Құлсары, Дамба, Мұқыр ауылдарында 300 орындық мектептер салынады
Atr. kz / 15 – ақпан. Облыста мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізде 5 жоба жүзеге асады.
Соның дені қала көшелерінің жарықтандырылуына қатысты болып отыр. Кейбір әлеуметтік нысандарды сенімгерлікпен басқаруға беру жоспарлануда. Аймақтық коммуникациялар орталығындағы брифингте облыс әкімінің орынбасары Айгүл Әжіғалиева оның қатарында жаңа балабақшалар да бар екенін баяндады.
Республикалық бюджеттен бөлінген 20 млрд. 200 млн. теңге аймақта айтарлықтай істерді жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Атап айтқанда, Индер–Қарабау–Миялы–Сағыз (оның ішінде Қарабау–Миялы) тас жолының құрылысы жалғасады. Тұрғын үйлер көптеп салынып, Жайық пен Қиғаш өзендерінің түбі тереңдетіледі. Сол жақ жағалаудағы кәріз-тазалау стансасының құрылысына 5 млрд. 100 млн. теңге бағытталады. Мұндай нысандар Исатай, Мақат аудандарында да бой көтермек. Құрманғазы ауданының Ақкөл ауылындағы су тазарту қондырғысы қайта жарақтандырудан өтетін болады.
Жергілікті жерде әлеуметтік жаңа нысандар салу жоспарлануда. Оның ішінде Нұрсая мөлтек ауданындағы 900 орындық мектеп (құрылысы өткен жылы жергілікті бюджеттің қаржыландыруымен басталған еді), Құлсары қаласымен бірге, Дамба, Мұқыр ауылдарында 300 орындық білім ошақтары ел игілігіне айналады, — деді Айгүл Теміртасқызы.
Облыс әкімі орынбасарының айтуынша, облыстың өңірлік өнімінің көлемі (9 ай бойынша) 4,9 трлн. теңгені құрады. Өнеркәсіп өнімін өндіру 7,5 трлн. теңгеге жеткен. Аймақ экономикасына салынған инвестиция да жыл санап артып, оның ауқымы өткен жылмен салыстырғанда 136 пайызға өскен. Облыстың қай саласында да өсім бар. Әсіресе, шағын және орта кәсіпкерліктің ырғақты дамып келе жатқаны байқалады. Алайда, ауыл шаруашылығына қатысты мәселе бар екен. Ол «Бірінші мамыр» ЖШС сүт өнімдерінің кемуімен байланысты болып шықты. «Дегенмен, қазір бұл шаруашылықтың жағдайы тұрақталды» деді Айгүл Әжіғалиева.
Азамат БАЗАРБАЕВ.