Құрыштан құйған құдірет
«… Ортамызға сен келдің аға болып,
Тұрымтайдай тұлғаңмен бала дерлік.
Оқулықты мыжымай кейбіреудей,
Сайрап тұрған ұстазды жаңа көрдік…»
Өмірден ерте кеткен талантты ақын, қарымды қаламгер Қабижан Сағиевтің осы бір өлең жолдары менің ұстазым Қадим Оңғарсыновқа да дәл арнап айтылғандай. Бүгінде кейінгі буынға айтар ұлағаты мол толағай тұлға Қадим аға сексеннің сеңгіріне шықты. Еліне елеулі, халқына қалаулы ақсақал туралы осынау мерейлі сәтінде өзіміздің жүрекжарды лебізімізді білдіргенді жөн санадық.
…1975 жылдың қыркүйегінде отбасымыз Жылыой ауданының Қаратон кентінен облыс орталығына қоныс аударып келгендіктен, әкем Құндызбай мені жақын маңдағы Сәбит Мұқанов атындағы №10 орта мектепке ертіп апарды. Бізді жас шамасы әкеммен қарайлас келген мектеп директоры жылы шыраймен қарсы алды.
— Келіңіз, келіңіз, Құндеке, ауыл баласының білімі тиянақты келеді, қабыл аламыз, — деп бірден-ақ сынып жетекшісін шақырып, қадағалай тапсырды…
Бұл менің Қадим ағайды алғаш көруім болатын. Сол кезде қырыққа да толмаған оның маған сөзі сондай салиқалы, көкірегі күмбір, пейілі сүмбіл көрінген. Балаң түйсігім алдамапты. Бізге химия пәнінен дәріс оқыған сәттеріндегі өзін-өзі ұстауы, ер адамға тән қаталдығы мен байсалдылығы қатар өріліп, сыныптағы болашақ жігіттерге қалай бой түзеу керектігін ұқтырып тұрғандай еді. Әрине, ол кезде қазіргіге қарағанда мектептерде ер-азаматтар көбірек еді ғой. Біздің сол №10 орта мектептің өзінде Әби Бермағанбетов, Ибағали Мизамғалиев, Мұрат Әзмұханов, Ерболат Дәулетқазиев, Бақытжан Мұсағалиев сынды білікті мұғалімдер қызмет жасады. Шыны керек, ұлдар тәрбиесінде олардың ықпал-әсері көп болғанын мойындауға тиіспіз.
Әрине, мұғалім апайларымыздың балаға деген мейірбандығы, әркез жаны ашып, аялай қарап тұратындығы жақсы-ақ, бірақ, ұлдар үшін бір сәт қатаң қабақ, қатал тәртіп те керектігі хақ. Осы тұрғыдан алғанда, әсіресе, Қадим ағайдың «қатал директор» деген аты сол кезде әркімнің де аузында жүрді. Қорыққандық та, сыйлағандық та бар, ол дәлізден көрінгенде оқушы біткен тығылып қалатын. Сабақ берген сәтінде сыныпта ұшқан шыбынның ызыңы да ес-тілмейтін. Директордың сұсты қабағы мектепте кәдімгідей тәртіп орнатқанын көзіміз көрді, көңіліміз толды.
Бір сүйініштісі сол, Қадим Ағайсаұлының қаталдығы жөнсіз дойырлық емес, әділдікпен астасқан сабырлылық, мейіріммен мелдескен байыптылық болатын. Өйткені, ол ешкімді орынсыз кінәламайтын, жөнсіз жазаламайтын. Содан да шығар, небір тәртібі қиындау сыныптастарымыздың өздері оның алдында момақан бола қалып, ұстаздың сарабдал келбетін одан әрі өркештендіре түсетін. Менің бұл ой-пікіріме Қадим ағайдың өзі үнемі аузынан тастамай мақтан тұтып отыратын әр жылдардағы шәкірттері – бүгінде ел ағаларының бірі, Атырау облысының Құрметті азаматы Мұрат Өтешев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты болған Жалғас Дүйсенғалиев, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің оқытушысы, химия ғылымдарының кандидаты Қасиет Ерниязова, экономика ғылымдарының кандидаты Болат Қожиев, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Бағыт Айдашев, қазіргі мектеп директорлары Асқар Имашев пен Қали Махамбетовтердің қай-қайсысы да толықтай қосылатынына күмәнім жоқ.
