
“Рыбоходный” каналында әуесқой балықшылар бәсекеге түсіп жатыр
“Ақжайық” мемлекеттік табиғи резерватының аумағындағы “Рыбоходный” каналында алғаш рет әуесқой балық аулаушылардың ашық турнирі өтіп жатыр. Ерекше шараға облыстың әр аймағынан келген отызға жуық балықшы қатысып, табиғат аясында бәсекеге түсуде.

Турнирдің негізгі мақсаты – туризмді дамытуға серпін беру, салауатты өмір салтын насихаттау және браконьерлікке қарсы қоғам назарын аудару. Бұл бастама жергілікті жұртшылықтың да қызығушылығын тудырып, алғаш рет ұйымдастырылып отырғанына қарамастан, жақсы деңгейде өтуде.

Жарыстың әсерлі сәттерінің бірі – небәрі 11 жастағы Мадияр есімді жас балықшының алғашқы болып қармаққа балық ілуі болды. Бұл оқиға турнирге ерекше көңіл-күй сыйлап, қатысушыларға шабыт берді.

Қазір қатысушылар аулаған балықтарының салмағын көбейтуге тырысуда. Турнир қорытындысы бойынша ең ауыр балықты ұстаған балықшы бірінші орын иегері атанса, қалған орындар жалпы салмақтың азаю ретімен бөлінетін болады.

Сонымен қатар, ұйымдастырушылар арнайы номинациялар бойынша да жүлделер табыстайды. Олар: “Турнирдің алғашқы балығы”, “BIG FISH”, “Балық аулау ардагері”, “Ең жас балықшы” және “Ең жақсы жасақталған балықшы”.

Жеңімпаздар турнир аяқталған соң салтанатты түрде марапатталады.
Еркеназ ҚАЛИЖАН
Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