалық тексеріс маңызды

 

Исатай БАЛМАҒАМБЕТОВ:

– Бүгінде «жедел жәрдем» шақыртуларына да қатысты біраз шағымдар болып жатады. Бұл ретте «103» қызметінің бүгінгі жағдайы қалай? Шалғай аудан тұрғындары үшін санитарлық авиацияның қызметі қандай деңгейде? Жаңа туған сәбилерге, жүкті аналардың шақыртуларында кешігу фактілерінің себебі неде? Жалпы, осы бағыттағы түйткілдер қалай шешімін табуда?

 

Наргиз БАЙМОЛДАЕВА:

Наргиз Баймолдаева

– Бүгінде «жедел жәрдемге» шақыртулар төрт санатқа бөлінді. Соның ішінде  жүктілікке қатысты қоңыраулар үшінші санатқа жатады. Белгіленген заңдылыққа сәйкес,  шақырту түскеннен соң 30 минутқа дейін баруға болады. Бірақ, ол уақытты күтіп отырмай, бос бригада сол сәтте жіберіледі.  Ал, жүкті әйелдердің басы ауырып маза бермесе, мұндай шақырту екінші санатқа жатқызылып, «жедел жәрдемші» он минутқа дейін баруы тиіс.  Өміріне тікелей қауіп төндіретін, жедел медицналық көмекті қажет ететін пациент қоңырауы бірінші санатқа жатқызылады. Мұндай жағдайда «103» қызметі бес минутқа дейін жеткізіледі.

 

Исатай БАЛМАҒАМБЕТОВ:

– «Жедел жәрдем» келгенше үйде босану фактілері орын алса, пациенттің  әрі қарайғы жағдайы не болады?

 

Наргиз БАЙМОЛДАЕВА:

– Үйде босану жағдайында фельдшер алғашқы көмек көрсетіп, перзентханаға немесе облыстық перинатальдық орталыққа жеткізеді. Үйден босану дерегі былтыр – 52, биыл жыл басынан бері 36 болды. Олардың басым бөлігін жалдамалы жұмысқа келген Өзбекстан азаматтары, дәрігерлік есепке тұрмағандар құрайды. Сондай-ақ, «жедел жәрдемді» кеш шақырудың да кесірі болады. Абырой болғанда, олардың барлығы еш асқынусыз өтті. Ана да, сәби де  аман.

 

Райса БАЙМҰХАНОВА:

– Әрбір жүкті әйел босануға күні жақындаған кезде саулығына атүсті қарамауы тиіс. Егер әйелде қауіпті жүктілік болса, онда дәрігерімен алдын ала кеңесіп, ақ халаттылардың сөзіне құлақ асқаны жөн. Емхана дәрігері оны жоспарлы түрде перинатальдық орталыққа жатқызады.

 

Қуаныш НЫСАНБАЕВ:

– Бүгінде генетикалық аурулар өте көп. Мұндай жағдай тіркелген уақытта әйелге жүктілікті үзу ұсынылғанымен, олар келіспей жатады. Кейбір әйелдер емші, бақсыларға барып, олардың айтқанына сеніп, өзім босанамын деп отаға келіспейді. Бір әйелдің құрсақтағы баласынан Даун синдромы байқалғанын айтқан кезде, «емші дені сау ұрпақ әкелесің деп мені сендірді» деген ойларымен ақ халаттылардың сөзіне құлақ аспады. Кейін баласы  аталған дертпен өмірге келгенде одан бас тартып, оны перинатальдық орталыққа тастап кетті. Біз нәрестені орталық нерв жүйесі зақымдалған балаларға арналған «Сәбилер үйіне» орналастырдық.

 

Тобықтай түйін

Дүниеге дені сау ұрпақ әкелу – әрбір болашақ ананың басты арманы. Алайда, қалыпты жүктілік ананың денсаулығына тікелей байланысты. Сондықтан,  әрбір әйел физикалық, психологиялық және әлеуметтік жағдайын реттеп, өзін алдын ала дайындап,  жүктілікті жоспарлауы маңызды. «Бұл дегеніңіз қазаққа жат әрекет, көбіне бала санын шектеу ғой» деген ой келуі мүмкін. Ал, түптеп келгенде олай емес. Себебі, сәби – әрбір отбасының бақыты. Олай болса, бала өміріне қашан да жауапкершілікпен қараған дұрыс. Сонда ғана әлгіндей мәселелердің алдын алған болар едік. Бүгінгі «дөңгелек үстелдің» тобықтай түйіні де осы болды» деді модератор Исатай Құндызбайұлы.

 

Жазып алған: Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА.

 

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button