Сексен жыл ғұмырының алпыс жылын ұстаздыққа арнаған Қадим Ағайсаұлының тумысынан ұлтжандылығы, жастайынан кейінгіге берер тәлім-тағылымы мол болғандығы оның өмір-дерегіне тереңірек үңілгенде айқын аңғарылады. Бұл жерде мен «тумысынан» деген анықтаманы да тектен-текке сөз етіп отырғаным жоқ. Меніңше, адамның болмысы жүре-бара өзгермейді, тек ана сүтімен дарыған қасиет өмірден көре-біле келе кеңінен ашылады.
Тағдыр оны сәби шағынан-ақ маңдайдан сипай қоймады. Нарын құмындағы Манаш ауылында дүниеге келген Қадим бір жасында әкесі Ағайсадан айырылды. 1942 жылы, соғыстың үдеп тұрған кезінде сол Манаштағы А.Андреев атындағы жеті жылдық мектепке барып, кейін оқуын Новобогат селосындағы Амангелді атындағы орта мектепте жалғастырып, оны 1952 жылы бітіріп шықты. Сөйтіп, бақытты балалық дәуренін соғыс жалмаған ұлан әрі қарай оқуға қаражаттың жоқтығынан Гурьев қаласына келіп, №17 бастауыш мектепке мұғалім болып орналасты. Ұстаздық ұзақ жолдың ұлы бастауы осы болды.
Жігерлі жас тағдыр тауқыметіне мойымай, қайта жігерін жани түсті. Гурьевтегі мұғалімдер даярлайтын екі жылдық институттың география факультетінде оқып, 1956 жылы Оқу министрлігінің жолдамасымен Батыс Қазақстан облысының Жаңақала ауданындағы Ұялы ауылындағы орта мектепте дәріс берді. Көп ұзамай үш жыл әскердегі борышын өтеп, әрі сондағы партия мектебінде оқыды. 1960 жылы елге оралып, облыс орталығындағы Пионердің 40 жылдығы атындағы орталау мектепке химия-биология пәнінің мұғалімі болып орналасты. Ал, 1964 жылы осы мектептің директоры болып тағайындалды.
Қадим Ағайсаұлының ендігі еңбек баспалдақтары ылғи да мектеп басшысы лауазымында жалғасты. Арасында, яғни 1981-1983 жылдары облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары болып қызмет атқарса да, мектепке қайта оралды. 1983 жылдан бастап, ширек ғасыр бойы Д.Байбосынов атындағы №13 ұлттық гимназия мектебінің директоры болып абыройлы еңбек етті. Сөзіміз жалаң болмауы үшін нақты дерекке жүгінейік: Гимназияның іс-тәжірибесі 2006 жылы республикалық «Қазақ тілі» журналында жарияланды. Қадим Ағайсаұлының «Қазақ мектептеріндегі қазақ тілінің өзекті мәселелері» атты баяндамасы републикалық конференцияда тыңдалып, арнайы жинаққа енді. 1997-2012 жылдар аралығындағы 15 оқу жылында аталған мектепті 772 түлек бітірсе, оның 68-і «Алтын белгіге», 332-і жеке пәндерді оқудағы жетістіктері үшін Білім және ғылым министрінің грамоталарына ие болды. Халықаралық, республикалық олимпиадалардың жүлдегерлері де көптеп шықты. Қазір осы гимназия мектебінде қызмет жасап жүрген мұғалімдердің 25 пайызы – өз түлектері.
