Жарнама
"ATYRAÝ"-ға 100 жыл!Жаңалықтар

Әріптес әлемі

Журналист Бақытжан Жұматтың облыстық «Атырау» газетіндегі шолушылық қызметіне кіріскеніне көп бола қойған жоқ. Соған қарамастан, облыс экономикасы мен әлеуметтік тақырыптарға орай сан-саладан жазған түрлі публицистикалық жанрлардағы материалдары оның есімін оқырмандарына жақсы танытып үлгерді.

Әріптес әлемі

Өзекті мәселелерді азаматтық ұстаныммен, кәсіби ұшқырлықпен, орамды ойларымен тұжырымдап жеткізе білетін әріптесім, курстасым өмірде өте қарапайым, жайдары, мінезге бай адам.

Осы жерде сәл ғана  шегініс жасаудың реті келіп отыр. Әскери Теңіз Флотында борышын өтеп, елге оралған Бақытжан Жұматтың кәсіби бағыттағы еңбек жолы кезінде өзі мектепте жүріп-ақ байланыс орнатқан Индер аудандық «Дендер» газетінде қарапайым тілшіліктен басталды.

Кеңестік заманда газет қызметкерлері идеология майданының жауынгерлері саналды. Тілшілерге деген талап коммунистік партия тұрғысынан қойылды. Партия қатарына қабылданған тілші болсаң, онда жоғары жетістікке  жеткенің.

Бақытжан Хамитұлы, міне, осы талаптан көріне білген аса сауатты тілші ретінде партия қатарына қабылданып, өнеркәсіп, еңбекші хаттары бөлімдерінің меңгерушісі лауазымына дейін көтерілді.

Редакцияның жауапты хатшысы қызметін де абыроймен атқарды. Әсіресе, журналистер жақсы біледі, редакцияға жауапты хатшы болу – ең бір жауапкершілігі жоғары міндет. Себебі, жауапты хатшы – газеттің тұтас организміндегі тіршілікке жауап беретін бас ми орталығы секілді.

Әр нөмір сайын оқырмандар  талап үдесінен шығу, сансыз тапсырмалар мен жүктеулерді орындай отырып, редакциялық нұсқаның сақталуына бірден-бір жауап беретін де сол. Материалдардың уақытылы түсуі, газет беттерінің көркем безендірілуі, редакцияішілік жұмыс процесінің ұйымдастырылуы –  бәрі-бәрі жауапты хатшының ыждағаттылығына байланысты дүние. Осындай жауапты қызметте жүріп ол С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне оқуға түсті. 1984 жылы дипломын сәтті қорғап шықты.

Бақытжан Хамитұлы топтағы ең мұқият студент болды. Профессорлар мен оқытушылардың лекциясын қалың дәптерлеріне жазып алып, үнемі сұрақ беріп, пікір таластырып отыратын.

Алматыдағы оқып жүрген атыраулықтардың басын қосып, кездестіріп қалуға тырысатын. Оқытушылармен жақсы қарым-қатынаста болды. Мысалы, журналистиканың теориясы мен практикасынан дәріс оқыған белгілі ғалым,  профессор Тауман Амандосов, газетті безендіру ісін үйреткен профессор Әбілфайыз Ыдырысов, кураторымыз, телевидениеден сабақ берген Рахым Сатаев  және басқалар осы Бақытжанды жандарына жақын тартатын.

Курстасымның азаматтық-адамгершілік қасиетінің бірі – қыз балаларды аса құрметтеп сыйлай білуі, сыпайылығы. Бірге оқыған курстас достардың көбімен күні бүгінге дейін емен-жарқын араласады.

Тәрбиелі ортадан алған осы адамгершілігі оның жазбаларынан да анық байқалады. Мақалаларының тілі шұрайлы, кәсіби мәдениеті жоғары, жеңіл оқылатын түсінікті туындылардың барлығы – курстасым Бақытжан Жұматқа тән.

Журналистің жеке бас мәдениеті көп нәрсені аңғартатынын айту керек. Бұл сапа  әдетте жазған мәселесін қаншалықты терең білуінен, зерттеуінен, салмақты сөзінен көрінеді.

Бақытжан Хамитұлы 1990 жылы Алматы Жоғары партия мектебін бітірді. Кейін Атырау облыстық телерадиокомпаниясында телевидение жөніндегі аға редактор қызметін табан аудармастан  он жыл атқарды.   Облыста тұңғыш шыға бастаған «Криминал-Инфо» газеті бас редакторының орынбасары қызметінде де қалам қуатын танытты.

2001 жылы ҚР Әділет министрлігі Тіркеу қызметі комитетінің «Атырау облысы бойынша жылжымайтын мүлік жөніндегі орталығы» РМК кадр бөліміне басшылық та жасады. Бірақ, Бәкеңді журналистиканың өзі таңдаған екен. Біраз жылдан соң өз саламызға  қайтып оралды. Сөйтіп, Атыраудан шығып жатқан «Алтын Орда» республикалық тәуелсіз қоғамдық-саяси газетіндегі бөлімдердің біріне жетекшілік етті. Облыстың экономикасы мен саяси өмірін, экология мәселелерін майын тамыза жазған тәжірибелі журналист кейін Исатай аудандық «Нарын таңы» газетіне біраз жыл бас редактор да болды.

Өзіне балаң шақтан таныс жұмыс тәуелсіз еліміздің жаңаша сипатында жалғасын тауып, жергілікті оқырмандардан оң бағасын алды. Басылымның мазмұнын байытуға, тақырып ауқымын кеңейтуге, безендірілуіне ерекше көңіл бөлді. Жас қаламгерлерді қызметке алды, тәжірибесімен бөлісті.

Ол – өнегелі отбасын аялаған ардақты әке. Зайыбы Мәншүк Темірқызы – білім саласына  еңбегі сіңген қызметкер. Екі қыз, бір ұл тәрбиелеп өсірді. Келін түсіріп, қыз ұзатып, немере-жиен сүйіп, ұрпақ қызығына бөленген курстасымның отбасылық бақыты мен шығармашылық еңбегі оның тұлғалық қасиетіне Алланың берген кеңшілігі болса керек.

«Осы жолың оң болып, кемел қалам иесі атанып, жастан жасқа өрлей бер!»  деген тілек айтамыз.

Журналист Бақытжан Жұмат Хамитұлы 1957 жылы 19 қаңтарда Индер ауданының Кулагино селосында өмірге келді. Елтай ауылындағы Ленин атындағы орта мектепті 1974 жылы аяқтап, еңбек жолын шаруашылықта жұмысшылықтан бастады;

Келер жылы көктемде әскерге шақырылып, үш жылдық Әскери Теңіз флотына азаматтық борышын өтеуге аттанды. Кеңестік  Қызыл Тулы Солтүстік флотының атомды сүңгуір крейсерінде өткен жылдары жас жігітті шынықтырып, ширықтырып, бас старшина шеніне дейін өсірді.

Светлана  МУНЬЯНОВА,

ҚР Ақпарат саласының үздігі,

Қазақстан Журналистер

Одағының мүшесі.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button