Құрманғазылықтар латын әліпбиіне көшуді қолдайды
Құрманғазы аудандық орталықтандырылған кітапханада қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру мәселесін талқылау жиналысы өтті.
Оны кітапхана директорының орынбасары Гүлден Хамзина жүргізіп, тақырыптың мәні мен маңызына тоқталды.
– Мемлекет басшысы «Болашақа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында 2025 жылдан бастап латын әліпбиіне көшуге кірісуіміз керектігін және болашақта барлық саладағы іс-қағаздар мен оқулықтар да осы қаріппен жазылуы тиіс екенін айтты. Латын әліпбиіне көшу – үлкен стратегиялық маңызға ие қадам. Әлемдегі ең соңғы ғылыми жаңалықтар алдымен осы әріптер арқылы жазылатындықтан, латын әліпбиіне көшу жаһандық өркениетке жақындауға зор ықпал етеді. Болашақ ұрпақтың ақпарат алмасуы, білім алуы, шығармашылықпен айналысуы үшін аса маңызды бұл мәселеге барынша жауапкершілік танытуымыз қажет. Қарап отырсақ, әлем елдерінің 70 пайызға жуығы латын графикасын қолданады екен. Әсіресе, жас ұрпақ үшін қабылданғалы отырған маңызды шешімге қолдау көрсету – әрбір қазақстандықтың борышы, – деді Г.Хамзина.
– Қазіргі қазақ жазуында қолданылып жүрген әліпбиді латын әріптерімен ауыстыру мәселесіне алаңдаушылық тудырып отырғандар аз емес. Десек те, бұған еш негіз жоқ деп ойлаймын. Сонымен қатар, мұрағаттардағы көптеген мұрамыздың дені латын әліпбиінде жазылған. Жаңа әліпбиге өту арқылы баға жетпес өткен тарихымызды зерттеуге мүмкіндік аламыз, – деген аудандық аналар кеңесінің төрайымы Балғаным Хасенова тіл жанашыры ретінде бірқатар ұсыныстарымен бөлісті.
Аудандық жастар ресурстық орталығының басшысы Бахтияр Вахитов бүгінгі таңда ағылшын тілін еркін меңгерген жастар үшін латын тіліне көшу оларға аса қиындық келтірмейтінін айтып, жалпы жаңа алфавит арқылы тарихымызды, әдебиетімізді жаңғыртып, қажетсіз дүниелерден құтылатынымызды алға тартты. Ал кітапхананың оқырмандар қамту бөлімінің меңгерушісі Людмила Рахметованың айтуынша әліпбиді ауыстыру ең алдымен тілдік қажеттілік, сосын еліміздің болашағы үшін жасалған тың қадам, деуі көптің көңілінен шықты. З.Серікқалиұлы атындағы мектеп-интернатының орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Арайлым Әмірғалиева қазіргі таңда әлеуметтік желіде қызу пікірталас алаңына айналған өзекті тақырып бойынша өз ойын білдіріп, жаңа әліпбиге деген оң көзқарасын байқатты.
Жиналыста әліпби реформасына қатысты күдік-күмәннің күрмеуі шешіліп, қатысушылар бұл бағытта түрлі мағлұматтармен қаныққанын жасырмады.
Осы тұрғыда біз латын әліпбиін даурығудың емес, дамудың даңғыл жолы екенін айтқан халық қалаулысы Бекболат Тілеуханның сөзімен қорытындылағымыз келеді. «Әліпби түгілі бір бөлмеден бір бөлмеге затыңызды ауыссаңыз да кәдімгідей машақат. Жасыратыны жоқ, аға буынға бұл латинницаның ауырлау түсетіні жасырын емес, ал жас ұрпаққа түк емес. Және қажеттілікке саясаттың тонын кигізудің ешқандай қажеті жоқ. Ашық сана, прагматизммен келгеніміз дұрыс деп ойлаймыз. Әліппе ауыстыру астана ауыстырғаннан қиын емес. Әліппе ауыстыру жоспарлы экономикадан нарықтық экономикаға кілт бұрылғаннан қиын емес» – деді ұлтжанды депутат. Біз де осы пікірді қуаттаймыз.
Айнагүл ШАКУПОВА