Мектеп ұжымын әрдайым игі істерге жұмылдырып, үнемі өрге сүйреген ұстаз-директордың еңбегі де лайықты бағаланды. Ол – «Құрмет» орденінің иегері, Атырау қаласының Құрметті азаматы. Ал, «Бейбітшілік әлемі» халықаралық қазақ шығармашылық бірлестігінің мүшесі, «Халықаралық ұстаздар одағының мүшесі» төсбелгісінің және «Абылай ханның туғанына – 300 жыл» медалінің иегері екендігі – өз алдына бір төбе. Ардагер ұстазды 2010 жылы Білім және ғылым министрі Б.Жұмағұлов ресми қабылдауға шақырып, «Жүрек қалауы» атты салтанатты кешке қатысқаны да – ұзақ жылдарғы адал еңбек, маңдай терінің жемісі.
Қадим ағаның жұбайы Дәмеш Аққаденқызы Масатова да – математика пәнінің жоғары санатты мұғалімі болып қызмет атқарған ұлағатты ұстаз. Олардың өнегелі жанұясынан түлеп ұшқан ұлдары Нұрбек – мұнайшы, Әнуарбек – заңгер, ал, қызы Нұргүл – орыс тілі пәнінің жоғары санатты мұғалімі, гуманитарлық колледжде сабақ береді. Бүгінде қос қария – немере-шөберелерінің бал тілін қызықтаған бақытты ата мен әже.
Биік адами қасиеттің ең бір риясыз көрінетін сәті – адамның өзге жан туралы ағынан жарыла, шырайын шығара өз ой-пікірін бүкпесіз, шын көңілден ақтарыла айтуында. Көп қуыс кеуде пендеде осы жағы жетісе бермейді. Қадим Ағайсаұлы осы тұрғыдан да замандастарына үлгі-өнеге көрсетіп келеді. Осынау табиғаты қытымыр өлкеде қарапайым ғана тұрмыс кешіп жүрсе де, толағай іс тындырып жүргендер хақында тамаша ой-толғамдарын әркез өріп отырады. Онысын біздің «Атырау» газетіне де аяқтай әкеліп, ыждағаттай тапсырып жатады. Ондайда:
— Өзіңіз жүргенше, балалардан беріп жіберсеңіз де болатын еді ғой, — деймін ұстаздың алдында ізеттілік танытып.
— Жоқ, айналайын, сендер мені қалай құрметтесеңдер, мен де бұл тұлғаларды сондай құрметтеймін ғой, — деп қысқа қайырады сырбаз аға.
Оның ұлағатты ұстаз Дүйсенғали Байбосынов, ғұлама ғалым Сырым Қаженбаевтың рухтарына тағзым етіп жазған эсселері газетімізде биыл да жарық көрді. Өз басым бұл жазбалардың бәрінен де алдымен өзін емес, өзгені ойлайтын, жақсының жақсылығын шырайын шығара айта жүретін ізгі де, сезімтал жүректің шынайы лүпілін сезіндім. Мұндай қасиет екінің бірінде болуы некен-саяқ, ол үшін кең пейіл, дария көңіл керек. Менің ұстазымның ерекшелігі де осында!
Жуырда жүздескенімізде ол еліміз Тәуелсіздігінің ширек ғасырдағы жетістіктерін, Елбасының ел алдындағы ерен еңбегін нақты дәлелдермен толайым толғап берді. «…Тәуелсіздікке дейін Атыраудағы балабақшаның саны да аз, оның бәрі дерлік орысша еді. Ал, кейінгі жылдар бедерінде қаншамасы салынды, оның бәрі де – қазақша. Тәуелсіздіктің тәтті дәмі деген осы!» деп тебіренді Қадим Оңғарсынов.
Міне, өмірден көргені де, түйгені де көп, құрыштан құйған құдіреттей ақсақалдың айтар ойының төркінін танып, дархан болмысын бойға сіңірудің өзі неге тұрады десеңізші. Шіркін-ай, ұлтымыздың үлгі тұтар осындай тұлғаларынан ұлағат алуға жарасақ қой…
Исатай Балмағамбетов