Ұрыны құрықтаған…
Таяуда өткен Атырау қаласы мәслихатының кезектен тыс XXIX сессиясының күн тәртібінде қаралған мәселердің бірі – қала тұрғындарын қоғамдық көлікпен тасымалдау жағдайы және автобус ішінде орын алатын ұрлықтың алдын алу мәселесі. Бұл – бүгінгі таңдағы атыраулықтар үшін өзекті мәселенің бірі.
Қоғамдық көліктер және ондағы тәртіп жағдайы – маңызды проблема. Бұл ретте жауапты құрылымдар да қоғамдық көлік ішіндегі құқық бұзушылықтардың, яғни жолаушылардың қалта ұрлықшыларынан зардап шегуі көбейіп отырғанын растайды. Бұл мәселеге қатысты арыздар да азаймай отыр.
Атырау қаласы жергілікті полиция қызметі бөлімінің бастығы мәслихат алдындағы есебінде де бұл деректерді растады. Автобус ішінде ұрлықтың өршіп тұрғанын баяндаған ол өз тараптарынан рейд жұмыстары жүргізілгенімен мәселе оң шешімін таппай тұрғанын жеткізді.
«Жолаушылар оқиғаға куә болғанымен, қандай да бір себептермен зардап шегушілерге көмекке асығатын емес» деді ол.
Десек те, ел ішінде бұл сөздерді жоққа шығаратын адамдар да жоқ емес. Мәселен, қала тұрғыны Самиғолла Кәрімұлы автобус ішінде ұрылардың жанында отырған жолаушының 150 мың теңге көлемінде ақша бар әмиянын ұрлағанын көріп, алтын уақытын, сондай-ақ, өмірін қатерге тігіп олардың артынан түсіп әмиянды қайтаруға көмектескен.
Осыған орай, батылдық танытқан тұрғынның еңбегін елеусіз қалдырмаған Атырау қаласы мәслихатының хатшысы Ринат Жанқылышов және қала әкімдігі жанынан құрылған құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссия мүшесі, депутат Бағыт Шеркешбаева ерлік көрсетіп, қоғамдық көлік ішіндегі ұрыларды ұстауға көмектескені үшін Самиғолла Кәрімұлымен кездесіп, мәслихаттың Алғыс хатымен марапаттады.
Бұл әрекетінің жастарға өнеге екенін жеткізген мәслихат хатшысы Р.Жанқылышов: «Ешкім батыр болып туылмайды. Батырлық та мінез секілді өскен ортадан көрген тәрбиеге байланысты қалыптасады. Қоғамда болып жатқан құқық бұзушылыққа назар аударып, өз өмірін қатерге тігіп, абырой мен ардың биігінен төмендемеу – екінің бірінің қолынан келе бермейтін жауапты іс» — деді ол сөз соңында.
Өз тілшіміз.
Қоғамдық көліктегі ұрлықтың қазір өршіитін кезі. Қыс кезінде көп адамдар жаяу жүруден бас тартады.