«Құрметті азаматты» құрметтеп жүрміз бе?

рметт¦ азаматты рметтеп ж рм¦з бе Жаңалықтар

Бірден айта кетейік, бүгінгі мақаламызға тақырып етіп алып отырған «Құрметті азамат» атағы төңірегінде әңгіме өрбіткенде, тыңнан түрен салып, бір жаңалық ашуды мақсат тұтқан жоқпыз. Әйтсе де, осы мәселеге қатысты әрқайсымызды ойландырып, толғандырар жайлардың да жетерлігін жасырмаған ләзім.

____рметт¦ азаматты ____рметтеп ж__рм¦з бе

Мұндай атақтың берілуіндегі басты мақсат – еліне еңбегі сіңген, адал да абыройлы қызмет қылған, көпшіліктің құрметі мен қошеметін иеленіп, ілтипатына бөленген адамдарды айрықшалап, халықтың алдындағы абырой-беделін көтеріп, мәртебесін биіктету. Тиісінше, бұл жөнінде жергілікті мәслихаттарға қоғамдық ұйымдардың тарапынан жазбаша ұсыныс беріліп, солардың негізінде шешім алынады. Яғни, мәслихат депутаттарының  жолданған ұсынысты бірауыздан қолдап, мақұлдауының нәтижесінде ғана ұйғарым жасалып, сәйкесінше белгілі бір ауданның, қаланың немесе облыстың «Құрметті азаматы» атағын беру мәселесі мәслихаттардың кезекті сессиясында бекітіліп, қаулы қабылданады.

Өзіміз білетініміздей, осындай мәртебелі де абыройлы атақты иеленуге лайықты, өмір-өнегесін өзгелерге үлгі ететін азаматтар өңірімізде де аз емес. Тіпті, бір өзі қатарынан бірнеше ауданның, қаланың және облыстың «Құрметті азаматы» атанып жүргендері де бар. Қайсыбіріне бұл атақтың өмірден өткеннен кейін берілгенінен де хабарлымыз. Олардың ел өміріндегі түрлі қоғамдық-саяси, тарихи оқиғаларға байланысты редакцияға жолдаған хаттары, пайымдаулары, ой-пікір, ұсыныс-тілектері газетімізде жарияланып тұрады. Сол кезде бір қиындық туындайды. Жоғарыда айтылып кеткендей, бір өзі бірнеше ауданның және облыстың «Құрметті азаматы» атағын алған ағаларымыз жарияланымның астына соның бәрінің толық жазылғанын қалайды, кейде тіпті өтініп сұрайды.

Біздіңше, бұл дұрыс емес. Өйткені, облыстың «Құрметті азаматы» бола тұра оған қаланың, ауданның «Құрметті азаматы» атағын қосарлап жазудың қажеттілігі қанша? Тіпті, мұның  өзі жөнсіз болар еді. Соңғы кездері елімізде  «Қазақстанның Құрметті азаматы» деген атақтың да беріле бастағандығынан хабардармыз. Ойлантатыны, мұндай елдік деңгейдегі атақтың Сенат пен Мәжіліс депутаттарының мақұлдап, ұйғаруымен емес, керісінше қоғамдық немесе үкіметтік емес ұйымдардың ұсынысы негізінде бекітіліп, беріліп жүргені жасырын емес. Оның үстіне, «мұндай атақты алудан үміткерлер белгілі бір сомада ақша төлеуге тиісті көрінеді» деген деректі де ақпарат көздерінен және әлеуметтік желілерден байқадық.

Сайып келгенде, бұл «Құрметті азамат» атағына құрметіміздің қаншалықты деңгейде екендігінің көрсеткіші ме, әлде «қазаншының өз еркіне…» салына бастағанымыздың салқыны ма? Сауалымыздың жауабын оқырманмен бірге ойласып тапқанды жөн санадық.

Дәулетқали Аруев

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз

  1. Риза Алмуханова

    Ел алдында кімнің қаншалықты құрметті екенін кейін халық өзі айтады, әзріше мұндай атақ кейбіреулер үшін тек, әйтеуір, көңіл алдау, өз-өзін алдау, баланың ойыншыққа қызығатыны сияқты ғой.

    Дұрыс мәселе көтерілген, жарайсыздар, менің «Атыраудағы» әріптестерім, газет жұмысынан кетсем де, арасында оқып тұрамын ғой.