Республикалық білім бәйгесінде атыраулық оқушылар топ жарды
Atr.kz/21 наурыз, 2019 жыл. Ақтөбе қаласында өткен жаратылыстану-математика бағытындағы пәндер бойынша республикалық олимпиадада атыраулық оқушылар жүлдемен оралды.
Ел бойынша 800 оқушы қатысқан олимпиада қорытындысы бойынша, 5 оқушы 1 дәрежелі алтын, 2 оқушы 2 дәрежелі күміс және 4 оқушы 3 дәрежелі қола медальдармен марапатталды.
Ең басты жетістіктің бірі «Білім-Инновация» облыстық лицей-интернатының 9-сынып оқушысы Айбек Мырзатаев республикалық олимпиаданың абсолютті жеңімпазы атанды.
«Абсолютті жеңімпаз атану мен үшін үлкен қуаныш. Олимпиада екі кезеңнен тұрды. Оңай болды деп айта алмаймын, сонымен қоса қарсыластарым да мықты болды. Ең бастысы, теориялық білім мен логикалық ойлау қабілетті ұштастыра білу қажет. Білім берген ұстаздарыма деген алғысым шексіз» дейді жеңімпаз оқушы.
Фархад Карапиденов.