Рецепт дәріханада үш жыл сақталады
Аtr.kz/31 мамыр, 2019 жыл. Дәріханада дәрілік заттарды дәрігердің рецепті бойынша босату Денсаулық сақтау министрлігінің жаңа талабы болып табылмайды. Яғни, рецептуралық препараттарды рецептісіз сатуға тыйым салу 15 жылдан бері қолданыста бар. Азаматтардың денсаулығы мен өміріне қауіп төндіруі мүмкін дәрілік заттарды бақылаусыз қолдануға жол бермеуге бағытталған осы заңдылық ендігі уақытта қатаң сақталуы тиіс. Бұл туралы Атырау қалалық №3 емханасында өткен «дөңгелек үстелде» айтылды.
Мамандардың айтуынша, осы күнге дейін дәріханада барлық дәрілік заттарға жазылған рецептердің сақталуы талап етілген жоқ. Сондықтан, ақ халаттылардың 90 пайызы рецепт жазбай, науқастар дәріханалардан дәрілік заттарды алып келген болса, ендігі талап бойынша дәрігердің жазып берген тағайындауы үш жылға дейін дәріханаларда сақталатын болады.
«Қазіргі уақытта денсаулық сақтау ұйымының медицина қызметкерлері рецептерді қағаз немесе электронды түрде жазып береді. 2020 жылдан бастап сандық жүйеге көшу себепті қағаз жүзінде рецептерді сақтаудың қажеттілігі болмайды. Рецептісіз немесе дұрыс толтырылмаған рецептермен дәрілерді өткізгені үшін жеке тұлғаға – 70, жеке кәсіпкерлерге 130 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады. Егер осы жағдай бір жылдың ішінде қайталанса, дәріхана лецензиясы алты айға тоқтатылады.
Ал, медицина қызметкерлерінің дәрілік заттарды өткізу қағидаларын және талаптарды бұзғаны үшін жеке тұлғаларға – бес, лауазымды адамдарға 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады» деді Фармация комитетінің Атырау облысы бойынша департаментінің басшысы Сара Оразова.
Оның айтуынша, 2017 жылғы есеп бойынша дәрілік заттарды рецептісіз өткізгені үшін 12 адам әкімшілік жазаға тартылса, былтыр 20 адамға 4 млн. 810 мың теңгеге айыппұл салынды.
Сондай-ақ, жиында «Дәрілік заттарды және медициналық бұйымдарды сарапттау ұлттық орталығының» бас фармакологы, медицина ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясының Академигі Раиса Күзденбаева кейбір медициналық препараттардың пайдасы мен қатар зияны барын да баса айтты.
«Әрбір дәрінің қорабының ішіндегі сипаттама қағазын ашып қарасаңыз, қаншама кері әсерін табуға болады. Сондықтан, әрбір адам өз еркімен, өз қалауынша емделуге болмайды. Бүгінде бірқатар адамдардың антибиотиктерге етінің үйренгені соншалық, иненің де әсерін сезбейді. Мұндайға жол бермеу үшін, кез келген дәріні дәрігердің нұсқауымен ғана ішу қажет» деді Раиса Салмағанбетқызы.
Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА