Жарнама
Жаңалықтар

РУХ ЖАНАРТАУЫ

Сондықтан да болар, өз басым Оңғарсынованы замандастарымен қатар қойып оқымай, арғы-бергідегі ең ұлы лириктермен салғастырып оқимын. Сонда оның жұлдызының әлемдік поэзия пантеонындағы өзге самалалардың қасында нұрсызданып кетпегенін көріп, қатты қуанам.

Менің оны алғаш көргенім әлі есімде. Мөлт қара шашты, мойыл көзді, тұйық мінез тәкаппар бойжеткен. Кімнің жырына қалай қарайтынын байқатпай, бір бұрышта жұрттың бәріне бір қырындау көз тастап бейтараптау отырған…

Енді, міне, күні кеше бір-бір ұшып ғайып болған боз селеулі даланың күміс қылауы біздің де самайымызға көшіп қоныпты…

Оның есесіне, Байрон мен Пушкинді, Рильке мен Axматованы, Матерлинк пен Гумилевты, Абай мен Мағжанды оқитын талғампаз оқушы Фаризаның да әр кітабын қолына шырақ алып жүріп іздеп оқиды.

Өйткені шытырманы мен шырғалаңы әлі де жеткілікті мына заманда ойы он тарапқа, санасы сан салаға шашырайтындай шытырман ахуалдар кешіп жатқан бүгінгі жас ұрпақ та көкіректерін көлегейсіз жайып салар сырлас іздегенде, айналып өте алмас аз тұлғаларының бірі — Оңғарсынова.

Бұдан кейін де талай ұрпақ келер. Олар да талай гәпті бастан кешер. Оларға да сырлас, мұңдас керек болар. Сонда олар да Фариза Оңғарсынова жырын аттап өте алмас. Өйткені тылсым дүниенің ащы-тұщысын бірдей татып, одан алған әсерлерін Оңғарсыновадай қалтқысыз жеткізе алған ақындар арғы-бергіде онша көп емес.

 

Ендеше, жер бетінде жұмыр басты жан барда, олардың көкірегінде мынау жарық дүниенің сан-сапат қыр-сырын ойлап тыпыршитын жүрек барда Оңғарсынова шабытының жұлдызы барған сайын биіктеп, барған сайын маздай түсер.

Суреткерге жарадар жанға шипа, сергелдең сезімге басу, мазасыз ойға көшбасшы бола білгеннен артық бақыттың керегі не!

 

Әбіш КЕКІЛБАЙҰЛЫ,

Қазақстанның Халық жазушысы,

Қазақстанның Еңбек Ері.

 

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button