«Ретро-саябақ» кешені ашылды (ФОТО)
Мұнайлы астана тұрғындары үшін көптен күткен ұлы күн. Өйткені, «Теңізшевройл» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қаржылай қолдауымен салынған Тұрғындар қалашығы ықшамауданында орналасқан жаңа ретро-саябақ есігін айқара ашты. Бұл – шырайлы шаһардың 377 жылдық мерейтойына арналған тамаша тарту.
Теңдессіз сыйды тапсыру салтанатында сөз алған облыс әкімі Нұрлан Ноғаев тұрғындарды осынау қуанышпен және өндірісті өлкенің мерейтойымен құттықтады. Сондай-ақ, ол мұндай кешеннің бұрын-соңды болмағанын, осындай игі істер алдағы уақытта да жалғасын табатынын айтты. Атап айтқанда, Жеңіс саябағы кеңейтіліп, тағы да жаңа саябақтар ашылмақ. Олардың қатарында Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің артқы бөлігіндегі «банан учаскесі» де бар.
Осыдан кейін, «Теңізшевройл» ЖШС-нің бас директоры Тед Этчисон және еңбек ардагері, облыстың Құрметті азаматы Есен Тасқынбаев саябақ лентасын кесті. Айта кеткен жөн, бірегей кешен құрылысының жұмыстарымен «Игілік» ерікті әлеуметтік инфрақұрылым бағдарламасы аясында мердігер компания «Алем констракшн групп» мекемесі айналысқан болатын. Саябақ өткен ғасырдың елуінші жылдарындағы неоклассикалық стильде салынған. Оның негізгі аумағын парк аллеялары құрайды. Ол тұрғындардың Жайық өзенінің жағалауында демалыс сәттерін өткізуге арналған. Онда амфитеатр, көрме павильоны, кафе, жаяу жүргіншілерге арналған көпірлер мен аралшықтары бар тоғандар орналасқан. Тіпті, осы ғажап көріністі тамашалауға арналған алаңға дейін қамтылған.
Осыдан кейін Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, белгілі сәулетші-мүсінші Бақытбек Мұхамеджановтың атақты «Дос-Мұқасан» ансамблінің 50 жылдық мерейтойына арнап жасаған тамаша туындысының тұсауы кесілді. Кейін аты аңызға айналған өнер ұжымы әннен шашу шашты.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ
Суреттерді түсірген: Ерлан АЛТЫБАЕВ