
Республикалық “Ақ көгершін” байқауынан атыраулық оқушылар бас жүлдемен оралды
Биылғы 4-5 қаңтар аралығында Алматы қаласында өткен «Ақ көгершін» ХХ республикалық фестиваль-байқауында атыраулық кіші «Айжан қыз» би ұжымы бас жүлдеге ие болды, деп хабарлайды atr.kz тілшісі.

Хореографиялық ансамбль кіші топтардың арасында «Гүлдерайым» биімен қатысып Бас жүлдені жеңіп алды.
Н. Тілендиев атындағы облыстық гимназия мектебі жанынан ашылған “Айжан қыз” хореографиялық ансамблі бұған дейін де халықаралық және республикалық деңгейдегі марапаттарға ие болған.
Би ұжымына бірнеше жылдан бері танымал педагог-хореограф Айжан Артығалиева жетекшілік етіп келеді.

Бидің қоюшысы өңірімізге танымал хореограф Сәуле Жаскеленова, ал балаларды конкурсқа бастап апарған жас педагог — Нұргүл Бауыржанова.
“Біздің қыздардың биі қазылар алқасынан көп мақтау алды. Байқауда костюмге, қойылымға, биді орындау техникасына да өте қатты мән берді. Хореография номинациясынан 12 топ қатысты. Біздің өнерлі қыздарымыздың осындай үлкен байқауларға қатысуына жағдай жасаған мектеп басшылығы мен ұстаздарға, ата-аналарға алғысымыз шексіз”,- дейді Нұргүл Бауыржанқызы.
Нұргүл Насыр