img 20200404 wa0054

«Атырау – адалдық алаңы» нені анықтады? (+ФОТО)

Жаңалықтар ФОТОГАЛЕРЕЯ Құқық

Atr.kz/9 сәуір, 2020 жыл. Ел аумағындағы төтенше жағдайға және коронавирустың таралу қаупіне қарамастан жолсеріктер жол жүру құжаты жоқ жолаушыларды тасымалдаған. Мұны жобалық кеңсенің қызметкерлері наурыз айындағы кезекті рейд барысында анықтады.

«Атырау теміржолы» вокзалындағы мониторинг барысында «Атырау-Ақтөбе», «Атырау-Алматы» бағыты бойынша 22-24 наурыз күндеріне билеттің тапшылығы байқалмады. Сондай-ақ, «Атырау-Маңғышылақ» бағытына 23-28 наурыз күндерінің билеттері де еркін сатылды. «Атырау-Астрахан» пойызына да қатысты мәселе туындаған жоқ. Алайда, жолсеріктер аталған бағыт бойынша жолаушыларды белгілі бір сыйақыға тасымалдауға келісіпті.

«Атырау – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің менеджері Дәурен Құндызбайдың айтуынша, теміржол көлігінде «құпия сатып алушы» әдісі арқылы жемқорлық тәуекелі тексерілді. «Аталған әдіспен әңгімелесу барысында «Атырау-Маңғышылақ» пойызының №3 вагонының жолсерігі билетсіз Доссор кентіне дейін 1000 теңге, Мақатқа дейін 2000 теңгеге жеткізуге болатынын айтты. Ал, «Атырау-Астрахан» пойызының жолсерігі құжаттарды талап етпей, тек әкімшілік тарапынан тексеріс болмаған жағдайда ғана Бейнеуге дейін 10 000 теңгеге алып кететіндігін айтып саудаласты. Қазіргі уақытта анықталған деректер бойынша зерделеу жұмыстары жүріп жатыр» деп толықтырды Д.Құндызбай.

Азық-түлік бағасы тұрақты ма?

Әлеуметтік маңызы бар азықтүлік тауарлары бағасының негізсіз өсуіне жол бермеу мақсатында «Атырау – адалдық алаңы» жобалық кеңсесі мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы департаментінің мамандары базарларға  мониторинг жүргізді.

«Мониторинг барысында жұмыс тобы әлеуметтік маңызы зор азық-түлік тауарларының бағасын көтеріп сатқанын анықтады. Атап айтқанда, 27 наурызда «Дина» базарында бағаның әртүрлі екенін байқадық. Күнбағыс майы 200 теңгеге дейін, 50 кг ұн 9000 теңгеден 12000 теңгеге дейін, картоп 100 теңгеден 150-170  теңгеге, сәбіз және пияз 90 теңгеден 150 теңгеге, қант 95 теңгеге  қымбаттаған. Алманың бағасы да тұрақты емес» деді жобалық кеңсенің жетекшісі Альфия Әдиева.

Ал, «Насиха» сауда орталығындағы мониторинг екі әдіс бойынша жүргізілді. Біріншісі, «жасырын сатып алушы» және екіншісі – «ресми» түрде. «Атырау- адалдық алаңы» қызметкерлерінің «жасырын сатып алушы» әдісімен жүргізілген бақылау нәтижесінде көкөністер мен жемістердің бағасының 30 теңгеден 100 теңгеге дейін  өскенін анықтады. Бір сағаттан кейін базар әкімшілігінің қатысуымен ресми түрде жүргізілген мониторинг кезінде баға күрт төмендеген. Бұл деректер сатушылардың өз қызметіне адал еместігін дәлелдеді. Мониторинг қорытындысы бойынша ескерту жасалып, екі сатушыға сауда жүргізуге тыйым салды.

Қазіргі уақытта «Насиха» және «Дина» базар әкімшілігіне саудагерлердің жалға алған сауда нүктелерін елу пайызға төмендету туралы хат жолданды. «Байзаар» сауда үйінде де көкөністің бағасының өсуі байқалды. Ал, «Атырау ӘКК» өнімдері тек бір нүктеден сатылады. Тұрғындар «кезекке сағаттап тұрамыз» деп шағымданған. Жалпы , аудандарда да өнім бағасының өскені байқалып отыр.

Қашықтан білім алу – қажеттілік

 «Атырау – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің алаңында қашықтықтан оқыту жүйесіне орай тікелей эфир өтті. Аталған тақырып аясында қойылған сұрақтарға облыстық білім беру басқармасының  бөлім басшысы Алмагүл Қайырлиева жауап берді. Бір сағаттық тікелей эфирге 97 көрермен қосылып, WhatsApp мессенджері  және Facebook  әлеуметтік желілері арқылы 42 сұрақ  түсті.

Мониторинг нәтижесінде, облыс бойынша 194 мектепте 129 589 оқушы білім алатыны  анықталды. Зерделеу кезінде 82 783 отбасындағы 2700 оқушының ақпараттық технологиямен қамтылғаны белгілі болды. Сондай-ақ, техникалық құралдары жоқ, интернет желісімен қамтылмаған оқушылармен  жұмыстар жүргізілген.

Атырау қаласы бойынша 3869 отбасының  7738 оқушысына компьютер қажеттілігі туындап,  мәселе оңтайлы шешіліп отыр. Бірінші кезекте, мектептердегі компьютерлер келісімшарт арқылы берілуде. Бұдан басқа «NCOC» компаниясы оқушыларды 100 компьютермен қамтамасыз етті.

Төртінші тоқсан басталғанға дейін республикада оқушылар мен педагогтар қашықтықтан оқыту форматын қолдану, пайдалана білу бойынша бірнеше сынақтар жүргізді. Дайындық сабақтары өткізіліп,  эксперименталдық түрде бірнеше платформалар пайдаланылды. ҚР Білім және ғылым министрлігі бірнеше форматта жүргізуді ұсынып отыр. Мұғалімдер балаларға білім беруді өзінің мүмкіндігі мен тиімділігіне қарай телеграмм, ватсап әлеуметтік желілерін, білім платформаларын пайдалану арқылы жүргізіп бастады. Сонымен қатар, «Балапан», «Еларна» телеарналарында кесте бойынша қосымша сабақтар өтеді.

Атырау облысы бойынша интернеті жоқ елдімекен Құрманғазы ауданында бар екені анықталды. Шалғай ауылда орналасқан сегіз мектептің 1098 және аудан орталығындағы мектеп-интернаттың 180 оқушысы «Қазпочта» байланысы арқылы оқиды. Қазір оқушыларға тапсырма беру және кері байланысты орнату жұмыстары ұйымдастырылуда.

Майра ОРАЗҒАЛИЕВА

img 20200404 wa0044 — kopiya 1
img 20200404 wa0019 — kopiya
img 20200404 wa0020
img 20200404 wa0047
img 20200404 wa0054 1
img 20200404 wa0051
img 20200404 wa0049
img 20200404 wa0053

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған