Ұрпақ тәрбиесіне – айрықша назар
Бүгінгі заман талабына сай бүлдіршіндерге өнегелі тәлім-тәрбие беру ісінде Атырау қаласының №1 мектепке дейінгі авторлық гимназиясы ұжымының атқарып отырған игілікті істері өзгелерге үлгі боларлықтай. Мұнда ерте жастан бүлдіршіндерге ұлттық тәрбие беру, адамгершілік қасиеттерді, салт-дәстүрлерді, ұлттық құндылықтарды бойларына дарытуда мақсатты жұмыстарға басым бағыт беріліп отыр.
Гимназияда тәрбиеленушілерге үш тілді меңгерту бағытында жұмыстанып жүрген шығармашыл педагогтарға қолдау көрсету, олардың кәсіби шеберлігін арттыру, қызметіне ынталандыру мақсатында түрлі іс-шаралар жиі ұйымдастырылады.
Мұнда жақында «Эксперимент жұмыстарын жүргізудің тәрбие мен оқытылу қызметіне тиімділігі» тақырыбында семинар өтті. Оған қаладағы мектепке дейінгі ұйымдар әдіскерлері-мен қатар, «Өрлеу» біліктілікті арттыру орталығынан, Х. Дос-мұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінен, Қ.Дүтбаева атындағы гуманитарлық колледжінен және бірқатар мектептерден өкіл-дер шақырылды.
Семинар алдында иннова- циялық жұмыстарынан көрме даярлауды дәстүрге енгізген гимназия бүлдіршіндері шараны өздері ашты. Қонақтарға тәрбиешілердің қалай жұмыс жасап жатқандығын жеткізген Хабибуллина Нұршат, Ишеева Аружан, Абай Мерует, Сәйфеден Рамазанның балдай тәтті тіліне көпшілік сүйсінді.
Шара барысында баланың қоршаған ортамен қарым-қатынас жасауы туралы авторлық бағдарламасы аясында бейтаныс адамдармен және достарымен байланыс жасай білетін балдырғанның жеке басының қауіпсіздігін қамтамасыз етуінің алғашқы түсініктері қалыптасқанына да көптің көзі жеткендей болды. Ұйымдастырушылар балаларды қызықтыру үшін қандай тәсілдер қолданатынын және педагогикалық шеберлікті арттыру үшін жұмыс формасының қандай түрін пайдаланатынын әріптестер назарына берді.
Гимназия педагогтары жасақтаған «Шаңырақ» авторлық бағдарламасы балалардың адамгершілік-рухани тұрғыдан бойына жалпы адамзаттық қасиет дарытуды көздейді. Тәрбиешілер Сану Карчегенова, Анар Бейімбетова өткізген сабақтары балалардың өз ойларын еркін жеткізуіне мүмкіндік берсе, «Шалқан» ертегісін сахналаған қойылым саз және би, үш тілді үйрететін іс-тәжірибесін көрсетті.
— Балабақша, мектеп, гуманитарлық колледж бен «Өрлеу» педагог-мамандардың білік-тілігін арттыру институты мамандары қатысқан пікірталас мектепке дейінгі білім беру саласындағы өзекті мәселелерді саралап, өзара сабақтастықта жұмыс жасауға мүдделі екен-діктерін білдірді. Бұл екі жаққа да тиімді басқосу болды, — дейді Қазақстан Республикасы білім беру ісінің Құрметті қызметкері, «Үштілділік», «Шаңырақ» бағдарламалары және «Балабақша мен отбасы арасындағы қарым-қатынастың жаңа түрі» әдістемелік нұсқаулығының авторы, №1 мектепке дейінгі авторлық гимназия директоры Алтынгүл Шәріпқызы Өтебалиева.
Орайы келгенде айта кетейік, аталған гимназияның мате- риалдық базасын нығайтуға, ауласын көгалдандыруға үлкен мән беріледі. Қала балабақшалары арасында алғаш рет аулада балаларға арналған спорттық стадион және шахмат студиясын жабдықтады. Тілдерді үйретуге арналған «Үш тіл» интерактивті кабинетін, бейнелеу өнері студиясын, хореография және дене шынықтыру залын, кеңес беру бөлімін, үстел теннисі студиясын ашты. Гимназия соңғы бес жылдан бері Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетімен тығыз байланыста жұмыс жасайды.
Бақытжан ЖҰМАТ