Ресей дәрігерлерінің шеберлік сыныбы
Облыстық балалар ауруханасына Ресейдің Астрахан қаласынан дәрігерлер келді. В.Акишин, А.Симонян, С. Смирнова абдоминальды хирургия, нейрохирургия, оториноларингологияда ота жасаудың тәсілдерін шеберлік сыныбы арқылы көрсетті. Олар жүйке жүйесі, жұлын, омыртқа және құлақ ауруын емдеу, ота жасау бойынша тәжірибелерін жүзеге асырды.
Еске сала кетсек, өткен жылдың сәуір айында қос ел арасындағы медициналық мүмкіндікті дамыту, әріптестікті нығайту мақсатында екіжақты келісім орнатылған болатын. Келісім аясында Құрманғазы ауданының шалғайда орналасқан Балқұдық, Сүйіндік елді мекендері мен Астрахан облысының Қарабайлы ауданындағы ауылдарға жедел медициналық көмек көрсету, оңалту жұмысын жандандыру қолға алынды. Облыстық балалар ауруханасының бас дәрігері Нұрқабыл Айтмұхамбетовтың айтуынша, шеберлік сыныбының арқасында өңірдегі кадр тапшылығы мәселесін жою үшін қосымша оқытуға бағыттауға мүмкіндік туып отыр. Алға қарай Қазақстан-Ресей дәрігерлері бірлесіп атқаратын жұмыстардың жоспары да бекітілді. Астрахандағы Александро-Мариинской атындағы клиникалық аурухана бас дәрігерінің хирургиялық көмек жөніндегі орынбасары, өңірдегі бас хирург Юрий Кучин іссапарының мақсатын былай түсіндірді: «Атырау облысы — бізге ең жақын орналасқан әрі білікті дәрігерлері көп өңір. Сол себепті, тәжірибе алмасуға жиі келеміз.
Бұл жолғы делегация құрамында хирург, невролог, нейрохирург, балалар хирургі, лор-дәрігері бар. Қос облысқа ортақ медициналық мәселелерді бірге шешкіміз келеді. Алдағы уақытта атыраулық мамандарды да өзімізге шақыруды жоспарладық. Әзірге басқосуда заманауи бағыттағы хирургия тәсілдері сөз болып отыр»,-деді ол. Бірлескен істі әдейі көруге келген облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Аманбек Жұмыров ресейлік дәрігерлерге ризашылығын білдіріп, меймандарды тамыр, буын ауруларын емдеу тәсілдері бойынша тамыз айында Атырауда өтетін хирургтар съезіне шақырды.
Нұргүл ЫСМАҒҰЛОВА.