РЕПОРТАЖ: «Тілсіз жауды» тұншықтырған… (+ФОТО)
Аtr.kz/28 сәуір, 2020 жыл. «Тілсіз жау» тұтқиылдан тап берген сәтте еске түсетін маман иелерінің карантин жағдайындағы тыныс-тіршілігі қалай өтуде? Осы орайда №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің жұмысымен танысып қайттық.
«Төтенше оқиға болма са да, өрт сөндірушілердің әр уақыты санаулы. Жұмыс кестесі тығыз. Жауынгерлер әрқашан сақадай-сай болуы керек. Біздің күнделікті өміріміз қарбаласқа толы десек те, артық емес. Тәулік бойы жаттығады. Ғимараттың ішінде де, сыртында да жедел-құтқару шараларына үздіксіз дайындаламыз. Бұған қоса, арнайы әзірліктен өткен жетекші офицерлердің дәрістерін тыңдап, теорияны практикамен ұштастырады. Өрт қауіпсіздігі ережелері мен тәлімдерін қайта-қайта пысықтап, техникалық құрал-жабдықтарды түгендеп тексеріп отырамыз» дейді бізді қарсы алған ТЖД «Өрт сөндіру және авариялық құтқару жұмыстары қызметі» ММ-нің №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің бастығының міндетін атқарушы , азаматтық қорғау подполковнигі Бауыржан Бекқожиев.
Карантин жарияланғаннан бері өрт сөндірушілер тәуліктік кезекшілік барысында күшейтілген режимде қызмет етуде екен. Қызметкерлер бақылау-өткізу пунктінде (КПП) дене қызуын
өлшеп, содан кейін ғана жұмысқа қосылады. Бүгінгі күні өрт сөндіру бөлімінде жұмыстың бетперделік режимі енгізілген. Барлық жеке құрамның дабылды чемодандары, киім-кешек қапшықтары, мақта-дәке таңғыштарымен және бір рет қолданылатын медициналық қолғаптармен толықтырылған.
Сондай-ақ, бөлімдегі жеке құрамға жабық үйжайларда бір мезгілде он адамнан аса жиналуына тыйым салынған. Сәлемдесу Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің жалпы әскери Жарғысының талаптарына сәйкес жүргізіледі. Мұнда да әскери тәртіп. Командирдің бұйрығымен кезекті ауысымға түскен жауынгерлер санитарлықдезинфекциялық жұмысты жүргізуді бастап кетті. Жалпы, коронавирус індетінің алдын алу бойынша залалсыздандыру жұмысы күніне екі рет жасалады. Бұл туралы бізге аталған бөлімнің командирі Уәлихан Оразғалиев айтып берді.
«Қызметкерлерге қызметтен тыс уақытта адамдар көп жиналатын орындарға бармау, бетперде тағу режимі мен жеке гигиеналық тазалықты қатаң сақтау бойынша санитарлық-түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Ал, жұмыс орнында бөлмелерді жиі желдетіп, қызметкерлердің дене температурасы күніне екі рет тексеріледі. Жеке құрам барлық қорғаныс құралдарымен толықтай
қамтылған» деп түсіндірді командир.
Жаттығу алаңында жүрген жауынгерлер арнайы белгіленген су қорының картасын тексеріп жүр екен. Жалпы, өрт бола қалған жағдайда жеткілікті су қоры болуы шарт. Ал, ең бастысы – жедел әрекет ету. Дабыл қағылғанда өрт сөндірушілердің мақсаты – оқиға орнына барынша тез жету. Ереже бойынша өрт сөндірушілер бұйрық түскеннен кейін 30 секундтың ішінде толық құраммен дайын болулары қажет. Ал мұндай шеберлікке тынымсыз жаттығулар ғана жеткізеді. Ол үшін өрт сөндіру бөлімінде заманауи жаттығу залы да бар.
«Кейбір тұрғын үйлердің кіреберісіне өрт сөндіру машинасының кіруіне жағдай жасалмаған. Ауладағы көлік иелері де машиналарын қалай болса солай қойып, жолымызға бөгет болады. Көшелердегі кептеліс те – көп кедергінің бірі» деген Бауыржан Бекқожиев жұмыс барысындағы өзекті мәселелерді де ортаға салды.
Сонымен қатар, облыстағы карантинге байланысты дабыл бойынша шыққан техникалардың барлығы дезинфекциялаудан өтеді. Өрт сөндірушілердің жауынгерлік киімдері мен жарақтары да міндетті түрде санитарлық нормалармен тазалауға жатады.
Майра ОРАЗҒАЛИЕВА