Республикалық олимпиаданың ІІІ кезеңінде Атыраудағы «Білім-инновация» мектеп-лицейі үздік деп танылды (ФОТО)
Жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың ІІІ кезеңі мәресіне жетті. Екі күнге созылған білім бәйгесінің салтанатты жабылу рәсімі Махамбет атындағы облыстық қазақ драма театрында өтті.
Бұған дейін де хабарланғандай, 700-ге жуық оқушы қатысқан олимпиада Атырау қаласындағы №35 мектеп-гимназиясында ұйымдастырылды.
Байқаудың бірінші кезеңіне 15 пәннен 9-сыныптың 266, 10-сыныптың 200, 11-сыныптың 192 оқушысы қатысты. Екінші кезеңге барлығы 552 оқушы жолдама алып, бақтарын сынады. Қорытындысында, 321 оқушы жүлделі орындарға ие болды. Оның ішінде 52 оқушы жеңіс тұғырынан көрінді. Ал, 97 оқушы екінші орынды жеңіп алса, 172-сі үшінші орынды иеленді.
Командалық есепте облыстық білім мекемелері арасында «Білім-инновация» мектеп-лицейі бірінші, дарынды балаларға арналған ұлттық гимназия шәкірттері екінші орынға лайықты деп танылды. Ал, қала, аудандар арасындағы командалық есепте екінші орынды Атырау қаласы, үшінші орынды Махамбет, Қызылқоға, Мақат аудандары иеленді.
Білім сайысына төрелік еткен қазылар алқасының төрайымы, ардагер ұстаз Нұрзила Сәрсенова олимпиада кезінде оқушылар тарапынан еш өрескел қылық байқалмағанын, шәкірттер тәртібі мен білімі жағынан да зор жауапкершілік танытқанын айтты.
Жиында барлық жеңімпаздар облыстық білім беру басқармасы тарапынан марапатталды.
Қайырғали КЕНЖЕҒАЛИЕВ, облыстық білім беру басқармасының басшысы: Биылғы республикалық олимпиада наурыз айында еліміздің екі қаласында өтеді. Гуманитарлық бағыттағы пәндер бойынша Қостанайда, жаратылыстану бағытындағы олимпиада Атырау қаласында болады. Мұндағы ерекшелік біздің оқушылар өз қаласында өтетін олимпиадада білімдерін сынайды. Жалпы биылғы өткен жарыстан байқағанымыз, облыс оқушыларының жаратылыстану бағыты бойынша білімдері кеңінен жетілген.
Аида ЖОМАРТҚЫЗЫ, дарынды балаларға арналған ұлттық гимназияның 10-сынып оқушысы: Олимпиадаға қазақ тілі пәнінен сегізінші сыныптан бастап қатысып келемін. Пән мұғалімімен бірге мектеп оқулығымен шектелмей, жоғары оқу орнына арналған кітаптарды да пайдаланып, кеңінен дайындалдық. Нәтижесінде, жиырма оқушының ішінен республикалық сайысқа жолдама алдым.
Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА
Суреттерді түсірген: Ерлан АЛТЫБАЕВ